Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ

ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ

Қызылжар қаласына “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Түркістан облысының жоғары сынып оқушылары екі күндік саяхатқа келді.

Республикалық өлкетану акциясы аясында өткен шараға былтырғы оқу жылында сабағын жақсы оқыған және түрлі байқауларда жеңіс тұғырына көтерілген отызға жуық оқушы қатысты.

Акцияның мақсаты – ел мұрасы болып табылатын киелі жерлерді өскелең ұрпаққа көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеуге тәрбиелеу. Шымкент қаласынан келген саяхатшылар екі күн бойы Қызылжар қаласының көрікті жерлерін аралап, тарихи-мәдени орындарда болды.

Саяхат барысында олар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне барып, жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Содан кейін ботаникалық бақты аралап, табиғат жайында қызықты мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар оқушылар Жеңіс саябағында, “Мәңгілік алауда” болып, Ұлы Отан соғысында құрбан болған жауынгерлерге тағзым етті. Білім мен өнердің қос тізгінін қатар ұстап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген оқу озаттары “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніндегі тарихи жәдігерлермен де танысты.

Қонақтар елордамыздың 20 жылдығы және “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи қорық музейінің 40 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған “Киелі Түркістан” көрмесін тамашалады.

– Өткен жылы жақсы оқыған оқушыларды “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне тегін апардық. Биылғы жоспарға сай еліміздің киелі жерлерімен таныстырып жүрміз. Солтүстік өңірге келіп, тарихпен қауышқандарына оқушыларымыз дән риза, – дейді Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Назакәт Назирова.

Қызылжардан кейін жас саяхатшылар Астана қаласына жол тартып, елордамыздың жиырма жылдығына арналған мерекелік шараларды тамашалады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика