Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚАЗАҚ АФОРИЗМДЕРІ

ҚАЗАҚ АФОРИЗМДЕРІ

“Ерлік жасағанның атасын сұрап ала алмас болар” деп ұлы скиф философы Тоқсары айтпақшы, жанкешті еңбек етіп, қазақта да ақыл-ой алыптары аз емес екенін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, еліміздегі тұңғыш рәмізтанушы, марқұм Ербол Шаймерденұлы жан-жақты зерделей келіп, “Қазақ афоризмдері” антологиясын халықтың рухани қазынасына әкеліп қосқан болатын.

Бұрын аз ғана таралыммен шыққан кітап жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында Астанадағы “Фолиант” баспасынан бес мың данамен жарық көрді. Бұрындары өзге ел жақсыларының афоризмдерін өзімізге үлгі етсек, ендігі жерде қазақ афоризмдерін олар да білуі тиіс. Бұл арқылы ұлтымыздың ақыл-ой иелерін танытып, Гиппократ айтқан өнердің мәңгілік екенін дәйектей түсеміз. Бұл кітапта 78 ой иесінің ой-толғамдары тақырыптарға бөлініп, топтастырылып берілген. Оған мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен қара өлең үлгілері, халық жырлары және жылнама жолдарынан, айтыстардан, ән мәтіндерінен алынған нақылдар бар.

Кітаптың бірінші бөліміне ойшылдардың дана сөздері, яғни біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан бастап қазіргі XXI ғасыр аралығында өмір сүрген ғұламалардың дана ойлары топтастырылған. Бағзы заманнан бүгінге дейінгі жаратылысы жақсылар қатарында Тоныкөк, Білге, Күлтегін, Қорқыт, әл-Фараби, Майқы, Асанқайғы, Қазтуған, Әйтеке, Төле, Қазыбек, Сүйінбай, Шоқан, Абай бәрі де бар.

Екінші бөлім – “Ақылнама” деп аталып, онда мақал-мәтелдердегі, қара өлеңдердегі, эпостық жырлардағы, би-шешен сөздеріндегі, жыраулар жырындағы, айтыс айшықтарындағы, ән мәтіндеріндегі жауһарлардан тұрады. Қыруар кітап оқып, одан маржан сүзгендей етіп таңдап алу да авторға оңай болмағаны анық. Бұл тұрғыдан келгенде оның еңбегі өлшеусіз екені сөзсіз. Кітап соңында ақыл-ой данышпандары, парасат иелері, пайдаланған әдебиеттер туралы анықтамалар да тайға таңба басқандай етіп берілген. Бұл да автордың ыждағаттылығын, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. “Азамат жолы – ар жолы” депті Бауыржан Момышұлы. Ендеше, “Қазақ афоризмдері” атты бұл кітап та Ербол Шаймерденұлының ар жолындағы артына қалдырған азаматтық ісі, өлмес мұрасы, өшпес ізі деп білеміз. “Афористика – даналық дарағы. Ұшқыр ойды көркем образға айналдыру өнері. Даналықтың бір құпиясы осы өнерде жатса керек. Даналық дарағының асыл дәнегінен нәр алып, астарлы да ажарлы ой бұлағының әбілхаят нұрынан құмар қандыру қашан да жаныңды байытып, жігеріңді жаниды. Өмірге деген көзқарасыңды қалыптастыруға көмектеседі. Күрмеуі көп тіршілік құпияларын танып-білуге көмектеседі. Беріден салғанда – ата-бабаның, әріден алғанда – адамзат баласының жер бетінде өмір сүру тәжірибесінің қыр-сырларын көңіл көзінің алдынан өткізеді. Тарих төріндегі талай марқасқа бабалардың ғана емес, заманы бірталай заңғарлардың ойына ортақтасады. Әлдебір сәттерде, әлдебір себептермен қиналып, жабырқаған кездеріңде жан серігіңе, рухани демеушіңе айналады”, – деп жазылған кітаптың алғы сөзінде.

Тұңғыш рет қазақ ой қазынасының бағзы замандардан бүгінге дейінгі әр алуан үлгілерін жинақтаған “Қазақ афоризмдері” кітабы мәдениеттанушылар мен әдебиетшілерге, этнографтар мен философтарға, саясаттанушыларға, жалпы алғанда зиялы қауым өкілдері мен жастарға, далалық өркениет болмысын барынша жан-жақты танып білгісі келетін, терең ой мен сұлу сөзге ынтық оқырманға арналған.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика