Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ӘН — КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

ӘН — КӨҢІЛДІҢ АЖАРЫ

Құлақтың құрышын қандыратын жақсы ән жан жадыратады емес пе?! Арғысын айтпағанда, кешегі күміс көмей, жез таңдай Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Манарбек Ержановтың есімі қалың қауым үшін қастерлі. Көмейіне бұлбұл құс ұя салған Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сияқты ғасырда бір туатын дарындардың өнері ел аузында. Біз оларды мақтамаймыз, мақтан етеміз. Талайды тамсандырып, әлемді аузына қаратқан жас дарын Димаш Құдайбергенов те бүгінде шығармашылықтың биігінде. Жалпы әнші дейтін атаққа лайық өнерпаз қазақта аз емес. Әу демейтін қазақ жоқ, дегенмен қалың елдің алдына шыққан соң әрбір адам әнші, орындаушы деген атаққа лайық болғаны жөн шығар. Киелі сахнаның құнын кетіріп, әнші дейтін атқа кір келтіруден не ұтарымыз бар?

Қазір ән де, әнші де көп. Қалтасы қалыңдар ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, бір күнде-ақ “жұлдызға” айналады. Бірақ ертеңгі күні жасанды жұлдыздардың өзі түгіл, көлеңкесі де көрінбей қалары анық. Орындаушылар мен өнерпаздарды сарапқа салып, сүзгіден өткізсек, талай адам сынақтан сүрінеді. Әсіресе, қазақ эстрадасында ессіз әндермен халықты дүбәра еткен орындаушылар аз емес. Сахнаның сәнін емес, мәнін кетірген “өнерпаздарға” әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң той-домалақтың әндері эстраданы жаулап алғаны ақиқат.

Өнердің де, өнерпаздың да сыншысы – халық. Сондықтан әншілер мен орындаушылардың деңгейі қандай екенін халықтан артық білетін кім бар? Көгілдір экран арқылы есер ән тыңдап, ессіз бейнебаяндарды тамашалаған көрермен даңғаза, мәнсіз, талғамсыз әншілерден шаршағандай. “Судың да сұрауы бар” деп текке айтылмаса керек. Әр нәрсенің шегі мен сұрауы болады. Сондықтан ессіз әндерге есеп беретін кез келген сияқты.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдары Мәдениет және спорт министрлігі әншілердің киімінен бастап, әннің мәтініне дейін сүзгіден өткізетіні туралы жарыса жазған болатын. Әншілердің өнері арнайы заң бойынша қадағаланатын болса, біраз былықтың беті ашылар еді. Сахнада ән айту үшін орындаушылар арнайы лицензия алуға да міндеттелетіні құптарлық жайт. Қазір министрлікте құрылған комиссия осы жобамен айналысып жатыр.

Біз атадан балаға мирас болған өнердің тұнығын лайламауымыз керек. Егер заң қабылданса, оны орындау – әрбір әншінің міндеті. Жергілікті орындаушылардың арасында да фонограммаға жүгініп, жаман әдетке үйірлер аз емес. Сондықтан “қызым саған айтам, келінім сен тыңда” демекші, өңір өнерпаздарының құлағына алтын сырға.

Өкінішке қарай, өнерде өзекті өртейтін жайт бұл ғана емес. Нәзік жандар былай тұрсын, кейбір жігіттердің де жөнсіз қылық танытуы ерсі көрінеді. “Өзгенікін – таңсық, өзінікін – қаңсық” қылғандар жастарға батыстың мәдениетін насихаттамауы керек. Өнер десе ішер асын жерге қоятын халықты адастырудың реті жоқ. Сондықтан арнайы заң қабылданып, тек жанды дауыста ән айтатындар ғана іріктелсе құба-құп.

Біреуді жазғырып, өнерпаздарға ақыл айтудан аулақпыз. Кемшіліктің барлығын тек әртістен іздеу жөн болмас. Талғамы жоғары, түсінігі терең тыңдарман қайда деген орынды сауал көңілде қылаң береді. Шынымен де, бүгінгі тыңдарманның деңгейі қандай?

“Ән – өлшеуіш, өлең – күміс, қоспаңыз мыс аралас”, – деп жырлаған Шәкәрім Құдайбердиевтің осы бір өлең жолдары айтар ойымды дөп басқандай. Орындаушылар оңай жолмен ақша тауып, халыққа арзан дүние ұсынса, өнердегі сапары сәтсіз аяқталуы мүмкін екенін естен шығармаса екен деймін.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика