Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT НАМЫСЫҢ БОЛСА, “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА” ЖАЗЫЛ!

НАМЫСЫҢ БОЛСА, “СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА” ЖАЗЫЛ!

Бүгін қолыма қалам алып, газетке мақала жазуыма маңызды себеп түрткі болды. Менің айтпағым – әдеттегі тарих, өлкетану, әлеуметтік-саяси мәселелер емес, өзіміздің “Солтүстік Қазақстанның” жағдайы. Сонау 1920 жылы қазақтарды теңдікке, азаттыққа шақырып, туған жердің бір түйір топырағына дейін құрметтеп, сақтай білуге үндеген, қазақтың тілі мен салт-дәстүрлерін білуге, жаңа заман жаңа ғасырда қазақтық бейнемізден айырылып қалмауды басты ұранына айналдырған “Кедей сөзі” еді ғой бұл! Азамат соғысы жылдарында, ашаршылық кезінде “Қазақты сақтайық!” деген Мағжан ақын бар даусымен шырылдап: “Бүліншілікке араласпа, қазақтың тәуелсіздігін жақта!” деп жар салған “Бостандық туы” еді ғой бұл! Хрущевтің заманында жабылып қалып, қайта тірілген, Солтүстіктің қазағы жылап көріскен “Ленин туы” емес пе?!

Тәуелсіздік алған бетте-ақ “ата-баба тарихы, тіл мен дін, салт-дәстүр, қара орман қазақ жерінің құнарын шашпай, ұрпақтарға мұра етейік, қазақтың жігіттері өз жеріне егін салып, халқын жүдетпей асырасын!” деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен осы “Солтүстік Қазақстанның” журналистері емес пе?!

Енді, міне, кеше ғана біліп отырмын, өмір бойы 5 мыңнан, кейінгі ширек ғасырда 7 мыңнан кемімеген сүйікті газетіміздің таралымы азайып қалыпты. Не себепті? Газетке жазылатын 5-10 теңгені үнем көріп жүрміз бе? Кеңес заманында да “Әр қазақтың шаңырағына – бір қазақ газеті” деген үгіт жүруші еді ғой. Және сол орындалатын. Енді, сол заманды аңсаймыз ба?

“Солтүстік Қазақстанды” бір қарап шықпаса, ас батпайтын ұлдарым мен қыздарым қайда? Бәріңді “Солтүстік Қазақстанға” жазылуға шақырамын. Бұл “Тәуелсіздігім не болады? Тілімізді сыйламасақ, ұрпағымыз не болады”, деген уайым. “Мен қазақпын” деген намыс!

Қазақ газетінің таралымы – азаматтығымызға сын. Алдымен, ақсақалдар, сендерге айтамын, адал зейнетақың ғой, соны адал газетіңе жазылудан аямашы. Одан кейін кәсіпкер бауырлар. Көбіңді білемін. “Солтүстікке” жазылсаң, тағы бір сауапты ісің. Зиялы қауым, мемлекеттік қызметкерлер, қайдасың? Сендердің нан тауып жүргендерің – осы қазақ тілінің арқасы екенін есіңе алсаңшы. Қазақша білгендіктен, әкім, прокурор, полиция, қызметкер болып жүрсіңдер. Осыны өзің біліп, жолдас-жораңа айт, “Солтүстік Қазақстанға”, “Қызылжар нұрына” жазылайық деп бастама көтер. Бұл – сенің Отан алдындағы борышың. Намысты болыңдар, бауырлар!

Ораза айында облысымызда шығатын айналдырған екі қазақ газетіне жазылу да имандылықтың бір белгісі. Қазақпын деп кеуде кере сөйлейік, қазақ газетіне жазылайық!

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика