Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ

Биылғы Қазақстан халқы тілдерінің XX облыстық фестивалі біздің өңірде қыркүйектің 14-і күні ашылады. Тілдер фестивалінің ашылу салтанаты Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына ұласады.

Сонымен қатар Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясындағы іс-шараның қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналуы да біз үшін қуанышты жайт. Байқауда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген Абай оқуларының үміткерлері 1 кезеңде прозалық шығармалардан үзінділер оқыса, одан кейін Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін жатқа ұсынатын болады. “Абай – ақылдың ақылы, Мағжан – ақынның ақыны”, – деп жерлес жазушы Сәбит Мұқанов айтқандай, поэзия алыптарына арналған осы кештен көрермендер үлкен рухани әсер алып қайтады деген үміттеміз.

Бүгінгі күні мекемелерде, кәсіпорындарда, ұйымдарда мемлекеттік тілде іс жүргізуді жетілдіру, сонымен қатар азаматтарды мемлекеттік тілге тегін үйрету үшін қажетті материалды-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тілдерді оқыту орталығы арқылы ұйымдастырылған 140 топта қазақ және ағылшын тілдерін оқыту жалғастырылуда. Атап айтқанда, 115 топта – қазақ тілі, 25 топта ағылшын тілінен дәріс беріледі, облыс бойынша тыңдаушылардың жалпы саны – 2839.

2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысына тоқталар болсақ, “Қазтест” жүйесі бойынша өткізілген республикалық тестілеуге барлығы 1712 адам қатысты. Өткен жылы облыс бойынша сапа көрсеткіші 15 пайыз болса, осы жолы 23 пайызға көтерілді.

Бүгінгі таңда облысымызда 485 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 118-і – қазақ, 255-і – орыс және 112-сі – аралас тілді. Соңғы жылдары орыстілді мектептердің қабырғасында 50-ден астам қазақ сыныбы ашылды, бұл 500-ге жуық оқушыға ұлт тілінде білім алуға мүмкіндік берді. Жалпы ана тілінде білім алатын қазақ балаларының үлесі 65 пайыз. Сондай-ақ, облыста барлық этникалық топтардың тілдерін оқытуға жағдай жасалып отыр.

Қолданыстағы тіл заңнамасына сәйкес облысымыздың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында жұмыс және іс мемлекеттік тілде жүргізілуде. 2018 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі – 99 пайызға, ал кіріс құжаттар 95 пайызға жетті.

Біздің басқарма мен Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері Ресей Федерациясының Қорған облысындағы Катайск қаласында “Қазақ тiлін оқытудың тиiмдi жолдары” атты көшпелi семинар өткiздi. Қазақстан халқының бiрлiгi күнiне арналған “Тiлдердiң үштұғырлығы” мәдени жобасын iске асыру мақсатында балабақшалар арасында “Бала тiлi – бал” атты облыстық байқау өткізді.

Ономастикалық жұмыс бөлiмi Қызылжар, Жамбыл, Мамлют ауданының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Сондай-ақ, наурызда ономастика мәселесіне байланысты “Өңiрдiң ұлттық келбетi – тәуелсiздiк айнасы” тақырыбындағы облыстық семинарға Петропавл қаласы мен аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмдерiнiң басшылары, мамандары, тілшілер қатысты. Олар жұмыс барысында кездесетiн өзектi мәселелердi талқылады. Осының нәтижесінде бұл салада жұмыстың ілгері басуы байқалады. Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Молодежный ауылдық округінің атауы – “Мағжан”, ал Молодежное ауылының атауы “Жастар” деп қайта аталды. Сондай-ақ, осы аудандағы 91 көшенің атауын өзгерту және қайта атау мәселесі қарастырылып, оның 89-ы оң шешімін тапты.

Жуырда өткен облыстық ономастика комиссиясы отырысында бес нысанға ұлы тұлғалардың есімдерін беру, Уәлиханов ауданындағы “Молодая гвардия” ауылының атауын “Жас Ұлан” деп өзгерту және Айыртау, Қызылжар, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың бірқатар елді мекендеріндегі 139 көшенің атауын өзгерту және қайта атау мәселесі қарастырылды. Өнер колледжі – музыкалық эстетикалық бейіндегі дарынды балалар мектеп-интернатына – Ермек Серкебаевтың, Петропавл қаласындағы №24 орта мектепке – Мәті Құсайыновтың, Қызылжар ауданы Новоникольск орта мектебіне – Геннадий Зенченконың, облыстық филармонияға – Ақан серінің, Мағжан Жұмабаев ауданындағы №4 Булаево орта мектебіне Мағжан Жұмабаевтың есімін беру туралы ұсыныстарды комиссия мүшелері бірауыздан қолдады.

Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге, кәсіпорындарға жарнамалардағы, көрнекі ақпараттағы қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерін бекітіп беруде әдістемелік көмек көрсетілуде. Бүгінгі күнге дейін 195 эскиз бекітілді.

Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 500-ден астам шара өткізілді.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында жыл сайын республикалық, облыстық, аудандық, қалалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл фестиваль аясында Ахмет Байтұрсыновтың 145 жылдығына орай облысымызда айтулы іс-шаралар жоспарлануда.

Бүгінгі күні ілеспе аударма – өзекті мәселелердің бірі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында “Ілеспе аударманы оқыту, тіл мәдениетін жетілдіру” тақырыбында шеберлік сағатын өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, “Текті сөздің төресі – терме” байқауы биыл алғашқы рет ұйымдастырылмақ.

Кемел ОСПАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика