Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ӨНЕРПАЗ ӨРЕН

ӨНЕРПАЗ ӨРЕН

Тайынша қаласының тұрғыны Әмина Жапар – өнерімен өрге жүзген жас дарын. Ол – “Есіл жұлдыздары”, “Салют победы”, “Таңғы шұғыла” атты байқаулардың жеңімпазы. Былтыр “Аялаған Астана – 2017” V республикалық телевизиялық байқауының бас жүлдегері атанды. Кейін Ресейдің Ялта қаласында еліміздің намысын қорғаған жас әнші дүйім жұртты тәнті етіп, “Көрермендер көзайымы” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Өнер әлеміне қанат қаққан қарлығашпен сұхбаттасып, оның алдағы жоспарлары жайында білдік.

– “Аялаған Астана – 2017” дүбірлі додасында сен өзіңнің талантыңмен көптің жүрегін жаулап алдың. Сенің ән әлеміне деген қызығушылығың неден пайда болғанын білгісі келетін оқырмандарымыз бар, неше жасыңнан ән шырқай бастадың?

– Өнерге деген құштарлығым анамның ақ сүтімен, әжемнің мейірімімен, әкемнің ыстық ықыласымен берілген табиғи қабілет деп ойлаймын. Оны бала кезімде байқаған әке-шешем үш жасымнан бастап ән айтып, сахнаға шығуыма көмектесті. Ал кәсіби деңгейде алты жасымнан айналыса бастадым. Сахнаға шыққан сәттен бастап, барлық жағдайымды жасап жүрген жаныма жақын адамдарға айтар алғысым шексіз. Әсіресе, анам үнемі бірге жүреді. Ол шамшырағым сияқты. Қашанда ақылымен аялап, бағыт-бағдар беріп, оқуымды жақсы оқып, өнерімді ұштау үшін аянбай еңбек етіп жүр. Мен әрдайым түрлі сайыстарға қатысқанда, сахнаға маңдайымнан сүйіп, батасын беріп шығарып салатын да, құшақ жая қарсы алып, бауырына басатын да – анашым.

– Бүгінде ән де, әнші де көп. Олардың бірі ұлттық өнерді насихаттаса, екіншілері эстрадалық әндерді орындайды. Ал сенің бағытың қандай?

– Жүректен шыққан ән ғана жүрекке жетеді. Бұл – менің ата-анам мен ұстазым Вера Погорелованың үнемі құлағыма құйып отыратын ақылы. Мен өзім эстрада жанрын ұнатамын. Көбіне патриоттық тақырыптағы әндерді орындаймын. Өйткені, олардың маңызы зор. Осындай жолмен өзімнің Отаныма, туған жеріме деген сүйіспеншілігімді жеткізгім келеді.

– Қазір сен Тайынша қаласындағы №1 мектепте бесінші сыныпта оқиды екенсің. Ән салып, гастрольдық сапарларда жүру сабаққа кедергі келтірмей ме?

– Мүлдем қиын емес. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырып отырады. Өнерімді кәсіби деңгейде дамыта түсу үшін вокал мектебін тамамдадым, қазір фортепьяно аспабын меңгерудемін. Жақында Әлия Назарбаеваның “Жандану әлемі” қорының бірегей жобасы ұлттық “Бала дауысы” балалар ән байқауының үшінші маусымына үміткерлер арасында таңдау өтті. Алматы қаласына барып, қатысып, сынақтан сүрінбей өттім. Қазір қызу дайындық үстіндемін.

Өзіме қоятын ең басты талабым – болашақта өнер жолында өз орнымды табу үшін талмай еңбек ету. Сонымен қатар ән айтумен ғана шектеліп қалмай, заманға сай білім алып, ата-анамның, отбасымның үмітін ақтағым келеді. Ана тілімде әндер айтқанда, жүрегім ерекше толқып, жан дүнием сырлы сезімге бөленетінін мақтанышпен бөліскім келеді. Сондай-ақ, француз, орыс, ағылшын, украин тілдерінде орындайтын әндерім көп. Менің болашағым әлі алда, сондықтан да келешекте тағы да бірнеше тілді меңгеріп алсам деген ойым бар.

– Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында өңіріміздің намысын қолдан бермей, жеңіске қол жеткізген кезде “Мен бұл әнді 2 жасар сіңлім Яминаға арнадым. Ол науқастанып жатыр”, – деген сенің бауырыңа деген жанашырлығыңа көпшілік разы болған еді. Қазір Яминаның денсаулығы қалай?

– Мен көпбалалы отбасында туып-өстім. Соңымнан ерген үш сіңлім – менің ең жақын құрбыларым. Тәтті қылықтарымен жаныңды баурап алатын осындай бауырларымның барына қуанамын. Дұрыс айтасыз, сол жолы байқауда жеңіске қол жеткізген әнді мен сіңліме арнағанмын. Ол ауырған кезде қолымнан келгені – әнмен демеу болу. Сондықтан да түнерген бұлтты түріп тастап, шабыт шақырып, әсем әніммен оның өмірге деген құштарлығын оятқым келгені рас. Қазір сіңлімнің денсаулығы жақсарып келеді. Ең бастысы, ол аяғын басты. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.

– “Бала дауысы” Ұлттық жобасы жайында кеңірек айтып өтсең.

– Елімізде балалар арасында өтетін ең ауқымды ән байқауы – мен үшін өнерімді көрсетуге жол ашатын үлкен мүмкіндік. Өйткені, байқаудың мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету, болашақта олардың қабілеттерін дамытуға көмектесу. Сондықтан сәтін салса, облысымыздың намысын қорғап, жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамын. Барлығы жеті кезең бойынша сынға түсеміз. Байқаудың қорытындысы 8 желтоқсанда Астана қаласының “Қазақстан” орталық концерт залында өтеді. Байқаудың барлық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды. Байқау кезінде қызылжарлықтар мені қолдайды деп үміттенемін.

Сұхбаттасқан

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика