Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ

Жері қоңды, топырағы майлы, орманы ну Сібір аймағын алты алаштың қалың жұрты – қазақ рулары ежелден мекен етіп, атақоныс қылғаны тарихтан белгілі. Бір шеті Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінен бастау алатын осынау өлкенің тарихы бағзы заманда өмір сүрген сақ, ғұн дәуірінен басталады. Сібірдің қалың жынысты қарағай, шырша, самырсын өскен ну орманды жерін жергілікті халық “Шұбар іші” немесе жалпылама атаумен “Іш” деп атайды.

Осы өңірдегі Дүйсенбай ауылында 1902 жылдың 30 тамызында Сібір қазақтарының ортасында өз заманында беделді де абыройлы ел ағасы атанған орта шаруасы бар Бектемір ақсақалдың қара шаңырағында тұңғыш немересі Әйтіш (Айтмұхамбет) есімді ұлдан кейін Жұмабай есімді нәресте дүниеге келді. Шегірекұлы Байболат батырдың ұрпағы, ел ішіне кісілігімен танымал болған Бектемірдің Қожахмет, Шаяхмет, Нұрахмет есімді үш ұлы болған. Нұрахмет жігіт ағасы болған кезде тосыннан мерт болды, одан ұрпақ жоқ. Қожахметтен туған жалғыз ұл Әнуарбек өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары заманның ағымымен Аманқарағай (қазіргі Қостанай облысы) жаққа күнкөріс қамымен қоныс аударды. Атасы Бектемірге тартып жасынан зерек өскен Шаяхметтің ұлы Жұмабай әуелі ауыл молдасынан хат таныды да, ауылдан жиырма шақырым жердегі Сарыкөлде қазақ балалары үшін ашылған орыс-түзем мектебінде оқыды. Осы мектепті белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен біртуар азаматы Смағұл Сәдуақасов, қазақ әдебиетінің тұңғыш сыншысы Ғаббас Тоғжанов, драматург Бекмұхамед Серкебаев (КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі) және бірталай қазақ еліне есімдері мәлім азаматтар бітірді.

Жұмабай Шаяхметов Сарыкөлдегі мектепті ойдағыдай тамамдаған соң, қазан төңкерісі жылдары қазақ ауылында бала оқытып, ұстаздық етті. Сонымен қатар Омбы қаласының ірі байларының бірі Бақтыбай атасынан тарайтын Тілеукеұлы Жексенбайдың қырдағы сауда-саттық шаруасын жүргізетін көмекшісі болды. Замананың ағысы қай бағытқа бет алатынын болжап білетін көзі ашық, өзгелерден сауаты көш ілгері атасы Бектемірдің ұлағатты тәрбиесін көрген Жұмабай Столыпиннің қазақ даласын отарлау саясатының салдарын жас кезінде көзімен көріп, көкірегіне түйіп өсті. Орталық Ресейден Сахараға ағылған “қарашекпендер” мен “жөкеаяқтар” жергілікті халықты қысқы қыстаулары мен жазғы жайлауларынан ығыстырып, тұрғылықты қоныстарынан шеттетті. Омбы облысының Түменмен шектесетін солтүстіктегі аймағы сонау Тайбұға әулеттері билік құрған дәуірде Үлкен Үкі, Кіші Үкі атанған өңір (қазір Знаменский ауданы), Тарск қаласының орман-тоғайлы, жері шұрайлы маңайы XVII-XVIII ғасырларда Жұмабай Шаяхметұлының арғы аталарына қоныс болған құтты мекен еді. Патша ағзамның 1822 жылы Сібір қазақтарын басқару туралы арнайы ережесі шығуына байланысты осы өңірді мекен еткен көптеген көшпелі қазақ ауылдары ежелден “Жолды өзектің сүрлеуі” атанған ойпатқа қарай ығысты. Бұл жерлер Омбы облысының қазіргі Есілкөл, Шарбақкөл, Любинск, Москаленко, Полтавка аудандарының аймағына жатады.

Сондықтан да Жұмабай Шаяхметовтей қайраткер тұлғаның Н.С.Хрущев бастамашы болған Сібір өлкесі мен Қазақстандағы “Тың жерлерді игеру” саясатына республиканың басшысы ретінде қарсылық танытуы тарихи тұрғыдан алғанда заңды құбылыс болатын. Коммунистік партияның тың игеруді желеу еткен солақай саясатының салдарынан республикадағы жүздеген қазақ мектептері жабылып, сол жылдары туған ұрпақтар ана тілінен ажырап, ұлтсыздыққа бой алдырғаны тайға таңба басқандай анық. Ж.Шаяхметов республикаға басшы болып келгенде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы лауазымын атқарған Нұртас Оңдасыновпен бірге 31-дің қызыл қырғыны мен 37-інші жылдың нәубеті кезінде апатқа ұшыраған жергілікті халықтың арасынан ұлтына жаны ашитын кадрларды тәрбиелеп шығарғаны тарихи шындық. Солардың қатарында Сағалбай Жанбаев, Мәсімхан Бейсебаев, Жұмабек Тәшенев ұлтымыздың мақтанышына айналды. Жұмабек Тәшеневтің алпысыншы жылдары КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің қазақ жерін (солтүстіктегі бес облысымызды) бөлшектеп, Ресейге беруіне қарсы болғанын бүгінгі күні тарихтан білеміз.

Осы орайда Жұмабай Шаяхметов пен Жұмабек Тәшеневтің арасындағы байланысты айтып кетуді жөн көріп отырмын. Бұл әңгімені маған ұзақ жылдар Көкшетау облысының партия органдарында жауапты қызметтер атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері әрі Жұмабай Шаяхметовке ауылдас болып келетін Хакім Ахметұлы Ахметов ақсақал айтқан еді.

– Жұмабай ағамыз орнынан түскеннен кейін Мәскеуде Микоян әперген бір бөлмелі пәтерде тұрғанын, кейін Алматыға оралғанын естігенбіз. Ағамызбен Алматыға бір барғанда жолым түсіп кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Үйге кіріп сәлем бергеннен кейін Дүйсенбай ауылындағы Құсайынның Ахметінің баласы екенімді айтқаннан кейін ағамыз көзіне жас алып, ауыл-аймақтың хал-ахуалын, өзінің балалық шағында бірге өскен дос-жарандары мен кезінде қол ұшын берген азаматтардың хал-жағдайларын сұрады. Бұл кезде қайраткер ағаның денсаулығы да сыр бере бастаған екен, – деп бастады әңгімесін.

Ел ішінен бірінші сұраған адамы Омар Сансызбаев ағамыз еді. Мұқанжардың айналасынан кімдер қалғанын, Шарлақ уезінен бөлініп, Омбыға қарап қалған ауылдардың қайсылары атақоныстарында отырғанын сұрады. Мен:

– Ағамыз аман-сау. Любин ауданында тұрады, қазір заманның ағымымен жан-жаққа шашырап кеткен ағайындарын жинап, соларға бас-көз болып жүр. Жақын арада өзі қазығын қаққан Жарқын ауылына көшіп келетін ойы бар. Інісі Нұрым Алматыда тұрады, тағы бір інісі Ғаббас соғыстың алдында Кызылту ауданында әскери комиссар болған еді, қан майданында қаза тапты. Немере інісі Сәкен Айтуғановты (Сүлейменді) білетін шығарсыз, Жарқында ауылсоветтің председателі болған. Ол жазықсыз “халық жауы” атанып, айдалып кетті. НКВД атып тастады деген хабарын ғана естиміз, бірақ сүйегі қай жерде қалғаны белгісіз, – деп өзі сұраған сауалдарға білгенімше жауабын бердім.

Ағамыз аз-кем ойға шомды да:

– Мені ауылда мұғалім болып қызмет істеп жүрген жерімнен шақырып алып, Шарлақ уезіне милицияға орналастырған Омар Сансызбаев пен Мұқанжар Омарұлы ағатайым еді. Сондай ағалардың қамқорлығын көріп, талай беделді қызметтердің тұтқасын ұстасақ та, өз елімізден шыққан марқасқа азаматтарға бастарына қиын-қыстау заман туғанда қол ұшын бере алмағаным үшін өкінемін. Алматыда тұрғанымда әр жылдары ел ішінен келіп, жеке қабылдауымда колхоз председательдері Мәске Алин мен Әміржан Ыбыраев болды. Жандос, Томар ауылындағы Мұсайбек балалары да анда-санда араласып тұратын. Фазылдың (Кәрібжанов) Айбас пен Жандос ауылында тұратын туыстары да Алматыға келгенде үйімізбен қатынасып тұрды. Солардан елде қалған ағам Әйтіштің үй-ішінің амандығын біліп жүрдім. Өзіммен бірге Сарыкөлдің мектебінде оқыған Ілияштің Қалижаны да Алматыға қонақтап келгенінде ел ішінің хабар-ошарын айтып отыратын. Үлкен қызметтің құлағын ұстаймыз деп кіндігімнің қаны тамған жердің қасиетті топырағын баспағалы да қырық жылға жуықтапты, – деп ағынан жарылды.

Әңгіме арасында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Тәшенев жайында жеке пікірін білгім келіп сөз қозғадым. Бұл уақытта ол республикадағы басшылық қызметтен шеттетіліп, оңтүстіктегі облыстардың біріне төмен қызметке жіберілгенін, кезінде Жұмабай ағамыздың үміт артқан сенімді кадрларының бірі болғанын білетінбіз. Сонымен қоса бұл кісінің КПСС-тің бірінші басшысы Н.С.Хрущевке не себептен жақпай қалғанын да ел ішінде “сымсыз телефон” аталатын ұзын-құлақ хабардан естігенбіз.

Жұмекең аз ғана үнсіздіктен соң:

– Жұмабек Ахметович республика түгіл, одақ көлемінде басшылық қызметті атқара білетін нар тұлғалы азамат еді. Өзім оның іскерлігіне сенгендіктен, қырыққа жете қоймаған жігіт ағасын республикадағы үлкен облыстардың бірі – Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынған едім. Сағалбай Жанбаев екеуі ел мүддесі үшін уақытпен санаспай жан аямастан еңбек ететін. Сағалбай әрбір сөзді тауып сөйлейтін, тілі орамды, айтқан қалжыңы көңілге қонымды және өзіне де жарасымды адам еді. Ал Жұмабек Ахметович болса қызуқанды, көрініп тұрған кемшілік болса, бетің бар, жүзің бар демей ашығын айтып салатын. Лениннің “Критика и самокритика” тәмсілінен бір ауытқымаған, коммунистік партияға адал берілген қызметкер болғанымен, қазақи мінез-құлқы бірден көрініп тұратын еді. Сібір мен Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі тың жерлерді игеру идеясын бірінші қозғаған КПСС-тің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев екенін мен айтпай-ақ та өзің жақсы біліп отырсың. Оның бұл идеясы менің де көңіліме қона қоймады. Бұл идея төңірегінде республикадағы, облыстағы партия комитеттерінің жетекшілерімен ашық әңгіме өткіздім. Менің пікірімді Н.Оңдасынов, М.Суржиков, С.Жанбаев, Е.Тайбеков, Ж.Тәшенев және М.Бейсебаев бастаған бірқатар қазақ азаматтары қолдады. 53-інші жылдың қара суық күзінде Н.С.Хрущев республиканың және республикадағы облыстық партия комитетінің басшыларын жинап, Кремльде жиналыс өткізді. Жиналыстың күн тәртібі – республиканың солтүстік өңірлерінде бос жатқан жерлерді жыртып, астық егу науқанына келесі жылдан бастап кірісу. Бұл жұмыстарды атқаруға одақтық бюджеттен қыруар қаражат пен техникалар бөлінетін болды.

Бала кезімізде және одан да бертінде ішкі Россиядан переселендер біздің өлкеге қаптап кетіп, күндерін көру үшін ата-бабаларымыз иелік еткен мал жайылымдарына егін егіп, жердің құйқалы қыртысын бұзғаны, кейін ол жерлерді тастап, соның маңайындағы тың жерлерді де жыртып құнарын кетіргені, соның салдарынан жаңағы егін егілген жерлер босқа рәсуа болып, бұл жерлерге отқа жағуға да жарамайтын қаңбақ шөптер мен қурайлар өсіп кеткені көз алдымда. “Никита Сергеевич! Бірден жиырма бес миллион жерді бей-берекет жыртып игеретін болсақ, аз уақыттың ішінде жердің құнары кетеді. Қазақстанның солтүстік облыстары – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Бұл жерлерді жылына бір-екі миллион гектар ғана жыртып іске жаратуға болады, соның арқасында мал шаруашылығы да біртіндеп дамиды”, – деп қарсылығымды білдірдім. Менің бұл сөзім көңілінен шықпағандықтан, Н.С.Хрущев терісіне сыймай ашуға булықты. Шашы мүлде селдіреген тақыр басына дейін қызарып кетті де орныма барып отыруға бұйрық берді. Трибунадан түсіп, орныма келе жатқанда Ж.Тәшеневтің бір ауыз сөз айту үшін қипалақтап отырған түрін көрдім. Қылыштың жүзіндей өткір мінезі өзіме белгілі. Шамасы трибунаға шығып, мені қолдау үшін Н.С.Хрущевке қарсы өз пікірін білдірмек ойы бар тәрізді. Тез орныма барып жайғастым да оны арқасынан ақырын қағып, сабыр сақтап тыныш отыруға ишара жасадым.

Н.С.Хрущевтің тың жерлерді игеру арқылы Қазақстанды орыстандыру саясатына қарсы шыққан тұлғалардың бірі Сағалбай Жанбаев екенін білуге тиістіміз. 1944-1957 жылдар аралығында Ақмола, Қостанай және Қызылорда облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып лауазымды қызметтер атқарған, ел басқаруда тәжірибесі мол, білікті азамат Н.С.Хрущевтің Қазақстанды орыстандыру саясатына қарсылық танытқаны үшін 1957 жылы бар жоғы 53 жасында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығынан төмендетіліп, Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жіберілді. Осы жерден 1963 жылы зейнет жасына жетіп, 1972 жылы дүниеден өтті. Арада төрт-бес жыл өткен соң Қазақстанның солтүстік өңірлерін РСФСР-ға қосу жөніндегі шешімге қарсылық көрсеткен Жұмабек Тәшенев те Сағалбай ағасы сияқты лауазымды қызметінен шеттетілді және республика басшылығынан тайдырылып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына дейін төмендетілді.

Бұл екі азамат Жұмабай Шаяхметов өзі тәрбиелеп өсірген, қаймана қазағының мүддесі үшін бастарына төнген қауіп-қатерлерден де тайынбаған алаш ардақтыларының тұяғы деуге лайықты, кеңестік кезеңде өмір сүрсе де, халқы үшін басшылық қызметтерді абыроймен атқара жүріп ел-жұртының сүйіспеншілігіне бөленген ұлтжанды ел ағалары еді. Оларға жайлы қызмет пен атақ-абыройдан гөрі болашақ ұрпақтың қамы қымбат болатын.

Қазақстанның тұңғыш қазақ басшысы Жұмабай Шаяхметовтің Шарлақ уезінде милиция қызметкері болғаннан бастап, партия органдарында басшылық қызметтер атқарғаны тарихта белгілі болғанымен, оның балалық шағы қалай өткені, кімнің тәрбиесін алғаны жайында жасы үлкен ағалардан, оның көзін көрген ақсақалдардан еститінбіз. Ол басшылық қызметтен кеткен он шақты жылдың ішінде кімдермен қарым-қатынас жасағаны туралы ақпарат шамалы. Тарихи тұлғаны арнайы іздеп барып амандығын білген ауылдасы Хакім Ахметұлы Ахметов пен Жұмабай Шаяхметовтің арасында болған қысқаша әңгіме-сұхбатты қағаз бетіне түсіруді өзіме міндет санадым. Ж.Тәшенев сынды ел ардақтысы әпербақан Н.Хрущевке қарсы шықпағанда, ата-бабамыздан мұра болып қалған Қазақстанның солтүстік өңіріндегі шұрайлы жерлерінің тағдыры осы күнде қандай халде болар еді деген ой еріксіз туындайды. Ел мүддесі үшін жанындағы жолдасын жауға тастамаған, соңына ерген бауырларын дұшпанның тепкісінен қорғаған қайран ағалар-ай!

Бұл әңгімені мен Хакім ақсақалдың өзінің айтуымен Тельман атындағы кеңшарда бас бухгалтер болып қызмет істеп жүргенде 1993 жылы қойын дәптеріме түртіп алдым. Хакім ақсақал екеуіміз бір көшенің бойында көрші тұрдық.

Шалқарбек КӘРІБАЕВ.

Қарағанды қаласы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика