Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНДЕСІҢ, СЕН — ЖАҢАЖОЛ!

ЖҮРЕГІМНІҢ ТӨРІНДЕСІҢ, СЕН — ЖАҢАЖОЛ!

“Мен туған жер – Қарасаз шалғайдағы,

Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы.

Есім кетіп жүргенде ес білдірген,

Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы”, – деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осы бір шумақ өлеңі туған жеріне кіндігімен байланған әрбір адамның жүрек түкпіріндегі қылдай нәзік сезімнің сырын шертіп тұрғаны анық. Қай қиырда жүрсем де менің де туған ауылыма деген сағынышым бір сәтке де толастаған емес, керісінше, жыл өткен сайын өз жүрегіңде ғана әлдилейтін әдемі естелікке айналып барады. Күйбің тірліктен шаршағанда, қаланың у-шуынан мезі болғанда Жамбыл ауданындағы сайдың тасындай небір сайыпқырандарды құндақтаған Жаңажолыма тартып кеткім келіп тұрады. Әттең, ойым жеткен жерге қолым жете бермейді. Сол кезде ауылымның әсем табиғатын, баладай аңғал адамдарын есіме алып, қиялға шомып отырамын.

Жаңажол дегенде, солтүстікқазақстандықтардың есіне атақты жазушы, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің есімі түсері анық. Иә, тамаша туындыларымен әлем классиктерін таңдай қақтырған жазушының менің туған нағашым екендігін Тәңірдің сыйы деп білемін. Нақтырақ айтқанда, анамның әкесі Хамит – Ғабит Мүсіреповтің туған ағасы.

Біз ауылдың шаңын аспанға көтеріп алаңсыз өстік. Тұрмыстың қиындығы, өмірдің ауыртпалығы деген мәселелер біздің өмірімізден тыс дүние сияқты көрінетін. Сондықтан да балалық шағымның әрбір сәті менің тәтті естелігіме айналған. Жасым бес-алтыларда болуы керек. Нағашыларымның үйінде өткен дүбірлі тойға анам мені де ертіп апарды. Мені көрген Ғабит атам маңдайымнан сипады да алдына отырғызды. Дастарқандағы көздің жауын алардай тәттілерден қолыма ұстатып, етті асатқаны әлі есімде. Осыдан кейін мен ол кісімен жолықпадым.

Жаңажолдың сұлу табиғатын көрген адам жердің жәннатына тап болғандай күй кешері сөзсіз. Қалқайған қарағайлар, тербелген аққайыңдар, айна көлдер көрген жанды шабыттандырмай қоймайды. Ауылдың іргесінде “Есенейдің кордоны“ (“Есеней бүркеуі” деп те аталады) деген жер бар. Аты айтып тұрғандай, Ғабит Мүсіреповтің “Ұлпан” романының негізгі кейіпкері – қарадан шығып хан болған Есеней сұлтанның өмір сүрген өлкесі. Ауылдан үш шақырымдай алыста орналасқан жерге көктемнің шуақты күндері құрбы-құрдастармен барушы едік. Бір-біріне іргелес орналасқан екі киіз үйдің бірінде Ғабит атамыз демалған екен. Қыздар жағы тұмса табиғаттың аясында дастарқан жайып, тамақ пісірсе, біз, жігіттер доп қуып, алтыбақан құратын едік.

Кейін ауылдан ұзап, білім қуып қалаға аттанғанда да уақыт суытпай келіп тұрдық. Туған жер осынысымен, ескі таныстардың бастарын бір арнаға тоғыстыра алуымен, бір партадан басталған шынайы достықтың тінін сөкпеуімен де қымбат емес пе?! Табиғаттың тамыршысындай қасқайып тұрған қарағайлардың әрқайсысы бір-бір тарих еді ғой. Сыңсыған қарағайлардың арасында “қызқарағайдың” орны ерекше еді-ау. Ауылдың жас-кәрісі атын Ғабит Мүсірепов қойып кеткен “қызқарағайдың” күтіміне баса мән беретін еді.

“Ауылында бар Ағаның қызқарағай,

Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.

Ақ балтырлы ақ қайың арасында,

Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай.

Қызқарағай, қызқарағай …

Жалғыз өсіп, асқақтап, тұр дарағай”, – деп өрілген өлеңнің тарихы даңқты тұлғалардың мекені болған Жаңажол табиғатымен үндесіп тұрғанын қазіргі жастардың көбі біле бермейді-ау. Мені де алаңдататын осы жағдай.

Ғабит атам 1976 жылдың шілде айында Жаңажол ауылына жанына қызы Райханды, немере інісі мен келіні Екпін, Бикенді, жиеншар інісі Қанатбайды ертіп келеді. Оларды ауылдың кіреберісінен сол кездегі ауданның басшысы Мәркен Ахметбеков, кеңшар директоры Жолмағанбет Әйкенов және басқалары құрметпен күтіп алады. Түс ауа атам туған жердің саф ауасымен тыныстамақ оймен серуендеуге шығады. Жаңажолдан 4-5 шақырым жердегі жергілікті халық “Қожағұл бүркеуі” деп кеткен табиғаты әсем, ақ қайыңдар мен қалың қарағай жарыса өскен таңғажайып жерге дастарқан жайылады. Табиғатты ерекше ұнататын Ғабит Мүсірепов көлге жақынырақ қарағай бойлы, терекке араласып өскен ақ қайыңды орманға сүйсіне қарап, аралап кетеді. Қайың-теректер мен қарағай арасынан жеке-дара өсіп тұрған әдемі жасыл шыршаны көзі шалады. Сол шыршаға жақындап келіп, жазушы қасындағыларға сонау ертеректе, жас кезінде бірер жыл Бурабайда орманшы болғанын еске алып, шыршаның жай қарағайдан ерекшелігі, оның түсі мен қылқаны, бұтақтарының өсіп, орналасуы жайында біраз әңгіме айта келе, шыршаның дара өсіп тұрғанына таңғалады. Бұл аймақта сирек кездесетін шыршаны біреу әдейі әкеліп екті ме екен?.. Дастарқан басында қасына ергендердің бірі:

– Ғабит аға, біз үшін қарағай да қарағай, шырша да қарағай. Осы жеке-дара өсіп тұрған шыршаға бір ат қойып кетіңіз, сіздің шыршаңыз деп жүрейік, – деп ұсыныс жасайды. Атам сәл ойланып, шыршаға қарап отырып:

– Сырт көрінісі ерекше көз тартар әдемі, көрікті екен. Ақ қайыңдар ортасында басына сәукеле, үстіне ұзын етек, екі-үш жерден бүрмелі әсем көйлек пен жасыл қамзол киген бұрынғы қазақ қызы секілді жарасымды көрінеді. Сондықтан мұны “Қызқарағай” десе жарасады емес пе? – дейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын көктемгі су тасқыны кезінде “қызқарағайды” су шайып кеткенін, орнын қалың қамыс басқанын естідім. Өз көзіммен көру үшін көлігімді ауыл іргесіне қалдырып, үш шақырымды жаяу жүріп бардым. Тарихтың қатпар-қатпар шежірелерін ішіне бүккен “қызқарағайдың” орны да қалмапты. Туған жерге, оның әрбір жотасы мен беліне, тасы мен көліне деген құрмет осылай мүсәпір күйге түскеніне қынжыласың. Айтып келмес апатқа дауа жоқ қой. Дегенмен де, осы іспеттес орындар мемлекет қамқорлығында болса, жауқазындай жастардың бойына өз ауылдарына деген ілтипат өзгеше болар ма еді?

Елбасымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында әр өңірде мекендейтін аң-құстарды, өсімдік атаулының түрлерін, тарихи орындарды жас жеткіншектерге оқы­тыңдар деп өте орынды мәселені көтерді. Бірақ олардың бірлі-жарымынан басқасының атын бала күнімізде мектепте оқытпапты. Сондықтан да қазіргі уақытта туған жеріміздің жауһарларын еске түсере алмай, күмілжиміз. Әйтпесе, біздің ауыл өсімдікке де, аң-құсқа да кенде емес еді. Көктем шыға қаржуа, қымыздық теретін едік.

Оныншы сыныпты тамамдаған соң қалаға аттандым, жоғары білім алдым. Қаланың тыныс-тіршілігіне қанық болдым. Алайда, жүрегімнің түкпіріндегі бір сезім менің еңбек жолымды алтын бесік – ауылдан бастауыма жол ашты. Осылайша, көп жылдар бойы Жаңажолдың жанындағы Святодуховка ауылындағы орта мектептің директоры болдым.

Жақында ауылға жолым түсті. Жаңбыр жауса саз балшыққа айналатын, қыста қалың қардың астында қалатын жол жаңажолдықтардың жүрегін ауыртып тұр. Жұрт ауылдан үдере көшпесе де жыл сайын бірлі-екілі отбасы қарашаңырақтарын тастап, қаладан пана іздейді. Осылай жалғаса берсе бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде Жаңажолды бетке алып, жолға шығатын адамдардың көші мүлдем тыйылатын сияқты. Менің жанымды ауыртып, жүрегімді сыздататыны да осы жағдай. Ауыл көркейіп гүлденсе, туған жердің тау-тасымен тамырлас мұндағы біздің де жанымыз бәйшешектей құлпырып, бүршік жарады емес пе?

Кіндік қаның тамған жерге жыл құсындай сағынып оралғанда жүрек тулап қоя беретіні несі екен-ай! Анадайдан ағараңдап ауыл төбесі қылтиғаннан сезім селімен бірге аласұрып аға жөнелетін көкірегіңдегі бұл неткен құдіретті сұрапыл күй соншама? Әлемнің ешбір жұмағы дәл осы сұлулықтың орнын баса алмайды.

Жандос ЖАНТАСҰЛЫ,

“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы” облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика