Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚҰЛПЫРА ТҮС, СҮЙІКТІ ҚАЛАМ!

ҚҰЛПЫРА ТҮС, СҮЙІКТІ ҚАЛАМ!

Облысымыздың орталығы – Петропавл қаласының іргесі қаланғанына биыл 266 жыл толды. Сәулеті келіскен көне шаһар тұрғындары қала күнін ерекше салтанатпен атап өтті.

Таңғы сағат 11-де орталық алаңға жиналған қауым қала күнін тойлауды мерекелік концертті тамашалаудан бастады. Жұртшылықтың назарына облысымыздың өнер ұжымдарының қатысуымен “Петропавл – мәңгі жүрегімде” театрландырылған қойылымы ұсынылды. Мерекенің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс орталығының әкімі Марат Тасмағанбетов қала тұрғындары мен меймандарын атаулы күнмен құттықтады.

– Петропавл қаласының күні біз үшін сүйікті мерекеге айналды. Оның елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыруының маңызы тереңде. Жыл сайын облыс орталығының келбеті түрленіп келеді. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қолдауымен Петропавлда заманға сай жаңа ғимараттар, шағынаудандар салынуда. Қаламыздың дамып-өркендеуі көз қуантады. Құрметті жерлестер, сүйікті қаламыздың ажары сіздердің береке-бірліктеріңіздің арқасында арта түсетініне сенімдімін, – деді Марат Иманбайұлы.

Қаланың дамуына өзіндік үлес қосқан білім беру ісінің құрметті қызметкері Зинаида Табакова, Петропавл қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері Григорий Кухарь, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев, “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы Саип Байдуев және кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов бастаған бір топ қызылжарлық шаһар басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Одан әрі мерекелік шараны қаланың танымал өнер ұжымдары: әншілер мен бишілер, жас өнерпаздар жалғастырды. Алматы қаласынан арнайы келген жерлесіміз, “Қазақстан дауысы” жобасының финалисі Иса Әлимұсаның орындауындағы әсем әндер көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлап, құлақтарының құрышын қандырды.

XIX ғасырда Петропавл қаласы ірі сауда орталығы болған. Бұрынғы Вознесенский даңғылы, бүгінгі Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында сауда-саттық қыж-қыж қайнапты. Көне деректерді тұрғындарға облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері тарту етті. Сонымен қатар қаламыздың тарихынан сыр шертетін фото-шежіре қойылып, “Менің қаламның шеберлері” сәндік-қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Көрмеге ағаштан, киізден және тағы басқа заттардан жасалған бұйымдар қойылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына келген тұрғындар да қызықты шаралардың куәсі болды. Мұнда 2009-2011 жылдары туған жеткіншектердің арасында футболдан қала біріншілігі өтті. Турнирдің бас төрешісі Александр Новичковтың айтуынша, сынға түскен алты команданың әрбірі тартысты ойын өткізді. Екі сағатқа созылған бәсекенің қорытындысы бойынша “Қызылжар” балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерінен құралған “Жастар” құрамасы жеңімпаз атанды. Ал осы мектептің “Қызылжар-1” командасы екінші орынды иеленсе, “Жеңіс” мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, Жанайдар Байтебенов “Үздік шабуылшы” атанса, Роман Савченко мен Роман Реницкий “Үздік қорғаушы” және “Үздік қақпашы” аталымдарында топ жарды.

Бұдан соң тұрғындар И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың қызметкерлері ұйымдастырған “Библиофест” шарасында жаңа кітаптармен танысып, “Нептун” фитнес клубының спорттық-көңіл көтеру бағдарламасына қатысты.

Тұрғындардың басым көпшілігі түс ауа “Солтүстік жұлдызы” саябағына жиналды. Олар әуелі Пестрое көлінің жағасында волейбол ойнаса, кейін бояулар фестиваліне қатысты. Көпшілік кешке таман мерекелік концертті тыңдап, көздің жауын алар отшашуды тамашалады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика