Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ДОМБЫРА — ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

ДОМБЫРА — ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Қазақтың түбі терең тылсым тарихы, тұрмыс-тіршілігі, ақжарқын көңілі, зіл басқан мұңы, буырқанған ашу-ызасы, күйініші мен сүйініші, сілемді сырлары, шалқар шабыты, қайсар қажыр-қайраты домбыра пернесінде хаттаулы. “Домбыра – қазақ халқының жан сезімі, жан серігі”, – деп бекер айтылмаған. Ұлттық аспабымыз – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол – халықтың тарихи тағдырымен тамырлас.

Археологиялық қазбалар домбырашылық дәстүрдің тамыры тым әріде жатқанын көрсетеді. Хорезмде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер осы сөзімізге дәлел бола алады. Қос ішекті аспаптарда ойнаған адамдардың бейнесі саздан жасалған. Ғалымдар қос ішекті аспаптың домбырамен ұқсастығын айта келіп, көшпелі халық арасында кең тарағанын дәлелдейді.

Домбыра дәстүрінің көнеден жеткеніне бүгінге дейін сақталып келген аңыз-күйлер айғақ бола алады. Түп-тамыры терең архаикалық салт-санамен ұштасқан ұлттық дәстүрде бағзы замандағы мифологиялық наным-сенімдердің сілемдері сақталған.

Халқымыздың көшпелі тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне байланысты домбырашылық өнер ғасырлар бойы жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызды. Аты аңызға айналған Кетбұға, Асан қайғы сияқты оның ең таңдаулы өкілдерінің есімдері біздің заманымызға да жетті. Олардың күйлері халқымыздың басынан өткерген қилы кезеңдерін бейнелеп, халық тарихы туралы сыр шертеді.

Домбыра дәстүрінің дамуы XIX ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Көптеген кәсіби күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр біраз мектептерге бөлінді. Бұл күйші-композиторлар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерде жарқын із қалдырды.

Қазақ халқының домбырашылық өнері сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға жалғасып келе жатқан баға жетпес рухани байлығымыз болып табылады. Еліміздің байтақ даласында домбырашылық өнер кең қанат жайып, мейлінше өркендеген. Біздің өңірімізде кәсіби орындаушылық домбыра мектебінің қалыптасуына мұрындық болған біреу болса да, бірегей оқу орны бар.

Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат төл өнерді дәріптеп, домбыра үнін ел ішінде насихаттауға өзінің сүбелі үлесін қосып отыр. Оқу ордасында қазақ халық аспаптар бөлімі жұмыс істейді. Бөлімде домбырадан басқа қылқобыз, прима-қобыз және шертер аспаптары оқытылады. Домбырашылар мен қобызшылардың “Күдер”, “Назқоңыр” ансамбльдері, “Арқа сазы” фольклорлық оркестрі бар. Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров басшылық ететін бөлімде жоғары білімді оннан астам оқытушы тәлім алушыларға дәріс береді.

“Қазақ халық аспаптар” бөлімінің тарихы сонау сексенінші жылдан бастау алады. Бөлімнің іргетасын қалаушы, алғашқы домбыра сыныбын ашқан Серікбай Құсайынов болатын. Қазақтың музыкалық мәдениетін аялап, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл мұрамызды ұрпақтарға ұластырып, бағалауға барын салған Серікбай Бәриұлының өнерге сіңірген еңбегі зор. Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі облыс орталығы мен Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын, Аққайың аудандарында қазақ халық аспаптар оркестрлерін ұйымдастыруға атсалысты. Домбырада кәсіби орындаушылықты жетілдірген Мәдениет қайраткері, “Күдер” ансамблінің жетекшісі, көрнекті ұстаз – Тойкен Күдерова да өнерге өзіндік үлесін қосқан жан. 1983 жылдан бастап күні бүгінге дейін саналы өмірін осы колледждің, оның ішінде аталмыш бөлімінің өркендеуіне, талантты ұрпақтар тәрбиесіне арнап келеді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған Жанат Айтбаев сынды өнерпаздан сабақ алған шәкірттерде арман жоқ. Дәстүрлі әнді дамытып, Қызылжар елінде өнердің өркен жаюына кейінгі буынның да қосқан үлесі зор. “Ұстаздан шәкірт озар” демекші, Жанат Айтбаевтың шәкірттерінің бірі, дәстүрлі әнші Біржан Есжанды қалайша мақтан етпеске?! Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері, Нияз сері, Үкілі Ыбырайдың сара жолын жалғаған осындай текті ұрпақ барында өнер ешқашан өлмейді.

Әр ұлттың жерi мен суы, тiлi мен мәдени ошағы, музыкасы мен поэзиясы, қолөнерi мен тарихы, салт-дәстүрі болады. Сондай мұраларға бай ел – қазақ халқы. Сақ, ғұн, үйсiн, қаңлы, түрiк – бәрi осы ұлан-байтақ, сахарада өмiр сүрiп, ұлттық өнерді дамытқан. Бұған Орхон-Енисей бойындағы руналық сына жазудағы көптеген мақал-мәтелдiң төркiнi өз күшiн жоймай, бүгiнгi күнмен жалғасын табуы дәлел бола алады.

Он екі пернелi, екi ішектi домбыраны IV ғасырда Арал теңiзiнiң оңтүстiгiн ала орналасқан Хорезм маңындағы “Қой қырылған” деген жерде тасқа қашап салған ата-бабамыздың көрегенділігі таңғалдырады. Сондықтан тарих пен ауыз әдебиетті домбыра аспабының негiзiнен iздеу және оны оқу құралы ретiнде пайдалану бүгiнгi жас ұрпаққа ана тiлiнiң маңызын жеткiзудiң ең тиiмдi жолы болар едi. Өйткенi, ата-бабалардың нақыл сөздерi, күйлерi мен әнi, жыр мен толғау өсиеттерi, айтыс, дастан сияқты толып жатқан өнер түрлерi бiзге домбыра аспабы арқылы жеткенi мәлiм. Ал оны мақтан етiп, жас ұрпақтың зердесіне құю, ұлттық сезiмiн ояту – бiздiң мiндетiмiз. Сол міндетті біздің ұстаздарымыз адал атқаруда.

Әлия ӘСКЕРОВА,

өнер колледжінің оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика