Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT БАБАЛАР ӨМІРІ — ЕРЛІК МЕКТЕБІ

БАБАЛАР ӨМІРІ — ЕРЛІК МЕКТЕБІ

Облысымыздың тумасы, Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың өңіріміздің тарихын терең білетін азаматтарымыздың көмегімен жас ұрпаққа берері мол құнды еңбегі – “Ер есімі ел есінде” деген кітабы көпшілікке жол тартқанына біраз жыл болды. Осы кітапқа енген ауданымыздың үш азаматы тікелей біздің аталарымыз болғандықтан, ардақты арыстарымыз жайында көзкөргендердің естеліктерімен, аңыз-әңгімелерімен бөлісуді жөн көрдік.

Кітапта осы елдің туын ұстаған атақты Аңдықожа батыр туралы мағлұмат бар. Батыр атамыз 1672 жылы ауданымыздың “Үшқызыл” ұжымшарының шығыс жағында 3-4 шақырым жердегі “Қаршыға ұстаған” деген қамыс бауырында дүниеге келіп, 1752 жылы осы күнгі Ақмола облысы Бурабай ауданында дүниеден өткен екен.

Биыл ер түріктің бесігі атанған киелі Түркістан шаһарына бір күн аялдап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, батыр бабамыздың басына Құран бағыштаған болатынмын. Кесенеде өңіріміздің ержүрек екі батыры жерленіпті. От ауызды Шал ақынның әкесі Құлеке батыр 89-шы және Аңдықожа бабамыз 88-ші нөмірмен белгіленіп, ардақтылардың арасынан мәңгілік мекенін тауыпты.

Кітапта жазылған мәліметтерге сүйенсек, Абылайды 1740 жылы Орта жүзге хан етіп сайлағанда, Аңдықожа 40 сарбазымен ханды осы күнгі Сарыбай ауылының сыртынан қарсы алып, бір жарым ай бойы қасына еріп жүріпті. Сондай-ақ, Ұлытау ауданындағы Бұланты өзенінің бойындағы 1726 жылғы соғыста қазақтың бас қолбасшысы Бөгенбай батыр Аңдықожа батырға қазақ жасақтарының оң қанатын сеніп тапсырғаны туралы дерек бар. Ол өзі басқарған Атығай-Қарауыл сарбаздарымен және Орта жүздің басқа да руларының жауынгерлерімен бірге жауды тас-талқан етіп, көзге түскен. Міне, дәл сол жолы атақты Бөгенбай батыр: “Андеке, өзіңе разылығым бұрыннан бар. Бұл жолғы жаужүректілігіңе ризашылығым ерекше”, – деген екен. Аңдықожа батырдың Бөгенбайдан он жастай үлкендігі бар. Содан болар, батырлардың сыйластықтары ерекше болған деседі.

Бабамыздың жұлдызды шағы 1730 жылы орын алған Балқаш көлінің маңындағы Аңырақай шайқасымен тұспа-тұс келеді. Бұл қазақтың үш жүзін қосқан әскерге Әбілқайыр хан, Бөгенбай батыр басшылық еткен кескілескен ұрыс болатын. Кенеттен сырттан шапқан жаумен соғыста Аңдықожаның сарбаздары шешуші рөл атқарған. Шайқасты көзімен көріп, жоғары бағалаған Абылай хан 1740 жылдың аяқ кезінде Аңдықожаны жанына көшіріп алып, алдына мал салып, жер бөліп берген екен.

Бала кезімде, яғни 58-60-шы жылдары Аралағаш елінде Сәлімбек деген ұстазымыз болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен бізге сабақ берген Сәлімбек ағай да тікелей Аңдықожа батырдың ұрпағы болып саналады. Сол кездері бабасы туралы айтқан әңгімелері толық есте қалмапты. Ұстазымыздың айтуынша, ерекше ірі денелі батырдың қасқыр алатын қара ала бүркіті мен белі мықты қара айғыры болғаны ғана еміс-еміс есінде қалған.

Екінші батыр бабамыз – Баубек Есенбайұлы 1700 жылдары осы маңда туып, 1770 жылы дүниеден өткен. Өкінішке қарай, бұл бабамыз жайында көп мағлұмат жоқ. Өз заманында қолбасшылығына риза болған Абылай хан күзде өтетін ұлы құрылтайға қатысып, өңір атынан дауысқа түскен Баубекке дауыс берген деседі. Ол башқұрттың ірі батыры Қараманмен дос болып, үлкен шайқастарға бірге қатысқан. Бірақ Баубек басшы болғанда, қалғандары қосшы болған деген дерек бар. Оған дәлел, үлкен соғысқа аттанар алдында Қараман әскерімен Баубекке келсе, қарттық шалған бабамыз ауырып қалыпты. Сонда Қараман: “Аға, енді мына соғысқа бізді кім бастап барады?” – дегенде, батыр Баубек ұлы Жансүгірді атап, одан үлкен үміт күткен екен.

Жансүгір бабамыздың есімі орыс-қазақ мұрағаттарында алтын әріппен жазылып қалған. Мазары осы күнгі Көкшетау – Қызылжар тасжолының бойындағы Аралағаш ауылынан 4-5 шақырым жердегі Тереңкөлдің дөңінде жатыр.

Жансүгірдің өмір сүрген кезеңі аға сұлтан, би, болыстар тарих сахнасына шығып, ел билігін қолға алған кезбен тұспа-тұс келеді. Алғаш рет Жылғара Байтоқин 1826 жылы аға сұлтан болғанда, атығай Жансүгірден батасын алғаны туралы да дерек бар. Көнекөз қариялардың әңгімесіне құлақ салсақ, алып күш иесінің көріпкелдігі болған деседі. Елдің алдағы жағдайын, тіпті, жаудың қанша әскері барын алдын ала біліп отырған.

Бабамыз туралы жайды орталық, оңтүстік өңір халқы көп біледі екен. Сонау 50-60-шы жылдары атам Жауке елге көшіп келгенде, Жансүгірдің көп ерліктерін сол жақтың халқынан естігенін айтқан болатын. Бұл бабамыздың өмірін зерттеген адамға бір кітапқа жүк болатын мағлұматтар табуға болады. Қартайған шағында әділ төрелігін айтып, халықтың бай-бақуатты өмір сүруіне өз ықпалын тигізген екен.

Кейбір құжат деректеріне зер салсақ, бабамыздың туғанына биыл 250 жыл болады. Осыған байланысты аудан басшылары, жалпы өңір жұртшылығы “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, көп насихатталмай келе жатқан бабамыздың басын көтеріп, жастарға тәрбиелік мәні өте зор, игілікті істі атқарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Сансызбай ЖҰМАБЕК,

өлкетанушы.

Аққайың ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика