Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҰЛТ ҰСТАЗЫ

ҰЛТ ҰСТАЗЫ

Дана өз заманынан озып туады, тозық елді озық етемін деп халқының алдына шығып өрге сүйрейді, жолында тұрған кесапаттарды өңменінен түйрейді. Сондай ХХ ғасыр даналарының бірі — Ахмет Байтұрсынов.

М.ҚОЗЫБАЕВ.

Қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынов 1873 жылғы 25 қаңтарда Торғай уезінің Тосын болысында туған. Әкесі 15 жылға жер аударылғанда ол 13 жаста еді. Бұл оқиға оның отаршылдыққа қарсылығын тудырды. Ол әуелі ауыл молдасынан сауатын ашып, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы 2 сыныптық қазақша-орысша училищеде оқиды. 1895 жылы Орынборда мұғалімдер мектебін бітіреді. 1896-1907 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі болыстық мектептерде мұғалім болады. Сөйтіп, ол кездегі қазақ қоғамына ең бір қажет және кең шеңберде дамуға бет алған ағартушылық демократтық қозғалысқа белсене араласады. Ол орыс-қазақ мектептерінде мұғалім бола жүріп қоғамдық әлеуметтік өмірге үңілді, айналаға білім-ғылым таратудың тиімді жолдарын қарастырады, қазақ тілі және әдебиетінің тарихымен, теориясымен шұғылданады, алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, халықтың көркемсөз мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты, мақалалар жазды, өлең шығарды, аудармалар жасады.

Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде патша өкіметінің саясатына наразылық білдірушілер қатарында болғаны үшін 1909 жылғы шілдеде тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалды. Осы түрмеден жазған “Анама хат” деген өлеңінде ол:

“Адамнан туып, адам ісін етпей

Ұялмай не бетіммен көрге барам”, – деп тебіренді.

1910 жылы Орынборға жер аударылып, сонда 1917 жылдың соңғы айларына дейін тұрды. 1911 жылы Орынборда “Маса” деген өлеңдер және аударма мысалдар жинағы шықты. 1913 жылдың ақпанынан бастап А.Байтұрсынов “Қазақ” атты апталық газет ұйымдастырып, 1917 жылдың қыркүйегіне дейін оның редакторы болды. “Қазақ” газетінің дүниеге келуі ағарту жолындағы күреске ұласты. Өйткені, газеттің көп көңіл аударған мәселесі оқу-ағарту ісі еді. Газет туған халқының өркениетті халықтар секілді ғылым-білім жолына шығуын көкседі. Басылымның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов халықтың бостандығы жолындағы күрес пен ағартушылықты елінің болашағын ойлаған әрбір азамат көтерер деп түсінген. Сондықтан оның ағартушылық ой-пікірлері отаршылдық бұғауынан халқын құтқару, елінің азаттық алар жолын іздестірумен ұштасып жатыр.

“Қазақ” газетінде шыққан Ахаңның оқу-ағартуға байланысты мақалалары ғылыми-әдістемелік сипатымен құнды. Ол мақалалардан біз оны ұлттық мектептердің жолға қойылуын жақтаушы, қазақ балаларын ана тілінде білім алуына үндеуші, мектеп, оқу жайына қанық, білгір ғұлама ретінде танимыз. Газет бетінде оның оқу-ағартуға байланысты “Оқу жайы”, “Қазақша оқыту жайынан”, “Орысша оқушылар”, “Бастауыш мектеп”, “Мектеп керектері”, “Жазу мәселесі”, т.б. мақалалары жарық көрді. Ағартушы ұстаз бұл мақалаларында қазақ оқуының өз жолымен жүруін, өз бетімен дамуын жақтады. “Бастауыш мектеп” атты мақаласында Ахаң “Қазақ арасындағы бастауыш мектепте ең әуелі қазақша толық хат білетіндей дәрежеде болуын көздеу керек”, – дейді.

1917-1919 жылдары Ахмет Байтұрсынов Алаш ұйымының басықасында болды. Қазақ халқының бостандығы үшін күресті. Алашорда өкіметі құрылғанда оның оқу комиссиясын басқарды. 1919 жылдың наурыз айынан бастап еліне адал қызмет ету ниетімен сол кезде жер-жерде орнатылып жатқан Совет үкіметінің жауапты қызметтеріне араласты. 1919 жылғы 24 маусым күні РСФСР Халық Комиссарлар Советі Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет құру туралы қаулы қабылдап, оның төрағасы етіп С.Пестковскийді тағайындап, ал орынбасары әрі ішкі істер бөлімінің меңгерушісіне Ахмет Байтұрсыновты бекітті.

1920 жылғы 4-інші қазанда Ресей Федерациясының құрамында Қазақ Автономиялы советтік социалистік республикасы құрылғанда Ахмет Байтұрсынов Халық комиссарлар Кеңесінің құрамына өтіп, оқу-ағарту комиссары болып сайланды. А.Байтұрсынов жер-жерлерде комиссариаттың губерниялық, уездік, болыстық бөлімдерін ұйымдастырды. Жаңа мектептер жүйесін қалыптастырып, олар үшін оқулықтар шығару ісімен айналысты. Сонымен қатар мектеп жасынан асып кеткен ересектердің сауатын ашу мәселесіне ерекше көңіл аударды. Ағарту комиссариаты жанынан өнер-білім бөлімі ашылды. Ахаңның ұсынысымен мектептер мен басқа оқу орындарының ғана емес, республикалық барлық мемлекеттік мекемелеріне де өзінің ана тілін пайдалану құқығы берілді.

Ол 1921 жылғы 31 қаңтарда зиялы қазақ азаматтарын арнайы мәжіліске шақырып кеңес өткізді. Бұл мәжілісте қазақ тіліндегі 1-інші және 2-інші басқыш мектептер үшін оқулықтар жазу мәселесі қаралған. Мәжіліске Ә.Бөкейханов, Е.Омаров, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, Б.Сәрсенов, С.Айтхожин, т.б. қатысқан.

Ахмет Байтұрсынұлының өзі ұлт тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы, оқулық жазудың білгір маманы “Оқу құралы”, “Әліпби”, “Сауат ашқыш” сияқты оқулықтар жазды. Сонымен қатар оқытудың әдістемелік нұсқауларын ұсынады. “Баяншы”, “Нұсқаушы”, “Әліппе астары”, “Қай әдіс жақсы”, т.б. Осы орайдағы зерттеулер педагог ғалымның әдістемелік ағартушылық мәніндегі ойларын көрсетеді.

А.Байтұрсынов 1922 жылдан оқу-ағарту комиссариаты жанындағы Қазақстан академиялық ғылыми орталықты басқарды. Онда да оқу-ағарту ісіне үнемі көңіл бөліп отырды. 1929 жылғы 2 маусым күні ол тұтқындалып, әуелі Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, кейін Архангельск облысына жер аударылды. Онда көп қиыншылық көрді. 1934 жылы Алматыға оралды. Бірақ мұнда оған қажетті жұмыс берілмеді. Тұрмыс жағдайы қиын болды. 1937 жылдың 8 қазанында қайта тұтқындалды. Содан қайтып оралмады. Ол “халық жауы” деген жаламен атылып кетті.

Ахаң саналы ғұмырын қоғамдық ағартушылық қызметке жұмсады, халықтық көркем мұраның мән-мағынасына байлап, оны жинап бастыруға күш салды. Өзі де шығармалар жазып, басқа халықтар қазынасының озық үлгілерін туған халқына жеткізу мақсатында аудармалар жасады, “Маса”, “Қырық мысал” жинақтарын шығарды, әдебиет тарихын зерттеумен шұғылданды. 1926 жылы “Жоқтау” жинағы және “Әдебиет танытқыш” атты кітаптары жарық көрді.

Ағартушы ғалым өзі айтқандай, “адамдық насихатшысы” ретінде қазақ халқының көркем ойлау жүйесіндегі рухани қадір-қасиеттерге, жақсылық пен жамандық тартыстарына, ерлік пен батырлық істерге, бірлік пен ынтымақ, сұлулық сырларын бейнелеген үлгілерге көбірек көңіл бөлген.

Елінің еңселі биікке жетуін өмір бойы аңсаған ұлт ұстазы, ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі, өркениетке сіңірген еңбегі телегей теңіз Ахмет Байтұрсыновтың тұғыры – ұлылық тұғыры.

Қайролла МҰҚАНОВ,

білім саласының ардагері, өлкетанушы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика