Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕР

ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕР

Бейбіт өмір, ашық аспан сыйлаған соғыс және еңбек ардагерлерін құрмет тұту – кейінгі ұрпақтың парызы. Солтүстікқазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен қаһармандығы жайлы ұмытылмайтын естеліктерді насихаттап, жас буынға патриоттық тәрбие беру мақсатында облыстық бейнелеу өнері мұражайында фотокөрме өтті. Алдыңғы толқын мен жас буынның басын бір арнаға тоғыстырған фотокөрменің өтуіне қалалық ардагерлер кеңесі мұрындық болды.

Тарихпен қайта қауыштырып, сонау зұлмат күндерді тағы бір еске салған көрмеге Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагерлер қозғалысының белсендісі, танымал фототілшісі Александр Коротковтың авторлық суреттері қойылды.

“Ұмытылмас ерлік” тақырыбы төңірегінде ұйымдастырылған фотокөрмеге автордың 1980-2017 жылдар аралығындағы Жеңіс күні мерекелерінде түсірілген 65 суреті қойылды.

– Фотокөрме арқылы қарт жауынгерлерге деген құрметімізді көрсеткіміз келеді. Мұндай шаралар әсіресе, жастар үшін қажет. Өкінішке қарай, суреттерде бейнеленген ардагерлердің көбі арамызда жоқ. Бірақ олар туралы естеліктер әрдайым жадымызда, – деді суреттердің авторы.

Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған көрмеде “Біздің әкелер мен аталардың мерекесі”, “Бұл ардагер соғыста аяғынан айырылған”, “Олар соғыс жолдарымен өтті”, “Жауынгерлердің жесірлері” деген тақырыптарда түсірілген суреттер көптің көңілінен шығып, сонау зұлмат күндерді тағы бір еске салғандай.

Бұл күні көрмені тамашалауға келгендер фотожурналистің суреттерімен қатар “Киев – 17” фотоаппаратын, ауыстырмалы объективтерді, “Репортер” фотопленкасын көруге мүмкіндік алды. Фотокөрме бір ай бойы жұртшылық назарында болады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика