Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT АСЫЛДАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАЙ БІЛЕЙІК

АСЫЛДАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАЙ БІЛЕЙІК

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында ұлттық код, тарихи сана, киелі мекен деген ұғымдарды өскелең ұрпақтың сана-сезіміне сіңіру міндеті қойылған болатын. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арнайы келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ғалым, жерлесіміз Темірғали Есембековпен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасына байыпты көзқарас қажет. Меніңше, науқаншылдықтан аулақ болып, осы мақсатта тындырымды істер атқарылса, үлкен белестен өтуге мүмкіндік бар. Рухани жаңғыру дегеніміз – санадағы өзгеріс, серпіліс. Ал халықтың сана-сезіміне қалай әсер ете аламыз, мәселе осында. Қызылжар өңірі сал-сері, ақын-жыраулардың мекені ғой. Бүкіл Алаш жұрты жыр пайғамбары Мағжан ақынның 125 жылдығын атап өтті. Сегіз сері бабамыздың биыл 200 жылдығы мерекеленеді. Ақан сері, Біржан сал бар. Шағырай шешенді бүгінгі ұрпақ әлі танып, біле алмай жатыр. Осы ардақтыларымызды көкке көтерудің сәті туып тұр. Нақтырақ айтар болсам, Солтүстік Қазақстан облысы ақын-жазушыларының антологиясы шығарылса, ол әрбір мектептің төрінде тұрса, жас ұрпақ оларды жақын тани түседі. Олардың шығармаларымен танысады. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың рухани дүниесіне әсер етіп, ата-баба дәстүрін, ұлттық жадын жаңғыртуға көмек болмақ. Ол үшін ғалымдар арасында байқау жариялап, бұл мақсатқа арнайы грант бөлінсе, зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытушылар да табылар еді. Біздің тарихымыз кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік мұраға айналуы тиіс.

– Кеше ғана Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаевтың тойы өтті. Ғұннан туған, күннен туған, жаны жалын, жүрегі от ақынға арналған мерейтойлық шараларға қатыстыңыз ғой. Меніңше, Мағжан мұрасы арқылы халқымыздың рухани санасына сілкініс тудыратын орайлы сәт келген секілді...

– Шынымен де, біз Мағжанды ұлттық деңгейде ғана қабылдап жүрміз. Ақынның 125 жылдық мерейтойына орай өткен конференцияда Мағжанды әлемдік деңгейде сөз еттік. Түркі халқы түрікшілдігін талдады, ал қазақтар ұлттық проблеманы қозғағаны жайында айтып жатыр. Жыр пайғамбары өз заманында түркі дүниесіне ортақ мәселелерді көтерді. Мысалы, Түркиядан келген Гази университеті Түркітану орталығының директоры Хулия Ченгел:

“Жарық көрмей жатсаң да ұзақ,

кең тілім,

Таза, терең, өткір, күшті,

кең тілім.

Таралған түркі балаларын

бауырыңа,

Ақ қолыңмен тарта аларсың

сен, тілім”, –

деп Мағжанның өлеңін оқып, оның түркі бірлігі мен ынтымақтастығына қосқан зор үлесі туралы айтты. Бүгінгі күні қазақтың беткеұстар перзентінің ғұламалығына тәнті болмасқа амал жоқ, оның айтқаны айдай келіп, бүкіл түркі жұртын қазақ тілінде сөйлеткенде төбеміз көкке жеткендей қуанып отырдық. Америка, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен ғалымдар, ақын-жазушылар келді. Мұның өзі біз үшін – зор мәртебе.

Әлі де болса, біз оның ақындығы мен азаматтық болмысының тереңдігін түсіне алмай жатырмыз. Таудың етегінде тұрғанда, ұшар басына көз жетпейді ғой. Сол секілді Мағжанды да толық түсініп, тану үшін уақыт керек. Осы орайда мына бір жайт есіме түсіп отыр. Үлкен бір халықаралық конференцияда Жапонияның белгілі ғалымы: “Сіздерде Мағжан деген ақын болған. Сіз оны білесіз бе?” – деп сұрады. “Әрине, білгенде қандай, мен Мағжанның жерлесімін”, – деп жауап бердім.

“Біз Мағжанның өлеңдерін жапон тіліне аударып жатырмыз. Өйткені, ол Шығысшыл ақын”, – деді ол. Шынымен де, Мағжан Шығысты әспеттеген. Ол “Күншығыс” деген өлеңінде:

“Қысық көзді Күншығыс,

Бұл тұруың қай тұрыс.

Серпіл енді, алыбым!

Күңірентіп жерді ыңыраншы,

Күнбатысқа көз салшы,

Көрдің бе қанның жалынын?” – деді ғой.

Мағжанды тану енді басталды. Мағжан – осы өңірдің перзенті. Мағжанның өлеңдерінің тууына табиғат, өз ортасы, дін, дәстүрдің ықпалы зор болды. Ендеше “Не көрсем де, Алаш үшін көргенім, маған атақ Алаш үшін өлгенім”, – деп ақын өзі жырлағандай, Мағжан секілді ұлтжанды, жүрегі қазағым деп соққан аяулы ұлдардың қатарын көбейтуге, өзіңіз айтқандай, “Рухани жаңғыру” бағдарламасының ықпалы зор болуы тиіс. Жоғарыда айттым ғой, науқаншылдыққа салынудың қажеті жоқ. Ең бастысы, жастардың тілімізге, ділімізге, ұлттық менталитетімізге сүйіспеншілігін оятқан жөн. Ол үшін бізге ұлт перзенттерін ұлықтасақ та жетіп жатыр.

Айтпақшы, Мағжан тойында мен жергілікті халықтың көңіл-күйінен “Менің ақынымның, менің жақынымның мерейтойы”, – деген ерекше бір қуанышты аңғардым. Міне, бұл – біздің рухани бірлігіміздің нығайып келе жатқанының бір көрінісі. Ылайым, солай болғай!

– Өзіңіз айтқандай, киелі Қызылжар жері даңқты тұлғалардан кенде емес. Солардың мұрасын насихаттау, жоғымызды түгендеп, барымызды бүтіндеу ісі қалай атқарылып жатыр? Көңіліңізден шыға ма?

– Мағжанға арналған конференция қонақтарымен Қызылжардың көрікті жерлерін араладық. Бізді облыстық тарихи-өлкетану мұражайына алып барды. Бірақ мұражайда Алаштың арда ұлына арналған бір бұрыш та жоқ екен. Рухани ордаға келушілер, сөзсіз, Мағжанды, оның жәдігерлерін іздейді ғой. Егер сол жерде халықтың асыл перзентіне құрмет көрсетілсе, мұражай төрінде Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов жайлы мәліметтер тұрса, қандай жарасымды.

Солтүстік Қазақстан облысының топырағынан түлеген Ермек Қонарбаев, Есләм Зікібаев секілді халық мойындаған қаламгерлердің шығармаларын осы өңірдің жастары көп білмейді, мен соған қынжыламын.

Жергілікті ақын-жазушыларға салғырттық танытып, өзіміздікін ұмытып, өзгеге еліктегеннен біз еш нәрсе де ұтпаймыз. Тағы да қайталап айтамын, өз ардақтыларымызды жатсынудың қажеті жоқ. Солар арқылы біз өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беруіміз қажет.

– Осы сапарыңызда Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың туған жеріне жолыңыз түскен екен. Жерлес жазушылардың ауылдарында олардың мұражайлары бар ғой, ат басын бұрған шығарсыз?

– Әрине, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов Қызылжар өңірінің бренді ғой. Осы топырақтың әрбір азаматы ардақты ағаларымыздың туған жеріне барып, жазушылар рухына тағзым етуді парызым деп білуі керек. Ал мен осы сапарымда руханият жоқтаушылары, Қызылжардың атақты ұлдарының мұражайына қолдау, көмек беру қажет деген ой түйдім. Өйткені, ол жерлерде жазушыларымыздың алақанының табы қалған дені дұрыс жәдігерлер де қалмаған екен. Мұражайға күтім қажет екенін көріп, көңілім құлазыды. Мұның бәрі ағымдағы мәселелер болып көрінуі мүмкін. Бірақ Ғабит, Сәбит секілді асылдар дүниеге келген ауылдарды, олардың мұражайларын қараусыз қалдырмаған жөн деп ойлаймын.

– Темірғали Оразғалиұлы, бүгінгі қоғам үшін ата-анасын, өз тарихын, ата-бабасын, дәстүрін жатсынбайтын ұрпақ тәрбиелей алсақ, ұлтымыздың ұтары көп. Бұл ұлы мұратқа жету жолдары қандай?

– Жапондар өздерінің ұлттық киімін кисе, олар үшін бұл ең бақытты күн екен. Ал бізде ше, қазақша шапанды Наурызда, тағы бір-екі мерекелерде ғана үстімізге іліп шығамыз. Ұлттық нақыштағы киімдерді жатсынбай, түрлі орталарға, қонаққа киіп барса, қандай жарасымды. Қазақы құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына, міне, осылай біртіндеп сіңіруіміз керек.

Шынымен де, бүгінгі күні аға буынның алдында ата-анасын, тарихын, тілін, ділін жатсынбайтын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Мен “Солтүстік Қазақстан” газетін үзбей оқып отырамын. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласына орай басылым бетінде “Туған жер” деген айдармен мақалалар жарияланып жүр. Әрбір бала өзінің ауылының тарихын біліп өсуіне сіздер де зор көмек беріп жатырсыздар. Меніңше, туған жерін сыйлаған адам басқаны да бағалай біледі. Жас ұрпақтың жүрегінде атамекенім өркендесін деген сезім берік орнығу үшін рухани бағыттағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отырылуы тиіс.

Сұхбаттасқан

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика