Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT “МЕН ҚАЗАҚПЫН” – АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢ

“МЕН ҚАЗАҚПЫН” – АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢ

Шалғай елді мекендер мен ауылдарды аралап, талантты әнші, термеші, күйшілерді анықтап, ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатын көздейтін “Мен қазақпын” мега жобасының аудандық іріктеу деңгейі қорытындыланды. Оның нәтижесімен орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында “Qyzyljar” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық таныстырды. Баспасөз мәслихаты аудандық іріктеу турының өту барысынан хабардар ететін бейнероликтен басталды.

Байқаудың ережесі “Qazaqstan” телеарнасының сайтында, корпорацияның медиақұрлымдарына тиесілі барлық телерадиоарналарда және әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Оған сәйкес, әр қатысушыға 3-5 минут уақыт берілді. Үміткерлерге бірін-бірі қайталамай, сирек айтылып жүрген шығармаларды орындау талабы қойылды.

– “Qazaqstan” ұлттық корпорациясы биыл бұл мега жобаны жандандырып отыр. Ал мега жоба деуіміздің себебі – ол тек елімізде ғана емес, шет елдердегі қандастарымыздың арасында жоғары беделге ие. Биылғы жобаның аудандық іріктеу кезеңіне 46 үміткер қатысып, 24-і облыстық кезеңге жолдама алды, – деді Ерлан Тоқшылық.

Үміткерлердің өнерін бағалап, үздіктерін іріктеу үшін арнайы қазылар алқасы құрылған. Қазылар алқасының мүшесі, дәстүрлі әнші Жанат Айтбаев іріктеу барысында үміткерлердің кәсіби шеберлігіне ерекше назар аударғандарын айтты. Яғни, республикалық кезеңде өңіріміздің намысын қорғайтын өнерпаздар кез келген сынақ пен тапсырмаға дайын болуы тиіс. Осы орайда, Ерлан Тоқшылық облыстық білім және мәдениет басқармаларымен ақылдасып, алдағы уақытта аудандық жерлерде кәсіби мамандарды тәрбиелеу мәселесі жайлы жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жазылған пікірлердің нәтижесі бойынша, болашақта өңір деңгейінде осы тектес жобаларды ұйымдастыруды да қолға алмақ.

Аймақтардағы іріктеу турлары мен оның қатысушылары, жеңімпаздары туралы ақпарат және жалпы байқаудың өту барысы “Qazaqstan” ұлттық арнасы мен аймақтық филиалдарында беріліп отырды. Ал мега жобаның күнделігі әр аптаның жұма күндері “Qyzyljar” арнасынан көрсетіліп жүр.

Жобаның облыстық іріктеу кезеңі 20 маусым күні қалалық Мәдениет үйінде өтеді. Онда өңіріміздің үздік әнші, термеші және күйшісі анықталып, республикалық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары “Жылдың үздік дәстүрлі әншісі”, “Жылдың үздік термешісі”, “Жылдың үздік күйшісі” аталымдары бойынша марапатталады. Сонымен қатар “Көрермен көзайымы – 2018” аталымына ие болған өнерпазға да бағалы сыйлық табысталады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика