Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ

Дана халқымызда “Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық” деген аталы сөз бар. Ұлттық болмыс пен бітімді, салт-дәстүр мен мәдениетті бір арнаға тоғыстырған өнер дейтін құдірет адамның басына бақ болып қонады. Қырық жылға жуық өнерді өмірінің өзегі еткен Қымбат Оспанова сияқты дарындарды көрермен әр кез іздейді.

Қызылжардың текті топырағы өнерпаздан кенде емес. Аспандағы аққуға үнін қосқан бұлбұлдардың сара жолын жалғаған Қымбат Дәулетшеқызының есімі Қызылжар жұртшылығына жақсы таныс. Бір кездері халықтың қошеметіне бөленген өнерпаз соңғы жылдары көрінбей кеткені рас. Қымбат Жамалиева болып көрермендердің есінде қалған оның тегі өзгергенімен, өнерге бәз-баяғыша адал.

Ол бала кезінен өнерге жақын болды. Табиғаты тамылжыған, алабын аққайың көмкерген көрікті мекен – Қызылжардың сұлу көрінісі оның өнеріне ерекше қанат бітірді. 1963 жылы бұрынғы Совет ауданына (қазіргі Аққайың) қарасты Лесная поляна ауылында дүниеге келіп, жастайынан өнер-білімге құштар болды. Орыс ауылында туып, басқа тілде білім алса да, оның көңілі қазақы жыр-термені, әуезді әнді аңсады. Асқақ арманы алға жетеледі. Білімсіз адамның өрісі тар, құлашы қысқа боларын түсінген соң облыс орталығына жол тартты. Бақытына орай 1980 жылы музыкалық училищеге түсіп, домбыра сыныбына қабылданды. Бұл сыныптың алғашқы қарлығашы Қымбат Дәулетшеқызы осылайша өмірін өнермен ұштастырды.

– Алматы қаласындағы театр институтына оқуға түсуді армандадым. Алайда, Алатаудың баурайына жалғыз жіберуге ата-анамның батылы бармады. Дегенмен, менің көңілімді қалдырмаған анам Петропавл қаласына ертіп әкеліп, нағашым Қаттай Кеншінбаевтің қолына тапсырды, – деп ол өткен күндерді еске алып, өнердегі алғашқы қадамы жайлы ақтарыла сөйледі. Қолына ұстағаны болмаса, ешқашан қос ішекті аспаптың құлағын бұрап көрмеген ауыл баласы үшін күй күмбірі ғажайып әлемге жетеледі. Құрманғазы, Тәттімбет, Динадай замана заңғарларының шығармаларына сусындап, биікке ұмтылды. Алғырлығының, таудай талабының, табанды еңбегінің арқасында ол өзінің арманына қол жеткізді.

Кеңес өкіметі тұсында құрылған “Қызылжар” қазақ ұлт аспаптар ансамблінің, кейін облыстық филармонияда Марат Жақыпов жетекшілік еткен “Есіл” (қазіргі Сегіз сері атындағы) халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетті. Ал “Былина” ансамблінде прима аспабында ойнаған Қымбат Дәулетшеқызы Қазақстанның көптеген қалаларында гастрольдік сапармен болды. Бүгінгі күні халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әдемі кештерді сағынышпен еске алады.

Қазіргі таңда ол Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының фольклорлық ансамбліне жетекшілік етеді. Өнерпаз қыз-жігіттерді маңына топтастырып, оларды ән мен жырға баулуда. Өнер ұжымының құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да осы күнге дейін бірнеше концерт беріп үлгерген.

Аталмыш ансамбльдің құрамында 16 өнерпаз бар. Бірі қобыз тартса, екіншісі домбыра шертіп, баянда ойнайды.

– Әуесқойлармен жұмыс істеу қиын болса да ансамбльдің құрамындағы құқық қорғау саласы қызметкерлерінің өнерге деген құлшыныстары зор, – дейді ансамбль жетекшісі. Өмірін өнерсіз елестете алмайтын ол әлі талай рет көрерменді қуантуды өзіне парыз санайды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика