Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT АТАЖҰРТЫМ — ҮЛГІЛІ

АТАЖҰРТЫМ — ҮЛГІЛІ

Атамыз қазақ “Балаң өскенше, немерең басың жерге жеткенше” деп текке айтпаса керек. Оның арғы жағында ұрпақ сабақтастығымен қоса ататектің атын жоғалтпай одан әрі жалғастырар тұтас әулеттің ғұмырбаяны тізіліп тұрғаны анық. Осыдан үш жыл бұрын немереміз Сұлтан дүние есігін ашып, іңгәлаған үні естілгенде ат шаптырып той жасамасақ та, ағайын-туғанның, құда-жекжаттың басын қосып, төбеміз көкке жеткендей қуанған едік.

“Туған ай – тураған ет” демекші, атқан оқтай, шапқан аттай жүрдек уақыт та сырғып өте шығып, кеше ғана шаранасына оранып жатқан құлыншақ аяғын апыл-тапыл басып, бал тілін қызықтайтын дәрежеге де жетіп қалды. Қазақтың ырымымен атажұртқа, кіндік кесіп, көк шалғынды белуардан кешіп, жалаңаяқ алаңсыз асыр салған туған жерге апарып, түгін тартса, майы шығатын топыраққа аунатып қайту көптен бері ойда жүргенімен, қым-қуыт, күйбің тірліктің қамытынан босай алмағанымызды несіне жасырайын?!.

Ата-бабаның аруағы қолдады ма екен, биылғы Жеңіс мерекесі күндері ауылға жолымыз түсті. Отбасымыз, құда-құдағилар, ұл-келініміз, немерелеріміз бар, соғыс ардагері – әкеміздің басына зиярат жасауға Қызылжардан “шу, қарақұйрық!” деп Ақмола облысы Зеренді ауданындағы туған ауылым – Үлгіліге тартып кеттік.

Жаһандану үрдісі, нарық заманы төрткіл дүниені қанша жерден буындырса да, әлі қазақи қалпынан ажырай қоймаған ауылдағы іні-бауырларым, ағайын-туыстарым ашық көңіл риясыз сезіммен, шын пейілмен құшақ жая қарсы алды. Ауа райы реңін бермей, аспанда қазбауыр бұлттар жөңкіліп, құралай салқынына кез болыппыз. Осы кезде киіктер жаппай лақтап, төлдері салқынмен тез аяқтанып кететін көрінеді. Ағайынның алабөтен ықыласы мен пейілі табиғаттың тоң-терісін жібітіп жібергендей болды.

“Әне-әне, Сұлтанжан”, – деймін сонау алыстан мұнартып көрінген көгілдір тау – Жыландыны нұсқап.

Басынан Жыландының құлағаным,

Кекілін Кербестінің сылағаным.

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құз-жартасты жылағаным, – деп, Балқадишаға өлмес ән, жыр арнаған шерлі, шерменде Ақанның ғашықтығына бірден-бір куәгер осы тау. Таудың ұшар басына (теңіз деңгейінен 650 метр биік) шықсаң, көз жеткісіз айнала қалың орманға, көк майсаға жалғасып кете береді. Көлдер бетінде сағым ойнап, ерекше көз тартады. Таудың шығыс жағында, көгілдір орманның ортасында – Зерен көлі. Оңтүстікке қарай балығы тайдай тулаған – Құмды көлі, батыс жағында Имантаудың етегіне жапсарлас осы аттас көл мен Әлжан ауылының суы қаймақтай Ақкөлі жарқырап жатыр. “Міне, биіктік деген осы, құлыным. Атаң үшін бұл тау – әлемдегі ең биік тау. Әркімнің өз шығар биігі болады. Лайым, соған шаршамай, шалдықпай жетуіңе тілектеспін. Сенің өмір жолың енді басталды. Алда небір асулар мен белестер күтіп тұр”.

Тауды тесіп, сылдырай аққан бұлақ, түгі жапырылмаған көк балауса құрақ, шиесі мен қарақаты, таңқурайы, қоңыр күзде жерге төгілген жемісі, аспанға бой созған ақ балтырлы қайыңдары мен қысы-жазы жап-жасыл қарағайлары, бәрі-бәрі туған жер деген ұлы ұғымды әйгілеп, аясына сыйып кеткендей... Етекке түскен соң суы балдай, тұма бұлақ-бастауы Мұздыбұлаққа еріксіз аялдайсың. Жылдың қай мезгілі болса да, суықтығы сондай, қол-аяғыңды малсаң, маңдайыңнан мұздай тер бұрқ ете қалады. Мүлгіген тыныштық. Бейнебір табиғат балбырап, ұйқы құшағына шомылғандай. Аптап ыстықта ауыл балаларымен шие-қарақат теріп келе жатып, осы бұлақтың суын етпетімізден жата қалып, ұрттап-ұрттап ішуші едік. Осы ғұмырымда қанша ел мен жерді араласам да, дәл сондай шөл қандыратын ерекше дәмі бар суды ішпеппін...

“Міне, біздің ауыл! Сенің бабаларың, аталарың мекен еткен Үлгілі ауылы осы. Анау жылтырап аққан су – Қылшақты (Қылды) өзенінің бастауы. Осы жерден үш-төрт шақырым жерден басталып, жолшыбай бұлақтар қосылып, өзен арнасы кеңіп, әрі қарай ағысын тоқтатпай, екі сағасына құнар, нәр беріп, Көкшетаудың Қопа көліне құяды. Орта жүздің Қарауыл руының Қылды Қарауыл елі – сенің бабаларың осы өзенді жағалай қонған. Сен де, немерем, солардың ұрпағысың, бүгін алғаш рет қадам басып тұрсың, құлыным. Аунап ал туған жердің топырағына. Анау ауылға кіре бергенде жап-жасыл болып тұрған – Қауқарағай. Өзіміз тау дейміз. Тасты жарып өскен қарағайлар аспанға қарай шаншылады. Осы қалың қарағайдың ішінде ғана сүйір жидек өседі. Далада өсетін жидектерден дәмі де ерекше. Уыстап жейтінбіз бала кезімізде”.

Мына күдірейіп тұрған аралас орман атына заты сай Жал ағашы делінеді. Қарағай, қайың, көктерек аралас. Іші тұнып тұрған жеміс-жидек, шиенің, қарақаттың, бүлдірген мен жидектердің дәмі тіл үйіреді. Ауыл балалары жаз бойы ішін тынбай аралап, жеміс-жидек теретінбіз. Шешелеріміз бәрінен т осап жасайтын. Орманның қойнауында аң-құстар жыртылып айырылатын. Елік дейсің бе, қабандар, түлкі мен қояндар, қара құрлар мен саңырау құрлар ма бәрі өріп жүретін. Ауылға кіреберістегі Сайағашты ұмытып кетіппін ғой. Сайлы, сызды жерде өскен шоқ қайыңдар аптап ыстықта мал мен жанға нағыз сая. Аталарымыз осы жердің көкпеңбек шөбін қолшалғымен шауып әкелетін. Хош иісі бұрқырап, танауды қытықтайтын.

“Ертең сені, Сұлтаным менің, Жыландының сыртындағы аталарымыздан қалған шабындыққа апарамын. Ол жерде атаң алғаш рет шалғы салып, үлкен ағаларым Бекжасар, Сайлау, інілерім Қайырбек, Орал, Асқар, Қанағатпен бірге бір қыстың шөбін дайындайтынбыз. Оны жергілікті тұрғындар Өгізбай шабындығы дейді. Сенің де, Сұлтанжан, қолыңа шалғы ұстатамыз”.

Шабындықтан әрі қалың жынысты Қызыл орманы Зерендіге, әрі қарай Бурабайға дейін тұтасып жатады.

Жыландыны, Қауқарағайды жанай өтіп, Қараөткелге барамыз. Жыраны кесіп өтіп, қалың орманның ішімен, орманшылардың бекетін басып, мыңдаған бұлақтардан құралған атақты Жаманкөл шабындығына жетеміз. Бұл көлдің көкорай шалғыны маңайындағы бірнеше елдің малына азық болатын.

“Қой немерем, біз қыдыруға келген жоқпыз ғой. Ертең ұлы атаң Балташтың, басқа да ағайын-туыстардың басына барып, зиярат жасап, Құран оқытайық. Сосын сен әжең өзіңе деп атаған тайға мініп, өзіңе деп сақтаған сүр етін жейсің, шөбересіне деген асығын мүжисің. Жеңгеңнің тіл үйірген саумал қымызын ішіп, балқаймағынан ауыз тиесің.

Мына қорымда сенің ұлы аталарың – Самай, Матақай, Ыбырай, Балтабек (Балташ) жатыр. Осы өңірдің әр тауы мен тасында бабаларыңның табанының табы бар. Келе ғой, құлыным, тізерлей отырып, қолыңды жай. Атаң, жуырда ғана үйренген “Құлқуалласын” оқып жіберсін, бабаларыңның аруағы Ғайыперен қырық шілтендей өзіңді, үрім-бұтақтарыңды қолдап-қорғап, жебеп жүре берсін, мына жалған дүниеде. Ана жерде, әжелерің, нағашы әжелерің, нағашыларың жатыр. Мына жерде, аталас ет жақын ағайындар жатыр.

Жүр, ботам, мен саған Жыландының етегіндегі Бесқарағайды көрсетейін. Бесқарағай – бес ағаш әлі күнге дейін өсіп тұр. Тамырын тереңге жайып жатқан осы ағаштардың арасында сенің ұлы бабаң Ыбырай атаның жұрты бар. Осы жұрттың орнындағы үйге ұлы атаң Балташ 1949 жылы соғыстан кеудесі ордендер мен медальдарға толып оралған. Ұлы әжеміз Сақыпжамал (Сақыш) әкемізді бірден он жеті жастағы ару анамыз Қалимаға үйлендірген жұрт бұл. Осы жерден өсіп-өрбігенбіз, құлыным сол.

Арманның жетегінде атқа қонып, атаң Қонысбек те осы жерден әскерге аттанған – Германия демократиялық республикасына, ұлы атаң Балташтың майданда болған жеріне. Осы жерден арман қуып, қимай-қимай қоштасып, оқуға аттанып, атаң жан-жары, сенің әжең Зәуремен қол ұстасып, өмір атты өзенге құлаш ұрған. Сыртта туып, туған жерден шалғайда жүрсе де, сенің әке-шешең Серік пен Заринаның жиі келіп, аунап-қунап, бойларына күш-қуат жинап кететін жері бұл. Ертең сен ержетіп, ат жалын тартқан кезде де келіп жүреміз, құлыным менің. Үлкен сапарға аттанарда осы елге келіп, осы ауылдың “аузы дуалы, сөздері уәлі” қарияларының бата-тілектерін аласың. “Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас” деген сөз осындайда айтылады”.

Әзірше осы, немерем, әлі атаңмен, ағаларыңмен ауылдың сай-саласын, тау-тастарын талай араларсың, өзің де келіп-кетіп жүрерсің. Қой енді, Қызылжарымызға қайтайық. Ұлы әжеңе шөбересінің, яғни өз қолыңнан су ішкізіп, жолға шығайық.

Қонысбек ЫБЫРАЕВ,

прокуратура саласының құрметті қызметкері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика