Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT МҰРАЖАЙ — РУХАНИ ОРДА

МҰРАЖАЙ — РУХАНИ ОРДА

Осыдан он жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен облыс орталығында “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені ашылды. Осынау он жылдың ішінде мұражайда талай рухани-танымдық шара өтті. Мыңдаған адам келіп, Абылайдың ақ үйін тамашалады. Облыс тұрғындарын айтпағанда, өзге өңірлерден келгендер мен шетелдік қонақтарды таңдай қақтырған тарихи орын көпшіліктің көзайымына айналып отыр. Тарих пен мәдениеттің ордасы жанды жадыратып, таным көкжиегін кеңейтеді.

Алыстан менмұндалап тұрған мұражай мәдениет саласындағы жаңашылдықтарды да жатсынбай, уақыт көшімен алға жылжуда. Адамдарға қызмет көрсететіндіктен, біз де заман ағымына сай жаңа мәдени форматта жұмыс істеуге тиіспіз. Қазір мәдениет саласында да оң өзгерістер бар. Ғаламтор дейтін шексіз кеңістік мұражай жұмысының тиімділігін арттыруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы – түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды бағдарлама. Осынау тарихи маңызы зор құжат руханиятқа серпіліс әкеліп, мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге жағдай жасауда. Аталмыш бағдарлама аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жақында елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығының тұсаукесері болды. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов және өңірлердегі мәдениет бас­қар­маларының басшылары, респуб­ликалық мәртебеге ие музей-үйлер­дің директорлары мен жетек­ші қызметкерлері қатыс­ты.

Қауымдастықтың басты мақсаты – музейлер қызметін жүзеге асырудың жаңа әдіс-тәсілдері бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе құрып, мұражайлар арасында тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету. Қауымдастықты құру үшін алдымен еліміздегі жеке тұлғаларға арналған мемориалдық музейлердің тізімі жасалды. “Қоғамдық бірлестіктер туралы” Заң аясында жоба әзірленді. Ілкімді істен “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені де қалыс қалмай, 48 тұлғалық музейдің құрамына енді. Аталған жиында қауымдастықтың жарғысы бекітіліп, ұйымдық мәселелер шешілді.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен барған музей қызметкерлері бас қосқан шара кәсіби шыңдалу, тәжірибе жинақтау, пікір алмасу алаңы болды. Алдағы уақытта тұлғалық музейлер қызметін дамыту барысында өзге мұражай-кешендермен ынтымақтастық байланыс орнатып, қоян-қолтық жұмыс істеп, түйінді мәселелерді бірлесе шешетінімізге кәміл сенемін.

Аян САДАЕВ,

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика