Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT БІРЛІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕЙІК

БІРЛІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕЙІК

“Солтүстік Қазақстан” газетінің өткен санында жарияланған басылымның басшысы, белгілі жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовтің “Ұлттық намыстың жалауы” атты қалың оқырманға арнау сөзін оқып шығып, терең ойға қалдық. Бір ғасыр бойы теріскей тұрғындарының көзі, құлағы һәм тіліне баланған басылымның тиражының күрт төмендеуіне жол беріп, қарап отыруға болмайды. Бұл – ұлттық намысымызға сын.

Газет алғаш жарыққа шыққан күнінен бері қазақтың барын түгендеп, жоғын жоқтаумен келеді. Елдік, ұлттық мүдде, мемлекеттік тіл төңірегінде қалам тербемеген кезі сирек. Басылым тілшілерінің жарғақ құлақтары жастыққа тимей жазып, қоғамдық пікір тудыруының арқасында қазақ мектептері ашылып, елді мекендерге тарихи атаулары қайтарылды. Есімдері ел жадынан өше бастаған тұлғаларымыздың қайтадан тұғырына қонуына үлес қосты. Айта берсек, “Солтүстік Қазақстан” газеті себепкер болған игі істер саны өте көп.

Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Қызылжар өңірі тәуелсіздік алғаннан бері қазақыланып келеді. Қаракөздеріміздің саны өңір тұрғындарының 35 пайызынан асты. Қатарымыз қалыңдап, 200 мыңға жетіңкіреп қалған екен. Енді осыншама қауым отырып, жалғыз ұлттық газетімізді жетімсіретпейік, бірлігімізді көрсетейік.

Басылым жүз жылдық тарихында талай қиындықты бастан кешті, жабылып қалған кездері де болған. Бірақ ол кезде заман басқа, билік өзгенің қолында еді. Ал қазіргідей жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда бақуатты, бейбіт өмір кешіп отырып, қарашаңыраққа демеу болмасақ, қашан көмектеспекпіз?!

Құрметті жерлестер, “Солтүстік Қазақстан” газеті әрбір шаңырақтың төрінде тұмарымыздай болып жарқырап тұруы қажет. Газет оқырмандары көбейсе, басылымның алғашқы шығарушыларының бірі – ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың аруағы да бір разы болып қалар еді.

Қайролла МҰҚАНОВ,

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

Таңат СҮГІРБАЕВ,

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,

Ақжігіт САҒЫНДЫҚОВ,

Кенжетай БАЙКЕМЕЛҰЛЫ,

Жангелді ТӘЖИН,

Тоқтар ЗІКІРИН,

Біржан ШАЙМЕРДЕНОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика