Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚОЖАБЕК ӘУЛИЕ

ҚОЖАБЕК ӘУЛИЕ

Қалмақ шапқыншылығына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасының орны бөлек. Осы шайқастағы жекпе-жекте Шарыштың басын алған жиырма жасар Абылай ерекше батырлығымен көзге түскен. 1753 жылдың жазында жоңғар әскерлері қазақ даласына тағы басып кірді. Сол соғыста қазақ жасақтарының жеңіске жетуі үшін Абылай сұлтан әскерді нығайтып, жер-жердегі батырларға сенім артты. Көлік, азық-түлік, қару-жарақ, киіз үймен қамтамасыз етулерін тапсырды.

Қожабек әулие – Абылай сұлтанның кеңесшісі, осы өңірдегі бес болыстың басшысы болған адам. Сұлтан Қожабек әулиемен ақылдасып, одан бата алғаны тарихтан белгілі. Көріпкелдігі бар әулиемен соғыс әрекеттерінің кейбір тұстары жайында да кеңескен деседі.

Қожабек Бураұлы (1675-1772) қазіргі Уәлиханов ауданына қарасты Өндіріс ауылы мен Ресейдің Громогласовка елді мекенінің арасындағы “Қырықүйсай” дейтін жерде дүниеге келген. Ауылымыздың тумасы соғыс және еңбек ардагері Уәли Оразбаев “Қожабек әулие” атты поэмасында бірқатар деректерді келтірген.

Өндіріс ауылы Теке көлінің солтүстік жағасында үш шақырымдай жерде орналасқан. Ауылдың батысында биік дөңес жер бар. Бұрын осы дөңесте Қырықүйсай ауылы жайлаған, тың көтеру жылдарында бұл ауыл да жойылды, кейін Калинин колхозы құрылды. Міне, осы ауылдың маңындағы биік төбені айнала бес болыс ел өмір сүріпті. Сол жерде Қожабек әулие дүниеге келген. 1723 жылдардағы жоңғар шапқыншылығы біздің өңірді де жанап өтті. Мыңғырған малынан, шұрайлы жерінен айырылған халық қолына қару алып, бір тудың астына жиналды. Абылай сұлтан, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Әз Жәнібек бастаған мыңдаған қолға біздің өңірден де жігіттер шайқасқа аттанады. Қожабек әулиенің бұл кезде жасы жетпіс сегізде екен. Басында ақ сәлде, ақ сақалды, ақбоз ат мініп жүріпті. Осы жерді мекен еткен керейлер әулиеге қатты сыйынған. Бұл кісі аруақты адам болған деседі. Абылай бастап келген қолға қолдау көрсетіп, әскерінің астына жылқы беріпті. Абылай өзін қатты сыйлаған әулиеден бата алып, соғысқа аттанады. Ауылда шал-кемпір мен бала-шаға ғана қалады. Барлығы әскерге азық-түлік, киім-кешек даярлауға күш салады. Қорғаны жоқ елді көрген жоңғарлар ел шетіне қырғидай тиіп, жылқыларын айдап кетеді. “Жау шапты!” – деп айқайлаған қыз-келіншектер дауысы жер жарады. Әулие бүк түсіп жатып қалады. Мұны көрген адуын, ашушаң, долы жетпісті алқымдаған кемпірі кіріп келіп:

Түскенде ел басына заман ақыр,

Сорлы шал жер бауырлап неге жатыр?

Сені әулие деп жүрген ақымақпыз,

Рас болса, пірлеріңді тездет шақыр, – деген кемпірге әулие ұшып тұрып, ақырғанда кемпір талып құлайды. Содан құманымен сыртқа шығып, дәретін алып, қанжарын жерге сұғып, көк аспанға тесіле қарап пірлерімен тілдескендей, күбірлеп дұғасын оқи бастайды. Қайта үйіне кіріп, басына ақ сәлдесін салып, қолына аса таяғын алып, батыстағы төбенің үстіне шығып, жылқы кеткен шығысқа қарай қарап, айғайды салып, жылқыны шақырады. Таң атқанша солай отырады. Таң ата шығыстан шаң көрінеді. Жылқының ел шетіне қайта келгенін түсінген ағайын сүйіншілеп қуанады. Ал қалғандары әулиеге бас иіп, тағзым етеді. Жылқының соңында келген қарақшы аттан түсіп, әулиенің аяғына жығылып, кешірім сұраған. Жоңғар қарақшысы түнде жылқыны айдап, бақташы шалды байлап кеткенін айтады. Елу жігітті бастаған қарақшы таң ата ащы дауыс естігендерін жеткізген. Бар жылқы кері бұрылып, артқа қашып, қайыруға дес бермеген. Тұман басып, жолдың екі жағы қара түнекке айналған. Алдарынан басы аспан тіреген алып шал бейнесі көрінген. Сөйтіп, олар бас сауғалап, жылқы соңынан бірге ілесіп келген. Әулиеге жалбарынып, аман алып қалуын сұрайды. Бұл сәтті Уәли Оразбаев поэмада былай суреттейді:

Көрінбе енді көзіме, ізіңмен қайт,

Қасиетті жерімді баспа, залым.

Дегенде шығыс жаққа көзін қадап,

Түгендеп отырғандай жылқы санап.

Қос шырақ осы жерде жарқыл беріп,

Бабаның екі иығын өтті жалап.

Әулие жас жігітше атып тұрды,

Нығыз басып, тездетіп үйге кірді.

Жоңғардың жеңіліс табатынын алдын ала болжаған әулие жоңғарларға тиіспейді. Қазақтың кең-байтақ жерін аман-есен сақтап қалу оңай болған жоқ. Бұл – Абылай хан, Қожабек әулие сияқты бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен әр қыры мен өрін, төскейі мен беткейін, көлі мен шөлін қанын төгіп қорғап, ұрпаққа мұраға қалдырған жер. Сондықтан да оның әрбір түп көдесі мен бұтасына дейін қазақ үшін қымбат та қасиетті. Сайын далада қазақ секілді көшпелі өмір сүрген халық аз емес. Солардың кейбірі, тіпті, тарих сахнасынан өшіп, жер бетінен жойылып та кетті. ХVIII ғасырда қысқа күнде қырық шауып, бейбіт жатқан елді қыра беруді білген жоңғарлардың бүгін жер атауларынан басқа ізі де жоқ. Ал қазақ жол бастаған көсемдері, қол бастаған батырлары, сөз бастаған шешендерінің арқасында ұйысып аман қалды. Алып аумағын шашыратпай, ұрпағына бүтін жеткізді. Елі мен жерін сыртқы жаудан қорғап, ұлан-ғайыр аймақта жатқан қандастарын жауға қарсы бірігуге шақырған ерлердің бірі – Қожабек әулиені танып-білуге деген өскелең ұрпақтың қызығушылығы басым. Бұл азат елдегі патриоттық сезімнің бір көрінісі болса керек.

Абылай хан жауды жеңіп, Отанын азат етеді. Дұшпандарды тау асырып, қуып салады. Қоңтайшы бүкіл әулетімен қазақ әскерінің қолына түседі. Сонда Абылай хан зор дауысымен саңқ етіп:

“Жауды жеңіп, жоңғарды қуған сендер,

Әрқашан қолдай берсін бізді Құдай”, – деп айғай салады. Әрі қарай:

“Ақтабан шұбырынды тартқан зарын

Кек қайтардық, өш алдық ер қазағым

Дұшпанның көтермейтін еш мазағын”, – деп әскерді елге қайтаруға шешім қабылдайды. Ал Қожабек көріпкел Абылайға хабаршы жіберіп:

“Жібердім бес биелік отыз саба,

Он бес үйді және де болар пана.

Соңғы рет тірлігімде бергенім сол,

Демейсіз болғаны ма осы ғана.

Елу жылқы, жүз қойды тойдағы асқа,

Даярлап бар керекті мұнан басқа.

Жарты ай бойы Ордада күтіп жатыр,

Қарттардан басшылар бар, өңкей жастар.

Жібердім бір жүз елу сауын бие,

Жылқышы, сауыншылар оған ие.

Жіберген жүк тасуға отыз түйе, – деп жеңіске жеткен қазақ әскеріне сый-құрмет көрсеткен. Абылай хан Қожабек әулиеге осындай жомарттығы, соғыс кезінде жасаған қажетті көмектері үшін шексіз ризашылығын білдіреді. Хан Қожабек дүниеден өткен жағдайда сүйегін Түркістанда жерлеуге шешім шығарады. Бұл шешімді күні бұрын естіген ол өзінің 97 жаста дүниеден өтетінін білген. Бірақ Абылайдан сүйегін Түркістанға апармай, осы Бидайық дөңесіне жерлеуді сұрайды.

“Жатсыншы туған жерде жансыз денем,

Тоқсан жеті – мүшелім толғанда өлем,

Фәниде артта қалған ұрпақтарды,

Пірлерім жүрсін әр кез желеп-жебеп.

Абылай қазағымның сен данасы,

Еліңнің сен тірегі, ой-санасы.

Халқыңның құтты болсын Жеңіс тойы,

Боздақтарға арналып берген асың”, – деп хатын аяқтаған.

Хан оның өтінішін орындайды. Әулиенің өсиеті бойынша ол Бидайық дөңесінде жерленді. Бұл дөңес қазір тоғыз жолдың торабына айналған. Кейін адамдар әулиенің жатқан жеріне келіп, зиярат ететін болды. Ауруы асқынған адамдар, Алладан сәби сұраған мұңлықтар аяқтарынан тік тұрып, тоғыз айдан кейін бала сүйеді екен. Зират басындағы садақаны жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға алуға рұқсат берілген.

Орыстың мұжықтары Қазақстанның солтүстігіне ХІХ ғасырдың ортасында қоныс аударып, осы дөңесті жыртып, егін салмақшы болған. Бірақ солардың бәрі өздеріне қол жұмсап, аяғы қайғымен аяқталыптымыс.

Әулие бабадан тараған ұрпақ та жоқ емес. Олар би, болыс болған. Кейбірі оқу оқып, өнер-білім қуған. Әулиенің алтыншы ұрпағы – Ермек Серкебаев екенін біреу білсе, біреу білмес. Аруақты бабасының қолдауымен ол өзін де, қазақты да дүйім жұртқа танытты.

Бүгінде Қожабек әулие жерленген дөңес те аласарды. Бұл табиғи құбылыс шығар. Келе-келе солақай саясаттың салдарынан зират орны тегістелген. Бірақ әулиенің жерленген орны анықталып, ұрпақтары басына ескерткіш тақта орнатты. Қазір зират басына тәу етіп баратын адам көп.

Жұмабай ҚҰДАЙҚҰЛОВ,

Өндіріс орта мектебі директорының орынбасары.

Уәлиханов ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика