Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕЙТІН ОРТАЛЫҚ

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕЙТІН ОРТАЛЫҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Достық үйінде “Қазақтану” мектебі ашылды.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері арасында қазақ халқының мәдениетін, тарихын, философиясы мен ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында ашылған мектеп бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Орталыққа келушілер үшін халқымыздың бай тарихы және дәстүрімен танысуға, тілін үйренуге мүмкіндік бар.

– Мемлекет басшысы “Рухани жаңғыру” бағдарламасында жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болатынын айтты. Сондықтан біз “Қазақтану” ғылыми-ағартушылық жобасы аясында қазақ халқының ұлттық құндылығын дәріптеу мақсатында “Қазақтану” мектебін ашуды ұйғардық, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.

Кез келген өңір тұрғыны бұл орталыққа келіп, халқымыздың бай мәдениетімен сусындай алады. Мұнда “Дөңгелек үстел” отырыстарын өткізу, ғылыми жұмыстар жүргізу көзделген. Аталмыш мектеп этномәдени орталықтармен бірлесе жұмыс істейтін болады. Жобаның басты бағыты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, келушілердің мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасау. Сондықтан мамандар бұл жобаның маңызы зор екенін айтты.

“Қазақтану” мектебінің салтанатты ашылу рәсіміне жиналған қауым қолға алынған ілкімді іске оң бағасын берді. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы медиация кабинетiнiң меңгерушiсi Гүлбақша Мұсабаева орталықтың атқаратын жұмысы көпшіліктің назарында болатынын және оның қорытындысы әр жылдың соңында шығарылатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұнда бірнеше үйірме ашылмақ. Мәселен, қолөнер шеберлері келушілерге қазақтың ұлттық бұйымдарын жасауға, ал аспаздар ұлттық тағамдарды әзірлеудің қыр-сырын үйретеді. Әсіресе, зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар өскелең ұрпақпен кездесіп, танымдық шаралар өткізуді көздеуде.

“Қазақтану” мектебінде халқымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін ұлттық құндылықтар жан-жақты көрсетілген. Босағада домбыра ілулі тұрса, төрге сандық қойылған, төркөрпелер де орталықтың сәнін аша түскендей. Дөңгелек үстелдегі ұлттық тағамдар қазақтың қонақжайлылығын танытады. Қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары мен ұлттық киім де ерекше үйлесім тапқан.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика