Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН АЛЫНҒАН ҚОЙЫЛЫМ

ӨМІРДІҢ ӨЗІНЕН АЛЫНҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “S’Avancer” хореография мектебінің “Фобия” би спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымға бүгінгі күнгі адамның еркіне бағына бермейтін, нақты бір түсінігі жоқ қорқыныш, яғни фобияның бірнеше түрі арқау болған. Қойылымның қоюшы-режиссерлері – Юрий Мирошниченко мен Юлия Ширина.

Сахна қара түске боялып, Фобостың қорқынышты бейнесінен басталған қойылымның алғашқы көрінісі көрерменді өзіне бірден баурап алды. Қазіргі қоғамды жайлаған қорқыныштарды бейнелеп берген қойылымның мақсаты – бұл дертті жеңу, үрейден құтылуды көрермен талқысына салу.

Би қойылым қорқыныштың сегіз түрі бойынша шағын көріністерден құралған. Басты рөлдердің бірін сомдаған Андрей Байкеновтың өнеріне көрермен зор қошемет көрсетті. Себебі, басты рөл – Фобосты сомдаған өнер иесі қойылым барысындағы көңіл-күйін, өз кейіпкерінің бейнесін ашып көрсетті.

Спектакльде фобия адамның бойында болатын табиғи құбылыс екендігі көрсетілді. Үрей мен ауыр тауқымет. Адалдық пен сатқындық. Санаға қонған қорқынышпен жанталаса күрескен тұрғындар. Қойылымда көрермендерді тамсандырған көріністің бірі – геронтрофобия. Бұл – кәріліктен қорқу көрінісі. Ол көрерменге әуен мен би, заманауи хореография, іс-қимыл арқылы жеткізілді.

Спектакльге жиналған көрерменнің қарасы көп болды. Оларды бүгінгі қоғамның дерті – қорқыныш туралы қойылым терең ойға қалдырды. Тақырып көрермендерді еріксіз толғандырды, мұңайтты.

– Қойылым көңілімнен шықты. Бүгіндері фобия туралы естіп те, біліп те жүрміз. Адам қай кезде де қорқып өмір сүреді, бірақ қорқу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін қорқады. Жасыратыны жоқ, өзімізде де уақытша қорқу бар. Үрейді жеңу қажет. Осындай қойылымдар жастарға ой салар деп ойламын, – деді көрерменнің бірі Әсем Қалиева.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика