Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚЫМЫЗ — ҚАСИЕТТІ СУСЫН

ҚЫМЫЗ — ҚАСИЕТТІ СУСЫН

“Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз”, – деп қасқа жолдың иесі Қасым хан айтқандай, төрт түліктің төресі деп төбемізге көтеретін жылқының еті мен сүті – ауруға ем, сауға қуат. Қа­сиетті қымызымызға тең келетін сусын жоқ шығар.

Ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, ғажайып сусынды ұлттық брендімізге айналдыру мақсатында Петропавл қаласында өткен “Қымыз Fest” фестивалінде қымыз баптаудың қыр-сырын бір адамдай меңгерген жерлестеріміз бас қосты. Облыс деңгейінде өткен игі шараға барлық аудандар мен қала тұрғындары қатысты.

Қымыз фестивалін ашқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қонақтарды игі шараның басталуымен құттықтап, ұлттық сусынның мән-маңызына тоқталды.

– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатымен ұйымдастырылып отырған бұл фестивальдың орны ерекше. Мақсат – жұртшылықтың ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыру, жастарды саламатты өмір салтына тәрбиелеу, қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау. Біздің өңірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін игілікті шаралар атқарылуда, – деді Мадияр Қожахмет.

Жергілікті өнерпаздардың әні мен күйіне тәнті болған қалың қауым қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерді аралап, аудандардан әкелінген 2000 литрдей бал қымыз бен 100 килограмнан астам бауырсақ, құрт, ірімшік, қоспа сияқты ұлттық тағамдардан дәм татты. Аққайың ауданынан келген Назгүл Төлепова – бал қымызын сапырып, ұлттық сусынды баптаумен айналысып жүрген жандардың бірі.

– Қымыздың уыз, бал, тай, дөнен және бесті қымыз секілді түрлері бар. Ертеде бие сауы­лып, оның сүті қорланғаннан кейін екі-үш күн өткен соң ауылдың ақсақалдары, көрші-қолаң қымызмұрындыққа шақырылған екен. Алғашқы қымыз “көпке бұйырсын” деген тілекпен берілген. Қымыздың әрқайсысының дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз “Сауар көп болсын!”, “Ақ мол болсын!”, “Аузымызды ақтан айырма­сын” деген тілекпен қымыз мерекесін өткізген, – деді ол.

Айтулы іс-шара аясында қымыз баптаушылар сайысы, қолөнер шеберлерінің көрмесі, қымыз ішу сайысы өтті. Сайыстарға аудандардан, Петропавл қаласынан үміткерлер қатысып, жеңімпаздар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды.

“Қымыз Fest” фестивалінде қымыз баптаушылар арасында “Үздік қымыз” аталымы бойынша бас жүлдені Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның өкілдері иеленді.

Сонымен қатар фестивальда асық ату мен түрлі спорт жарыстары өтті. Сәйгүліктердің шеруі көрсетілді. Оған аудандардан келген атбегілер қатысып, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

– Қымыз мерекесі биыл кең көлемде аталып өтті. Ән шырқалып, сахналық көріністер қойылды. Жастарымыз салт-дәстүрді жаңғыртатын ұлттық ойындар ойнады. Төрт түліктің төресі жылқы сүті түрлі дертке дауа екендігін ата-бабамыз әлдеқашан дәлелдеген. Осындай тамаша көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді қазақтың салт-дәстүрін көру үшін арнайы келген Есіл ауданының тұрғыны Гүлайым Ергенова.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Толқын 2018-07-11 05:16
"Қымыздан дәмді ас бар ма?" дегендей, қымыз мерекесінде мен де болып, сара жолды жалғаған, елорда күні мерекесінде ақтан дәм таттым. Бұрындары қазақ ауылдарында қымыз әрбір үйде болатын. Ал бүгіндері қолдарында біраз жылқысы болса да, бие байлап, қымыз сапырып отырған бірді-екілі ғана шаруалар бар. Өңірімізде ұлттық дәстүрлер мен тағамдарды дәріптейтін осындай игі шаралардың молынан, жыл сайын өткізілсе, нұр үстіне нұр болушы еді.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика