Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЖЕҢІС – БАРШАҒА ОРТАҚ

ЖЕҢІС – БАРШАҒА ОРТАҚ

Сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен жауынгерлердің есімі мәңгілік ел есінде. Кескілескен ұрыстардағы майдангерлердің батылдығын насихаттап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында халықаралық патриоттық мото-авто шеру өтуде. Жеңістің 73 жылдығына арналған ауқымды жоба 7 мамыр күні Душанбе қаласынан басталды. Самарқан, Ташкент, Шымкент, Бішкек, Алматы, Балқаш, Қарағанды, Астана қалаларында болған шеру кеше Қызылжар шаһарына жетті. Шеруге қатысушылар “Мәңгілік алау” мемориалдық кешенінде болып, Ұлы Отан соғысы құрбандарының аруағына тағзым етті. Содан кейін Жеңіс саябағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

– Ұлы Отан соғысының оты шарпымаған отбасы жоқ шығар. Менің атам да ел басына қауіп төнген кезде қатарластарымен бірге майдан шебіне аттанған. Олардың ерлігін ұмытуға болмайды. Шеруге қатысуымның басты себебі де осы. Мұндай бастамалар, әсіресе, жастар үшін өте қажет. Маңызды шаралар арқылы тарихпен қауышып, халықтар бірлігі мен достығы арқасында қол жеткізген Жеңіс күні баршаға ортақ екенін тағы бір еске салады, – дейді шеруге қатысушы Серік Мырзахметов.

Алғаш рет өткізіліп отырған жобаға әр қаладағы мотоклубтардың мүшелері қосылып отырады. Осылайша, қатысушылардың саны күн санап қалыңдай түсуде. Бүгінге дейін шерушілер жолда ешбір қиындық көрмеген. Оларды барлық жерде құшақ жая қарсы алып, жан-жақты қолдау білдіруде. Ұйымдастырушылар әр қалада шығармашылық кештер өткізіп, соғыс кезіндегі әндерден концерт қояды. Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Әзірбайжан, Армения жерлерін басып өтетін шеру жайында алдағы уақытта деректі фильм жасау да жоспарға енгізілген.

Жоспар бойынша шеру алпыс бес қаланы қамтиды. Қырық сегіз күнге созылатын игі бастамаға қатысушылар 22 маусымда Брестке жетіп тоқтамақ.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика