Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT СЕГІЗ СЕРІ РУХЫНА АРНАЛҒАН САЙЫС

СЕГІЗ СЕРІ РУХЫНА АРНАЛҒАН САЙЫС

Облыс орталығындағы “Жастар” стадионында “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қоры және Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен шағын футболдан дәстүрлі “ER JANIBEK CUP” халықаралық турнирі өтті. Әнші, сазгер Сегіз сері Баһрамұлының 200 жылдық мерейтойына арналған биылғы бәсекеге әлем мен еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық жас қатысты.

Осымен төртінші мәрте жалауы желбіреген жарыстың түпкі мақсаты – әлемнің әр түкпіріндегі қазақ жастарының бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ата-жұртымен қауыштырып, қазақтың біртуар тұлғаларымен таныстыру. Дүбірлі додада Франция, Австрия, Дания, Түркия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерінде тұратын қандастарымыздан құралған командалар мен ел өңірлері жастарынан жасақталған құрамалар сынға түсті. Игілігі мол турнирге облыс әкімдігі, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және “Қызылжар жастары” қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.

Спорттық шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға ризашылығын жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек”, – деп атап көрсетіп, тарихи тұлғаларымызды ұлықтау қажеттілігін алдымызға мақсат етіп қойды. Үстіміздегі жылы даңқты батыр, ақын Сегіз сері бабамыздың шығармашылығын насихаттау үшін “Сал-серілердің серкесі” атты республикалық ақындар айтысын, республикалық халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерінің “Гауһартас” фестивалін өткіздік. Бүгінгі турнир де бабамызға деген құрметтің бір белгісі, – деді Дәурен Жандарбек.

Бұдан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев бұл саяси маңызы зор спорттық шара жүрегі елім-жұртым деп соққан, қаны қазақ жастарының достығы мен ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізетінін айтты. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметова шетелден ат терлетіп келген жастарды өңірімізге жасаған алғашқы сапарымен құттықтап, шараның мән-маңызын айшықтады. “Бүгін Қызылжар жерінде керемет той. Қазақта тойдың түрі көп, бірақ соның ішінде бүгінгі кездесудің орны ерекше. Ол бүкіл қазақтың тұңғыш әнұранын жазған, Исатай мен Махамбеттің серігі батыр Сегіз сері Баһрамұлының 200 жылдығына арналып отыр. Оған алыстағы ағайындар, ата-бабасы аңсаған жерді көргісі келген, қазақ бауырларымен танысқысы келген ұлтжанды жастар жиналды. Бүгінгі шара оларға рухани азық болатынына сенімдімін”, – деген Күләш Ділдәқызы қандастарымыздан әлемнің қай қиырында жүрсе де, елімізде осындай тұлғалар болғанын естен шығармай, бір-екі әнін үйреніп қайтуын сұрады. Бұдан соң “Әлқисса” ансамблінің жеке орындаушысы, дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов әннен шашу шашты.

“Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркияның айтуынша, 2006 жылдан бері жұмыс істейтін қор осы уақытқа дейін үш турнир ұйымдастырған. 2015 жылы Алаш Орда қайраткерлері еске алынса, 2016 жылы өткен турнир Қытайдағы ұлтазаттық көтерілістің қаһарманы Зуқа Сәбитұлының 150 жылдық мерейтойына арналған. Ал былтыр белгілі ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына орай өткізілген. Алғашында ел ішілік жарыс ретінде басталған сайыс соңғы үш жылда қанат жайып, әлемдегі қазақ жастарын қамтыған.

– Сан қырлы тарих қазақ халқын әлемнің әр тұсына тарыдай шашып жібергені мәлім. Өзінің еркімен емес, өзгенің өктемдігімен туған ел, өскен жерін амалсыз тастап кеткендер қаншама?! Екі арасын шекара бөліп, ағайынға жете алмай жүргендері де аз емес. Бүгінде жер жүзінің жарты бөлігіне жайылған қазақ өзіне бұйырған жарық күнін кешіп жатыр. Көңілге демеу – тәуелсіз Отандары – Қазақстан бар. Осындайда, кешегі бабаларымыздың “бармасаң-келмесең жат боларсың” деген ұлағатты сөзі еске түседі. Әсіресе, бүгінгі ұрпақ өзінің елін танып, жерін біліп, ұлттық болмысына бойлау үшін қарашаңырақ – Қазақстанға табан тіреп тұрғаны қажет-ақ. Бұл рухани жаңғыру аясында арғы-бергі тарихын түгендеп, Алаштың бірлігін бекітіп жатқан үлкен үдеріске де сай келмек. Олар келген сәтінде, ұлт тарихында орны бөлек, атақты тұлғаларды өнеге тұтып, олардың елі мен жеріне қосқан үлесін біліп, сол арқылы түп-тамырына терең үңілсе қандай ғанибет, – деді Жеңіс Түркия.

Екі күнге созылған бәсекеде 24 команда өзара мықтыны анықтау үшін 40 кездесу өткізді. Тартысты додада шетелден келген қандастарымыз жақсы ойын үлгісін көрсетсе де, еліміздің 4 құрамасының бағы жанып, жартылай финалға жолдама алды. Қола жүлде үшін болған сында солтүстікқазақстандық “Динамо” командасы мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрамасы кездесіп, көкшетаулықтар 3:2 есебімен басым түсіп, жеңіске жетті. Ал алматылық командалар – “Бірлік-Керуен” мен “Сауыр” арасында болған ойында соңғысы үш сәтті шабуыл жасап, жеңімпаз атанды.

Жарыстың жабылу салтанатында “Динамо” командасының ойыншыларына – 200 мың теңге, көкшетаулық командаға 300 мың теңге сыйақы табысталды. Ал “Бірлік-Керуен” құрамасына 500 мың теңге берілсе, қарсыластарын шаң қаптырған “Сауыр” құрамасы 1 миллион теңгеге ие болды. Бұдан бөлек, қарсылас қақпасына 19 доп салған “Сауыр” командасының ойыншысы Қуаныш Советов “Сұрмерген” атанса, “Бірлік-Керуен” құрамасының өкілі Еркін Нұржанов – “Үздік қорғаушы”, көкшетаулық құраманың мүшесі Мұхамадия Ахмадиев “Үздік қақпашы” аталымдарында топ жарды. Сондай-ақ, өзге командалар да құр қол қайтпады, оларға Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Салтанат соңында “Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Толқын Ақан шараның негізгі мақсаты спорттық жарыс емес, қазақтың берекесі екенін айтып, қатысушыларға деген ақ тілегін бір шумақ өлеңмен өрсе, қор президенті Жеңіс Түркия жастарға осылай жыл сайын жиналып тұруға қолқа салды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика