Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЕҢБЕКПЕНЕН ЕСЕЛЕНГЕН ЫРЫСЫҢ, ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХЫҢМЕН ІРІСІҢ!

ЕҢБЕКПЕНЕН ЕСЕЛЕНГЕН ЫРЫСЫҢ, ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХЫҢМЕН ІРІСІҢ!

Ерке Есілді жағалай жайғасқан жері шұрайлы, шөбі шүйгін Шал ақын ауданы көркем табиғатымен де, бай тарихымен де, біртуар тұлғаларымен де дараланады. Өткен ғасырдың басында құрылып, өркендеуге бағытталған, тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырып, өзіндік даму жолына түскен ауданның бүгінгі тұрмысы келісті, басқан қадамы нық, болашағы жарқын. Ауданның 90 жылдық мерейтойы барысында осыған тағы бір рет көз жеткізе алдық.

Шал ақын ауданы – қойнауына құт дарыған киелі мекен. Осы жердің қасиетті топырағында қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан тұғыры бөлек тұлғалар дүниеге келді. Әріден бастайтын болсақ, олардың қатарында ержүрек батырлар Құлсары мен Құлеке, сөз өнерінің шеберлері Тілеуке Құлекеұлы (Шал ақын), соқыр Тоғжан мен Қожанбай ақын да бар. Кейінгілердің ақындық сал-тдәстүрін Ғалым Малдыбаев, Кәкімбек Салықов, Ахметжан Нұртазин, Жарасбай Нұрқан және тағы басқалар жалғады. Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын тапқан Герольд Бельгердің, Ермек Қонарбаевтың көптеген туындыларына туған өлкенің сұлу табиғаты мен аяулы жерлестері арқау болғаны аян.

Еліміздің биология және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, химия, металлургия, экономика, филология салаларының көрнекті ғалымдары Қазис Тәшенов, Евней Бөкетов, Аманжол Қошанов, Мырзатай Серғалиевтер де – осы жердің тумалары. Ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко да осы қасиетті жерде дүниеге келген. Ел туын әлемдік тұғырларда асқақтатқан жеңіл атлетикадан Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Маргарита Мацко болса – осы ауданда туған кейінгі жас буынның өкілі.

Ғасырға жуық тарихында Шал ақын ауданының шекарасы мен атауы бірнеше мәрте өзгерген. Алғашқыда ол Төңкеріс ауданы болып құрылып, кейін Ұлы Отан соғысы қарсаңында – Октябрь, ал 1963 жылы Сергеев ауданы деп аталды. Қазақтың төкпе ақыны Тілеуке Құлекеұлының (Шал ақын) есімін алып жүргеніне, міне, жиырма жылға жуықтады. Ауданның құрылған шағынан осы күнге дейінгі өсіп-өркендеу жолында талай азаматтардың ерен еңбегі жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

“Шал ақын ауданы даму көрсеткіштері бойынша облысымызда ылғи алдыңғы қатардан көрінді. Тұрғындарымыз ауданның қарыштап дамуын бір кездері осы жерде басшылық қызмет атқарған Ніл Болатбаевтың, Жақсылық Ысқақовтың, т.б. есімдерімен байланыстырады. Нағыз гүлдену шағы Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин басқарған жылдармен тұспа-тұс келді деп есептеймін. Оған деген құрмет мұнда әлі күнге дейін ерекше. Бұл кісілерден кейін ауданда оннан артық басшы ауысты. Олардың әрқайсысы да аудан тіршілігіне өзіндік жаңа леп әкеле білді”, – дейді жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин өткен күндерге көз жүгіртіп.

Шалақындықтар ерекше мақтан тұтып, ардақтайтын тұлғалар, расында, өте көп. Өлкемізді дүйім жұртқа таныта білген, аудан мен елді мекендерінің құрылуына, дамып-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан сол азаматтардың есімдері ауданның 90 жылдығына арналған салтанатта ерекше құрметпен аталды. Торқалы тойда халыққа құттықтауларын жеткізгендердің тілегі де шын көңілден шығып жатты. Олар еңбегімен еленген ағаларымыздың ізін жалғап, ісін жалғастыратын ұрпақ амандығын тіледі.

Аудан орталығының іргесіндегі Ақанбарақ ауылы маңында өткен үлкен той жүздеген шалақындық пен қонақтардың басын біріктірді. Көптен бері ауылға жолы түспегендер үшін той алдындағы көріністің өзі жанға жылу сыйлай алды. Туған елді сағына жеткендер ағайын-туыспен, ауылдас, құрбы-құрдастарымен құшақ жая көрісіп жатса, ендігі жерде немерелері қарт ата-әжесін мереке төріне жетектеп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатты. Ауыл тұрғындары тойдың дайындық шараларына тонның ішкі бауындай жұмыла кіріскен. Ауа райы күрт өзгеріп, оң қабақ танытпай тұрса да, бұған мән беріп жатқан ешкім болмады.

Көптен күткен тойда құттықтаулар тиегі ағытылды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың мерекеге арнаған лебізін орынбасары Асқар Сақыпкереев жеткізді. Ол өткен күндердегі жетістіктерді тілге тиек ете отырып, бүгінде аудан егіншілік пен мал шаруашылығын ғана емес, шағын және орта бизнес, туризм саласын да көркейтуге нағыз қолайлы жер болып табылатынын атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында ежелгі қола дәуірінен сыр шертетін Байқара қонысы облысымыздың киелі жерлері картасына енді. Аудан тарихи ескерткіштерге, көлдер мен ақ қайыңды ормандарға бай. Оларды сақтай отырып, тиімді пайдалана білу де өте маңызды, – деді ол.

Өңіріміздің өзге аумақтық құрылымдары сияқты бұл ауданның да болашағы мен мүмкіндіктері өте зор. Экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі үстем. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында бұл салада 2654,7 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Осы кезеңде аудан бюджетіне бір жарым миллиард теңге инвестиция құйылған. Оның бір бөлігі туризм саласын көркейтуге бағытталыпты. Өткен жылы Сергеевка су қоймасының маңында жаңа туристік базаның құрылысы басталған болатын. Онда отызға жуық үй демалушыларды қарсы алады деп жоспарланып отыр.

Сергеевка қаласы мен ауданның өзге де елді мекендерінің көшелеріне жөндеу жүргізіліп, жаңартылып жатыр. Еңбеккерлерге жаңа үйлер салынуда. Бүгінгі таңда осындай игілікті істерге бастамашы болып отырғандар – жергілікті кәсіпкерлер. Мерекелік жиын барысында солардың бір тобы – “Дүйсеке Жер” ЖШС-нің директоры Ерболат Сахатов, “ВЕРД” ЖШС-нің директоры Дмитрий Рогалев облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ал “Нива-Крищенка” ЖШС-нің директоры Иван Пилин Алғыс хатымен марапатталды.

Аталмыш ауданмен әр кездері еңбек жолын байланыстырған азаматтар да елеусіз қалмады. Жиналғандарды мерейлі тоймен құттықтаған аудан әкімі Нұрлан Есімов олардың есімдерін атап, алғысын білдірді. Ал 2006-2008 жылдары ауданды басқарған облыс әкімінің бірініші орынбасары Айдарбек Сапаров, 1975 жылы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кейін ұйымдастыру бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков ауданның құрметті азаматы атағына ие болды.

– Туған жерден шалғайда жүрсем де, Солтүстік Қазақстан облысының жаңалықтарына құлағым түрік жүреді. Жерлестерім мен үшін туған бауырларымдай. Сондықтан олардың қуанышы менің де қуанышым. Торқалы тойды көзіммен көріп, қатысып отырғаныма өте ризамын. Бүгінгі күн маған керемет әсер беруде, – деді Анатолий Башмаков.

Нұрлан Есімов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларына, кәсіпкерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне Алғыс хат табыс етті. Шал ақын ауданы бүгінде даму көрсеткіштері бойынша облысымыздағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі екенін мақтанышпен жеткізді. “Мұндай жетістік алдымен ауызбірлігі жарасқан, еңбекқор жерлестеріміздің арқасы”, – деді аудан әкімі.

Ауданның құрметті азаматтарының бірі Манабай Үмітбаев – туған жері мен халықтың қамын ойлап, саналы ғұмырын сүйікті ісіне сарп еткен жан. Облыс тұрғындары оны бұрынғы “Ыбыраев” кеңшарының директоры ретінде біледі. Кезінде бұл ауылда баспана мен әлеуметтік нысандар көптеп бой көтерген еді. Қазыналы қарт қазіргі кезде сол игілікті істердің жалғасын тауып жатқанына қуанышты.

– Жарты ғасырға жуық замандастарыммен тіл табысып еңбек еттім. Еңбек жолымды қарапайым көлік жүргізушісінен бастап, трактор, комбайн тізгініне отырдым. Осылай өмірдің өзі бізді алға жетелей берді. Еңбек Ері Есім Шайкинге қарап бой түзеуге тырыстым. Ауданымызды алға ілгерілеткен Қабиден Шәйінов, Алексей Брагин сияқты беткеұстар бригадирлеріміз болды. Осындай тұлғалар қалыптастырған жолды жалғадық. Осылайша, ауыл шаруашылығына жаңаша серпін беретін мамандардың еңбегі тұрғындар өміріне сән берді, – деді аудан ардагерлері атынан сөз сөйлеген азамат.

Сергеевка қаласы аудан орталығы ретіндегі жарты ғасырлық тарихында талай өзгерістерді көрді. 90-шы жылдардағы ауыр кезеңдерде оның халы мүшкіл күйге түскені де жасырын емес. Қазір бұл қала жаңарып, жаңғыру үстінде. 2008-2011 жылдары ауданда әкім болып қызмет еткен Ұлттық экономика министрлігінің салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Әмірин Сергеевкада соңғы он жылда орын алған оң өзгерістердің бірден байқалатынын айтты:

– Шал ақын ауданында екі рет қызмет ету мүмкіндігі бұйырды. Осы жерде халық сөзіне құлақ аса отырып, мәселелерді бірлесіп шешуді үйрендім, үлкен өмірлік тәжірибе жинақтадым. Бүгін аудан орталығы көшелеріне көз жүгіртіп өттім. Көп өзгеріс байқалады. Жаңа емхана, көпқабатты үйлер бой көтеріп, жаңа баспаналар саны арт қан. Саябақ, гүлзарлар да көбейген. Мұндай елеулі өзгерістерге қуанбау мүмкін емес, – деді ол.

Бүгінде бір әттең-ай дегізетіні, ауданнан көшіп кетушілер саны қоныстаушыларға қарағанда басым екен. Табиғи өсімнің де қарқыны баяу. Алайда, осы мәселені шешу үшін мұнда тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге тұрақты көңіл бөлінетіні қуантады.

– Аудан халқына әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар оң нәтижесін беруде. Мұнымен қоса, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға жанашыр азаматтар көмек қолын созуда. Әсіресе, жұмыс орнымен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету секілді игі іске ұйытқы болып жатқан азаматтар көп, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Ғаббасова. Ол сөзіне мысал ретінде Мерген ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Виктор Окунев пен “Агро-Север” ЖШС-нің директоры Николай Луговойды келтірді. Арамыздағы осындай беткеұстар, жомарт жүректі азаматтарға риза болмау мүмкін емес.

Туған жердің төсінде қауыштырған мерекелі күннің тартуы мол болды. Той-шашу шалақындық өнерпаз Телжан Айтпенбетовтың туған жеріне арналған әсем әнімен бастау алып, күн ұзаққа жалғасты. Сахна алдындағы көрермендер жергілікті өнерпаздар және облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының, әншілер мен бишілердің өнерлеріне тәнті болды.

Бұл күні Ақанбарақтың іргесінде шағын этноауыл бой көтерген. Тізілген киіз үйлерде қазақтың ғана емес, ауданда тұратын өзге де этнос өкілдерінің салт-дәстүрін айшықтайтын көріністер қойылып, дастарқандар жайылды. Осының бәрін тойға арнайы әзірлеп әкелгендер – ауылдық округтердің тұрғындары. 19 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның құрамында он округ бар. Олардың әрқайсысының тыныс-тіршілігімен, ауыл шаруашылығында қол жеткізілген жетістіктерімен ақпараттық қабырғалардан оқып-біле алдық. Ал киіз үйлер алдындағы шағын көрмеге мектеп оқушылары мен қолөнер шеберлерінің туындылары қойылыпты. Мереке сәнін келтірген округ тұрғындарының еңбегі лайықты бағаланды. Қазылар алқасы Кривощеков және Новопокровка ауылдық округтеріне бірінші, екінші орындарды берді, алайда, өзге киіз үй иелері де сыйақысыз қалмады.

Мерекелік сайыстардың негізгісі ат жарысы алаңында өтті. Үш және бес шақырымдық қашықтықтағы бәйгеге аудан тұрғындарының отыз шақты сәйгүлігі қосылды. Осы тұста ат спорты түрлеріне қай ауылдың жақын екені де айқын байқалды. “Жанына халқымыздың жылқы жаққан...” деп ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, нағыз атбегілер Жаңажол ауылында көп болып шықты. Әрі бұл елді мекен жігіттері барлық ат спорты түрлеріне қатысты. Бәйгеге тұлпар қоспақ ниетпен Тайынша ауданынан да қонақтар келген екен. Тұяғымен топырақ төңкерген “Алан” мен “Фаворит” атты желмен жарысқан жүйріктер екі бәйгеде де бірінші келіп, иелеріне жүлделі орындарды алып берді.

Бұдан кейін көкпар мен аударыспақ ойындары басталды. Ептілік пен төзімділікті, сондай-ақ, қара күшті талап ететін аударыспаққа Жаңажол мен Жаңаталап жігіттері мықтап дайындалып келгені бірден көрінді. Жүлделі орындарды осы қос ауылдың білектілері жеңіп алды. Ал көкпарға екі топқа бөлінген Жаңажол жігіттері қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қара күш иесін анықтайтын тағы бір сайыс түрі – қой көтеруден алқаағаштық Әлібек Ғосманов жеңіске жетті. Ол еншісіне байланатын қойды 90 рет көтерді.

Ауданның спортшылары қазақ күресі, қол күресі, волейболдан жарысқа қатысты. Күрестен түрлі салмақ дәрежелері бойынша Нұрлыбек Әбдірахманов, Мерей Абдрасулов, Мейірбек Рахимов сынды балуан жігіттер бірінші орындарды қанжығаларына байласа, Петропавлдан келген Дәурен Нұрғожин түйе балуан атанды. Ол бас жүлдеге тағайындалған 50 мың теңгені ұтып алды.

Шал ақын ауданының ең үздік механизаторын анықтауға арналған байқау да көпшіліктің назарын өзіне аудартты. Оның шарты бойынша ауданның әр түкпірінен келген тоғыз жас тракторшы үш кезең бойы түрлі қиындықтарды еңсеруі тиіс болды. “Агро-Север” ЖШС-нің механизаторы Сайлау Өзбеков өзгелерге қарағанда ептірек болып шықты. Мұндай ерекше байқауды аудандық “Жас Отан” жастар қанаты мен жастар бастамалары орталығы ұйымдастырған екен.

“ТНТ-2020” ЖШС-і аудан мерекесін тойлауға келген жұртшылықты дастарқандарынан тегін дәм татуға шақырса, өзгелері сауда-саттыққа әкелген қолөнер бұйымдарын ұсынды. Бала-шаға көңілді ойындар мен би алаңдарынан аттап шықпады. Мерейтой көпшілік көңіліне ұмытпастай әсер қалдыра алды.

Шашубай МАЛДЫБАЕВ:

Бақ мекен

Бұл жерге мен жан емеспін жай бөтен,

Алтын бесік, туған ұям, бақ мекен.

Дидарыңды сағынғанда атажұрт,

Сенің ұшқан түтінің де тәтті екен.

 

Әлеует мол затың менен атыңда,

Мен жырлаймын ұлы жандар хақында.

Сенде туған абыз жырау, ақын да,

Сенде туған ел айбыны – батыр да.

 

Көз салғанда ырыс-құтың байқалған,

Өрісің мал, қырың-бегің жайқалған.

Төсіңде анау тың теңізі жайқалған,

Жандарың-ай, құрыш білек майталман.

 

Бір ғасырға жақындатқан ғұмырды,

Тоқсан жылың шашып тұр-ау нұрыңды.

Болашаққа жалғай түссін үніңді,

Туған жерім, тамаша той бүгінгі.

 

Беу ауданым, жайқалсыншы қанатың,

Көңіл толып мейіріміміз қанатын.

Мәңгілік ел осы емес пе, бауырлар?!

Армандаған Ғалым әкем, Шал ақын.

 

Дос сүйсінсін, дұшпан көрмей табалап,

Өссін ұрпақ ата жолын бағалап.

Ұлы Отанның игілігін асыру,

Жас азамат, болсын саған аманат!

 

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика