Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ШАРТАРАПҚА МӘЛІМ БОЛҒАН ЕСІМІ, НЕБІР ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕСІГІ

ШАРТАРАПҚА МӘЛІМ БОЛҒАН ЕСІМІ, НЕБІР ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕСІГІ

Қызылжардың кез келген жері әйгілі Асан қайғы бабамыз Желмаясынан түсе қалып айтқандай, “Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең өмір сүретіндей” қасиетті. Әйтсе де, облыс орталығынан жетпіс шақырымдай алшақ жатқан Есіл ауданының орны алабөтен.

Олай деуіміз жайдан-жай емес. Өйткені, қойнауына құт қонып, береке дарыған осынау киелі топырақтан қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, ғылымында өшпес із, сара сүрлеу қалдырған небір айтулы саңлақтар: үлкен ғалымдар, ардакүрең ақындар мен көрнекті жазушылар, талантты журналистер, бір сөзбен айтқанда, ерен еңбектерімен елдің ыстық ықыласына, қошемет-құрметіне бөленген тұлғалар түлеп ұшқан.

“Есілім, ойнап өстім айдыныңда,

Қалмады басқан ізім қай құмыңда?

Сен менің сарқылмайтын қуанышым,

Сен менің бақытым да, байлығым да.

 

Кім сүймес туған жердің топырағын,

Қиялдап майсасында отырамын.

Алыста жүрсем-дағы білсін елім,

Жүректе сағыныштың оты барын”, – деп перзенттік сезімін, іңкәр сүйіспеншілігін жырларының негізгі арқауына айналдырған аяулы ақын Есләм Зікібаев – осы өлкенің тумасы. Түкпірдегі оймақтай ғана Өрнек ауылынан шыққан ақын ару Алматыға арман қуып ҚазМУ-дің журналистика фа­культетіне оқуға түседі. Сол кездегі “Қазақстан пионері”, “Социалистік Қазақстан” газеттерінде жұмыс істеп, журналистика саласында жарқырай көрінген қаламгердің “Ақ қайыңдар”, “Ақ айдын”, “Ақ сағым”, “Құс ғұмыр”, “Дүние жал­ған”, “Арна” жинақтары – қазақ әдебиетіне қосылған құнды мұралар. Поэзия көгіндегі қысқа ғұмырында жиырмаға жуық жыр жинағын артына өшпес қазына ретінде қал­дырған қаламгерді Есіл жұртшылығы ғана емес, күллі Қазақстан ерекше құрметтейді.

Осы ауданнан мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Сағдиевтің шыққанын білмейтін адам кемде-кем шығар. Жастайынан қара жұмысқа араласып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымына дейін көтерілген айтулы тұлғамен жерлестері мақтанады. Көзі тірісінде бар күш-жігері мен білімін Қазақстанның дамуына арнаған тұлғаның туған жеріне жасаған игілікті істері де ауыз толтырып айтарлықтай.

Жекекөл деген алақандай ғана ауылда өмірге келген композитор Жоламан Тұрсынбаевтың есімі ауданда ерекше құрметпен аталады. Қазақ музыка өнерінің, соның ішінде классикалық деңгейдегі опера өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан сазгердің туған жеріне, өскен өңіріне деген жүрекжарды лебізін:

“Еркелеттің, Қызылжар, еркелеттің,

Қанатымды қатайттың ертерек тым.

Сенің ұлың дегенде кір келтірмей,

Жүруді жүрегіме желкен еттім”, – деп білдіруі Есіл топырағының қасиетін аңғартса керек. Есілден шығып, елдің сөзін сөйлеген тұлғалар мұнымен шектелмек емес.

Осы өлкеден бес Кеңес Одағының Батыры, алты Социалистік Еңбек Ері шықты. Бәйкен Әшімов пен Еркін Әуелбеков сияқты қайраткерлер де осында қызмет атқарды. Түрлі салада жемісті еңбек етіп, маңдай терлері мен қажыр-қайраттарын туған жердің түлеуіне арнаған Жәлел Қизатов, Жақсылық Ысқақов, Абай Тасболатов, Қанаш Шәкенов, Мүтәллап Қанғожин, Аяған Шәжімбаев, Бүркітбай Аяған, Әйіп Ысқақов, Мәлік Мұқанов, Бақыт Мұстафин, Болат Қожахметов сияқты арда азаматтар салған соқпақ бүгін де жалғасып жатыр. Біз оған Есіл ауданының тоқсан жылдық мерейтойына арналған “Болашаққа бастаған тоқсан жыл” деген атаумен өткізілген іс-шарада куә болдық.

Мерекелік шара облыстық филармонияның жанындағы “Мереке би” және “Әдемі-ау” ансамбльдерінің “Туған жер” композициясымен ашылды. Барша есілдіктерді осынау мерейлі датамен өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко құттықтады. Владимир Степанович облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына Есіл ауданының қосып отырған үлесінің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы мен “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” Үндеуінде айтылған міндеттер мен тапсырмалардың ауданда нақты жүзеге асырылып жатқанына назар аударды.

– Қазақстан Тәуелсіздігін қалыптастыруда және нығайтуда Есіл ауданынан шыққан азаматтардың қосқан үлесі зор. Есіл ауданы жыл сайын өркендеп келеді. Экономиканың барлық саласында қол жеткізген жетістіктері айтарлықтай. Ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы табыстары – ауданның айшықты белесі. Есілдіктердің ел дамуы үшін қабылданып жатқан бағдарламалар мен стратегияларды сәтті жүзеге асыруы – облысымыздағы барлық ауданға үлгі. Бүгінгі дүбірлі той – сол игіліктердің жарқын көріні сі, – деді Владимир Бубенко.

Осы салтанат үстінде аудандағы “Ильинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Бурлевке Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді. Құрылғанына жиырма жылдан астам уақыт өткен кәсіпорын – аудандағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Соңғы бес жылдан бері гектар басына 20 центнерден өнім алып келген шаруашылық аудандағы жұмыссыздық мәселесінің де бір жолға қойылуына ықпал етіп келеді. Өз сөзінде Александр Владимирович кәсіпорынның қол жеткізген табысының бәрі Мемлекет басшысының ауыл кәсіпкерлеріне жасап отырған қолдауының арқасында екенін, ауданның дамуына әлі де талмай үлес қоса беретінін жеткізді. Дүбірлі тойда еңбектерімен аудан ырысын еселеген бірнеше адамға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Ұзақ жылдар бойы бұрынғы Мәскеу ауданы агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы болған Кемеңгер Әмрин Есіл ауданының құрметті азаматы атанды.

Аудан әкімі Мұратбек Әбішев жиналғандарды торқалы тоймен құттықтап, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып өтті. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы кәсіпорындары құрайды. Өткен жылы бұл саладағы жалпы өнімнің көлемі 32 563,7 миллион теңгені құраған, биыл бұл көрсеткішті еселеу жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы 204,6 мың гектар алқапқа дәнді дақыл, 58,7 мың гектар жерге майлы дақыл егілген.

Ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын заманауи технологиялар енгізіліп, өсімдіктерді химиялық қорғау құралдары мен минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемі ұлғайтылуда. Бүгінде аудандағы жеті жүзден астам кәсіпкерлік субъектісі жемісті еңбек етуде. Тұрғындарды баспанамен, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. “Ауданымыздың осынау мерейлі белеске қол жеткізуі ел үшін еңбектерін сарп еткен аға буын өкілдерінің арқасында мүмкін болып отыр”, – деген Мұратбек Жапасұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, осы ауданның тумасы Сапар Дүйсеновке есілдіктердің атынан жылы лебізін жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Есіл ауданының тоқсан жылдығы қарсаңында “Тілек кітабы” құрастырылып, оған бір жыл бойы аудан тұрғындары мен қонақтарының ізгі ниеттері, ақжарма тілектері жазылған. Мерекелік шара барысында тұрғындардың қолтаңбалары қалған кітапты аудан басшысы музей директорына табыс етті. Торқалы тойдың мәні мен маңызын көрсететін “Ең үздік логотип” конкурсы жарияланған. Бұл байқауға қатысуға ниет білдірген елуден астам тұрғын өздерінің қиялдарынан туған туындыларын ұсыныпты. Салтанатты сәт үстінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге қол жеткізген Алматы ауылдық округінің тұрғыны Дина Шалабаеваға ақшалай сыйлық тапсырылды.

Той қызығын облыстық филармонияның бірқатар өнерпаздары қыздыра түсті. Олардың қатарында осы жердің тумасы Біржан Есжанов та бар. Жерлестерін “Сарыарқа” әнімен құттықтаған өнерпаздың өнеріне жұртшылық сүйсінді. Есіл ауданының тарихы осыдан тура тоқсан жыл бұрын, яғни 1928 жылдан бастау алады. Аудан тарихында Татьяна Жукова, Дмитрий Россинский, Яков Карабельников сияқты еңбек ардагерлерінің алар орны айрықша. Ауданның құрылған кезінен бүгінге дейінгі жолы көрсетілген қойылым осы көсегесі көгерген киелі жерде кіндігі кесілген әрбір адамды бейжай қалдырмағаны анық. Жиналғандар сахнадағы LED-экраннан Ұлы Отан соғысы жылдарында елдің амандығы, жұрттың тыныштығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Кеңес Одағының Батырлары – Жәлел Қизатов, Ғали Зәкіров, Ысқақ Ыбыраев, Тимофей Позолотин, Павел Коваленко, Александр Ершов сияқты азаматтардың өмірі туралы бейнекөріністі тамашалады. Олардың ерліктері – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Кеш барысында шырқалған “Туған жер”, “Жаса Қазақстан!” әндері әрбір тыңдарманның көңіліне шуақ құйып, шара Есіл ауданының әнұранымен түйінделді. Әнұранды орындарынан тік тұрып бір мезетте шырқаған тұрғындарды көріп бір марқайып қалдық.

Торқалы тойға аудандағы 16 ауылдық округ өздерінің сыйлықтарын алып келіпті. Әр ауылдық округ ақшаңқан киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті. Бірі домбыра тартып, ән салса, енді бірі жаңа туған сәбиді бесікке бөледі.

– Біз осынау мерейлі шараға жыл басынан бері дайындалдық. Ауылымыздағы білім, мәдениет ошақтарында ауданның тарихын, тұлғаларын жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында түрлі танымдық іс-шаралар өткізілді. Ауылымызда сегіз жүзге жуық тұрғын бар. Олардың үш жүзден астамы жұмыспен қамтылған. Бүгінгі қорытынды шараның ұйымдастырылуына ауылдағы кәсіпкерлер қолдау көрсетті, – дейді Тораңғұл ауылдық округінің әкімі Данияр Қозыбаев.

Мерейлі тойға аудандық ардагерлер кеңесінің де қосқан үлесі қомақты. Мұны бізге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев айтып берді. Бүгінде ардагерлер кеңесіне аудандағы 4853 адам мүше. Аға буын өкілдерінің біразы облыс орталығында тұрады. Олардың ауданмен байланысы үзілмеген. Үстіміздегі жылдың ақпан айында Петропавл қалалық Мәдениет үйінде Есіл ауданынан шыққан қарттармен кездесу өткен. Аудан орталығында Есілден шығып, еліміздің өзге өңірлерінде тұрып жатқан белгілі тұлғалармен кездесулер, “дөңгелек үстел” отырыстары өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат – біреу. Туған жер топырағынан нәр алған азаматтарды жас ұрпаққа таныту, аға буынның қоғамдағы рөлін күшейту.

Тоқсан жыл тарихтың өлшеуішіне салып қарасақ, аз мерзім емес. Осынау уақыт бедерінде Есіл ауданы өсті, өнді, көркейді. Бақытты болашаққа құрған жоспарлары да аз емес. Лайым көздеген мақсаттың үдесінен шыға бергей!

Сапар ДҮЙСЕНОВ, соғыс ардагері:

“Қазақ “Туған жерге туыңды тік” деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. “Ауылым – әнім” атты әнді айтқанда, “Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін” деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер”, – деп атап көрсетті Елбасымыз өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында. Әр адам үшін туған жерден биік табалдырық та, тау да болмауы керек. Менің кіндік қаным осынау көсегесі көгерген жерде тамды. Бозбала кезімде соғысқа аттандым. Қырғын майданнан аман келуіме де осы жердің киесі, өзім туған ауыл ақсақалдарының ақ батасы сеп болды деп ойлаймын. Содан кейінгі жылдары бар еңбегімді облысымыздың дамуына арнадым.

Қазіргі Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан жас ұрпақ бақытты. Олардың ойлары, саналары азат. Туған жерлерін тілдері жеткенше мақтай алады. Біздің заманымызда ондай мүмкіндіктер болмады. Соны олар бағаласа деймін. Бүгінде Алматы қаласында ұлымның қолында тұрып жатырмын. Туған жердің тойы өтеді дегенді естіп арнайы келдім. Қазір жасым тоқсаннан асты ғой. Адам қанша жасқа келсе де, перзенттік махаббат өшпейді екен. Сол бала күнгі еркелік, мейірім, сағыныш – бәрі жүрек түкпірінде сайрап тұр. Қайда жүрсем де, Есілімнің, елімнің, Отанымның амандығын, өркендеп өсуін тілеп жүремін.

 Қайрат ҚАНАФИН, паралимпиадашы:

Мен 1975 жылы Есіл ауданына қарасты Амангелді ауылында қарапайым шаруа отбасында өмірге келдім. Бақытты балалық шағым да сол ауылдың баурайында өтті. Ондағы орта мектепті бітіргеннен кейін араға көп уақыт салмай Отан алдындағы парызымды өтеу үшін Алматыға әскерге аттандым. Одан кейінгі қилы тағдырымнан солтүстікқазақстандықтар хабардар. Мойымадым. Қиындыққа қарсы тұра білуді маған өзім өскен Есілдің азаматтары үйретті. Ең алғаш спорт сайысында бой көрсетуіме туған жерім Амангелді ауылдық округінің әкімі Теміржан Сәдуов, кәсіпкер Василий Шкодин сынды азаматтар қолдау білдірді. Осындай жомарт жандардың көмегімен спорттық сайыстарға қатыса бастадым. Әлі есімде, 2008 жылы Ресейдің Зеленоград қаласында мүгедек спортшылар арасында шаңғы спортынан өткен додада бақ сынап, жүлделі үшінші орынды еншіледім. Сайыста 42 шақырым 195 метрді бағындырып, мәреге үшінші болып жетуім мені одан сайын шыңдап, жарқын болашаққа жетеледі. Елімнің туын желбірету үшін мүмкіндігімнің шектеулі екеніне қарамастан, одан сайын жігерлене түстім. Сочиде өткен қысқы паралимпиадалық ойындарға қатысып, тұңғыш қазақстандық биатлоншы атанғанымды толағай табыстарымның ішіндегі шоқтығы биігі деп айтар едім. Осынау жеңістердің бастауында туған жерімнің, ондағы азаматтардың жақсылығы, қамқорлығы тұрады. Бүгінгі тойға арнайы келдім. Ұйымдастырылып жатқан шаралар көңіл қуантады. Ең бастысы, ақсақалдар да, жастар да риза. Олардың қуанышты көңілкүйлері осы өңірдің перзенті ретінде жаныңа нұр құяды, өмірге деген құлшынысыңды арттырады. Алдағы уақытта Германия мен Швецияда өтетін додаларға дайындалып жүрмін.

Катерина МАЗГУНОВА, Николаевка ауылындағы “Бірлік” этномәдени орталығының төрайымы:

Маған қазақ халқының “Бірлік бар жерде тірлік бар” деген мақалы ұнайды. Бұл қанатты сөзді балаларыма, айналама, ұжымыма үнемі айтып жүремін. Қазақстанның бүгінге дейінгі өмірі көз алдымда өтті. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықты да елмен бірге еңсердік. Жыласақ та, жігерімізді жасытпадық. Осының бәрі бейбітшілік пен ауызбіршіліктің арқасында мүмкін болды. Өзім жетекшілік етіп отырған Николаевка ауылдық округіндегі “Бірлік” этномәдени орталығының құрамында екі жүзге жуық адам бар. Дені – жастар. Солай болуы заңдылық та. Өйткені, жастар – еліміздің ертеңі. Оларға үнемі татулық пен тыныштықтың қадірін айтып отырудан жалыққан емеспін. Бүгінгі тойға қолөнер шеберлерінің бұйымдарын әкелдік. Қолымызбен жасаған дүниелеріміз де қазақ халқының қонақжайлылығын дәріптейді.

Қарттардың төрде отырып, концерттік бағдарламаны тамашалағаны, жастардың ауданның тарихын танытатын түрлі шараларға белсене қатысқаны, сәбилердің қуанғаны, күлгені қандай жарасымды! Мерекенің көздеген мақсаты да осы емес пе?!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Мейраш ӘБУОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика