Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT АҚЫН ПОРТРЕТІН САЛҒАН СУРЕТШІ

АҚЫН ПОРТРЕТІН САЛҒАН СУРЕТШІ

Суретші болу – жүректің қалауы. Сондықтан да біздің арамызда қылқаламды серік етіп жүргендер көп емес. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының бас суретшісі Ғалия Қожахметова – өңіріміздегі сурет өнерінің қыр-сырына қанық жандардың бірі. Есіл ауданына қарасты Заградовка ауылында туған суретшінің балалық шағы Петропавл қаласында өткен. Әкесі құқық қорғау саласында қызмет етсе, анасы зейнет жасына шыққанша мейірбике болып жұмыс істеген. Ғалия Ошайқызы ес білгелі сурет салып, таңғажайыпқа толы осынау бір әдемі әлемнің қыр-сырын тануға құлшынған. Бала бойындағы өнерге деген мұндай қызығушылық оған әкесінен дарыған.

Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде ол Қызылжарда өнер мектебі бар екенін естиді. Содан анасына осы білім ошағында оқығысы келетінін, болашақта суретші болуды армандайтынын айтқан.

– Анам мені суретшілер мектебіне қыстыгүні алып барды. Бұл жерде оқуға қабылдау уақыты күзде аяқталыпты. Бірақ ұстаздар менің суреттерімді көріп, икемімді байқаған соң бірден оқуға қабылдады. Осылайша, мен ешбір емтихансыз-ақ суретшілер мектебіне қабылдандым, – дейді сол кездерді еске алып.

Жас дарын өзінің ынта-ықыласының арқасында сыныбында топ жарып, ерекше қабілетімен көзге түсіп, нәтижесінде суретшілер мектебін қызыл дипломмен аяқтап шыққан.

Қиялына қанат біткен ол мектепті тамамдаған соң Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына оқуға түседі. Жас маманның таңдаған бағыты – театр және кино суретшісі. Осы жерде білім алып, білікті ұстаздардан тәжірибе жинақтаған ол Шәкен Айманов атындағы киностудияда жұмыс істейді.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін өнер иесі сурет салумен қатар кино, театр жұмыстарына да қатысып, өзін жан-жақты қырынан танытуға тырысқан. Осылайша, қарышты қадаммен алға қарай басып, өзінің қабілетін көрсете бастаған кезде Ғалия Ошайқызының әкесі ауыр дертке шалдығып, өмірден өтеді.

Анасы хабарласып, Петропавл қаласына қайтып келуін сұрайды. Ана сөзін жерге тастамаған ол Алматымен қимай қоштасып, Қызылжарға оралады.

Бұл – тоқсаныншы жылдардың басына тұспа-тұс келген уақыт. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жұмыс табу жас суретші үшін оңайға соқпайды. Бірақ ешбір қиындыққа мойымай, жарты жолда жалғыз қалған анасына демеу болып, ұстаздық бағытқа бет бұрады. Тағдырдың жазуымен ол бір кезде өзі оқыған суретшілер мектебіне қайта оралып, білім ордасында ұзақ жылдар еңбек етті.

Соңғы үш жыл бойы Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жұмыс істейтін суретші қойылымдардың әрқайсысына ерекше көңіл бөліп, өзіне жүктелген тапсырмаларды сапалы орындау үшін аянбай тер төгуде.

– Мен әр жұмысыма сын көзбен қараймын. Сахнаны безендірген кезде де, сурет салғанда да тақырыпты тереңнен ашып, шығармашылық жұмыс көптің көңілінен шығатындай етіп жасауға барымды саламын, – дейді ол.

Ғалия Ошайқызы портрет жанрына көп көңіл бөледі. Адам бейнесін айнытпай қағаз бетіне түсіру әркімнің қолынан келе бермейді.

– Портрет салған кезде мен адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның шынайы бет-бейнесін, табиғи мінезін көрсетуге тырысамын. Тек осындай кезде ғана сурет көңілдегідей шығады, – дейді маман.

Осы уақытқа дейінгі оның салған еңбектері өте көп. Ішіндегі ең құндысы – Мағжанның портреті. Майлы бояумен салынған жұмысты суретші 2015 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне арнаған екен.

– Маған Қазақстан Республикасы Суретшілер одағынан телефон шалып, Алматыда өтетін көрмеге қатысатынымды жеткізді. Ұйымдастырушылар: “Өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар”, – деген кезде мен ақынның портреті аз екенін ескеріп, соны салу туралы ойымды айттым, – дейді ол.

Белгілі ғалымдар мен зерттеушілердің, жазушылардың пікірлері мен еңбектеріне, Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған әртүрлі деректерге сүйенген суретші бұл туындыны салуға тоқсан күнін арнаған екен. Кейін Алматы қаласындағы көрмеде көпшіліктің көңілінен шыққан портретке Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өнертану кандидаты, “Бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясы” кафедрасының профессоры Ольга Батурина сараптамалық қорытынды жасап, оң бағасын беріпті.

Суретші Мағжанның бейнесін 1919 жылы Омбы қаласында түсірілген фотосуретіне қарап салған екен. Тарихи фотосуретте ақын қазақ мектептеріне мұғалімдер дайындау курсының тыңдаушыларымен бірге отыр. Ғалия Ошайқызы ақынның бейнесін салып, қолындағы бас киімінің орнына кітап ұстатқан. Үстіндегі киімдерінің түсін де сол кезеңге лайық беруге тырысқан.

Бұған дейін бірде-бір баспа бетінде жарық көрмеген тарихи тұлғаның портреті бүгінгі таңда автордың өз қолында. Алдағы уақытта жаңа туындыны мұражайдан көрсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика