Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT “АЙТШЫ, АҚ ҚАЙЫҢ”

“АЙТШЫ, АҚ ҚАЙЫҢ”

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада танымал журналист, қарымды қаламгер Амандық Әбжанды еске алу кеші өтіп, “Айтшы, ақ қайың” атты кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың шығуына қаламгердің артында қалған ұлдары – Асхат пен Ақан ұйытқы болған екен.

Осы шараны жүргізген “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры – бас редакторы Жарасбай Сүлейменов атап көрсеткеніндей, өңіріміздегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағына айналып отырған “Солтүстік Қазақстан” газетінің ғасырға жуық шежіресінде әр жылдары редакцияда еңбек еткен ақиық ақын Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шаймерденов пен басқа да халқымыздың белгілі азаматтарының қолтаңбасы қалған. Осындай тарихы бар редакция Амандық Әбжанның да өмір мектебіне айналғанын айтқан Жарасбай Қабдоллаұлы оның өз жүрек қалауымен таңдап алған мамандығына адал, жауапкершілігі өте жоғары, жастарға ағалық ақылын айтып, көмегін беруден еш қажымайтын, еңбекқор, бесаспап журналист болғанын тілге тиек етті.

– Амандық Әбжанұлы болмысы бөлек азамат болды. Ол еңбек жолын бұрынғы “Ленин туының” қабырғасында бастап, облыстық партия комитетінде, одан кейін еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” жалғастырды. “Егемен Қазақстанда” қызмет істеген біздің елдің азаматтары көп емес, онда нағыз сайыпқырандар ғана еңбек етті. Амандық Әбжанұлының тез өсуіне, шығармашылық жағынан қалыптасуына сол кездегі редакциядағы ахуалдың да әсері мол болды. Ол кезде редакцияда Уәп Рақымжанов, Бақыт Мұстафин, Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов, Мәлік Мұқанов, Қайырбек Баймұқанов, Тұрысбек Кәдіров және басқа да танымал журналистер қызмет етті. Солардың арасынан суырылып шығу көп еңбекті, ізденісті талап етті. Ол мақалалары арқылы өңірімізге ғана емес, елге танылды. “Егемен Қазақстанда” қызмет ете жүріп, шығармашылық жағынан толысты, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.

– Амандық шығармашылығын, шабытын жерден де емес, көктен де емес, Есілден тапты. Ол өмірдің – өзен екенін тоғызыншы сыныпта оқып жүргенінде-ақ білді. Тіршіліктің көріністерін қағаз бетінде бейнелей алатын Амандықтай адамның журналистік жолға түспеуі мүмкін емес еді. “Ленин туы” газеті оның екінші үйіне айналды. Стилі жүрдек, сөйлемдері қысқа, жүйткітіп отырады. Ол асырып та, кем де жазбайтын. Амандықтың жазғанын ешкім түзете алмайтын, үстінен қол қойып жіберетін, – деді Қазақстанның құрметті журналисі Болат Қожахметов әріптесі әрі құрдасы жайлы.

Петропавл педагогика институтында оқып жүріп-ақ газеттің жастарға арналған бетін дайындаған Амандық Әбжан көп ұзамай “Ленин туы” газетіне жұмысқа қабылданып, жауапкершілігі зор партия тұрмысы бөлімінде еңбек еткен. Кейін редактордың екінші орынбасары ретінде насихат бөлімінде, облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған.

Кездесуге жиналған алдыңғы буын өкілі Болат Сағындықов пен Әбекеңнің замандастары Шұғайып Көшербаев, Серікбай Елемесов, Тұрар Оразалин, Шашубай Малдыбаев, Баян Баймұқанова, Әдия Ахметова айтқан Амандық Әбжанұлы мен оның зайыбы Роза туралы естеліктері жүрек тебірентті. Олар ерлі-зайыптылардың адамгершілік қасиеттеріне, адалдықтарына, ақкөңілділігімен қатар, сенгіш, кішіпейіл, үлкенге – құрмет, кішіге қамқор болғандарына тоқталды.

Амандық Әбжанұлының облыстық және республикалық басылымдарда жарық көрген мақалалары қоғамда пікір тудырып қана қоймай, қиын мәселелердің оң шешім табуына септігі тиіп, терең білімді, таным көкжиегі кең, жан-жақты азамат дүйім жұртқа сыйлы болғанын алға тартты.

– Еске алу – уайымның, реніштің емес, қуаныштың кеші. Әркімді еске алатын ұрпағы, жора-жолдасы, ағайын-туғаны болса, ол – үлкен бақыт. Бүгінгі кеш ол Әбекеңе көрсетіліп отырған құрмет, қошемет деп түсініңіздер, – деген Шашубай Ғалымұлы Амандық Әбжанның ұрпағын жалғайтын, есімін ешқашан өшірмейтін ұлдары Асхат пен Ақанға әкенің алдындағы перзенттік парызын өтеп, жазғанын жинап, кітап етіп шығарғандары үшін дүйім жұрттың алғысын жеткізді.

Жиын соңында Болат Сағындықов пен Шашубай Малдыбаев Амандық Әбжанның әңгімелері, пьесалары, аудармалары мен әзілдері енген “Айтшы, ақ қайың” кітабының тұсаукесер рәсімін жасады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Comments   

 
0 #1 Боташ 2018-05-16 06:17
Амандық Әбжанды еске алу кеші жақсы өтті. Жиналған адамның да қарасы қалың болды. Әңгімелер, аудармалар мен әзілдері басылған кітабы – көп жылғы еңбектің жемісі. Осындай игі шараны ұйымдастырған азаматтарға риза болдым. “Өлі разы болмай, тірі байымас” деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Бір сәт өмірден өткендерді де осылай еске алып, әдеби кештер өткізу шаралары алдағы уақытта да жалғасын тапса, құба-құп.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика