Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT АУЫЛЫМ АТЫ — АҚСУ

АУЫЛЫМ АТЫ — АҚСУ

“Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – деген болатын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында. Мағынасы терең осы сөз өткен сенбі күні құрылғанына 90 жыл толған Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылына қатысты айтылғандай.

Ақсу ауылы – шағын көлдің теріскейінде орналасқан елді мекен. XVIII ғасырдың аяғынан бастап Есенгелді ұрпақтары қоныстанған.

Ауылдың ардақтыларына келсек, бірден Баян Қанапин еске түседі. Ол 1928 жылы Ақсу ауылы құрылғанда “Жаңасу” ұжымшарында еңбек етіп, 1937-1941 жылдары оның төрағасы болған. Сол жылдары қазақ ауылдарының басынан не өтпеді десеңші?! Ауылдан 9 адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың бесеуі атылған, төртеуі сотталған. Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы да бұл ауылды айналып өтпеген. Майданға 70 азамат аттанса, 39-ы туған топырағына қайтып оралмапты. Ақсуда туып-өспесе де, осы ауылдың дамуына үлес қосқан, соғысқа қатысқан Игібай Әлібаев, Кәлау Тайжанов, Нұржан Бөгенбаев, Арғын Бимусин, Ботай Бүтімбаев және Дайрабай Омаровтың есімдері әрдайым құрметпен аталады. Бейбіт өмірде де еліміздің өркендеп-өсуіне ақсулық азаматтар үлес қосты. Оған мысал ретінде “Ленин”, “Еңбек Қызыл ту” ордендерінің иегерлері Тілеужан Мұхамедияров, Күлбарам Сәдуақасова және тағы басқалардың ерен еңбектерін айтуға болады.

Есімі елімізге кең танымал ғалым Қазис Тәшенов осы ауылдан түлеп ұшты. Биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан физиология қоғамының президенті, Халықаралық физиология одағының мүшесі, физиология ғылыми-зерттеу институтының директоры – осы сала бойынша дүниежүзіндегі жетекші ғалымдардың бірі. 280 ғылыми жұмыстың, оның ішінде 5 монографияның және 20-дан астам еңбектің авторы – ауыл мақтанышы.

Ауылдың тойына ақсулықтар жақсы әзірленіпті. Негізгі іс-шаралар өткен мектеп әсем безендірілген. Маңай тамаша әуенге бөленген. Тойға әр жерден арнайы келген ауыл азаматтары бірін-бірі ыстық құшақтарына алып, қуана қауышып жатты. Құттықтау сөз аудан әкімі Нұрлан Есімовке берілді. Одан кейін шаруашылықтың алғашқы басшысы Бекет Жұсыпов, осы ауылдың тумалары Қабиолла Рақымжанов, Әшім Жылқайдаров, Мереке Мұхамедияров сөз сөйлеп, ауыл өміріне, туған жерлеріне туын тіккен ардақты азаматтарына тоқтала келіп, игі тілектерін білдірді.

Қазір 52 үй түтін түтетіп отырған ауылдың тұрмысы жаман емес. Негізгі мектепте қырық шақты бала оқиды. Алақандағыдай ғана ауылдың тұрған жері тамаша-ақ. Жағалай өскен ақ қайың. Ауыл тұрғындарының игі істерге ұйтқы бола білетіндері көрініп тұр. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай майдан даласында шейіт болғандарға арналып ескерткіш ашылыпты. 1995 жылы елге аман-есен оралып, кейін қайтыс болған соғыс ардагерлеріне, 2013 жылы қуғын-сүргін құрбандарына, 2015 жылы Ауған соғысына қатысқандарға ескерткіштер орнатылған.

Тойға арналған концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Ән шырқалып, би биленді, күй тартылып, өлеңдер оқылды. Ауыл тұрғындарының көңілін көкке көтерген тойда осы шараны ұйымдастырушы Әшім Жылқайдаровтың “Есенгелді – елім, Ақсу – ауылым” атты кітабының және марқұм Бейсенбай Жылқайдаровтың өлеңдер жинағының тұсаукесері болды. Ат жарыссыз тойдың сәні келген бе?! Алты шақырымдық бәйгеге көрші ауылдар, Есіл, Айыртау аудандарының да шабандоздары қатысты. Сондай-ақ, күрес те тартысты өтті. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Тойға тартулар да жасалды.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген автор.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика