Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚАЗАҚ ТІЛІ ШЕТ ТІЛІ РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ ШЕТ ТІЛІ РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ

Ресейдің қазақ көп шоғырланған елді мекендерінде қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытыла бастады. Бұл – түп тамырынан алшақтап бара жатқан шеттегі жастарымызды ана тілдің бұлағынан сусындату үшін жасалып жатқан шаралардың бірі. Ресейдегі қазақтардың тіл төңірегіндегі түйткілдері Омбы қаласында өткен шекаралас аймақтар қоғамдық бірлестіктерінің форумында талқыланды.

Ресейдің Омбы облысы қазақтардың санының көптігі жағынан Орынбор мен Астраханьнан кейінгі үшінші орында. Ресми дерек бойынша, яғни 2010 жылғы санақтың нәтижесіне көз салсақ, 78 мың қаракөзіміз мекен етеді екен. Ал ресми емес мәліметтер әлі де жүз мыңға жуық қазақ тұрып жатқанын көрсетеді. Көптігі жағынан орыстардан кейінгі екінші орында тұр. Бұл елде төлқұжатқа ұлты жазылмайтындықтан, кімнің-кім екенін ажырату сәл қиындау. Дегенмен, Шұбаркөл ауданы тұрғындарының – 19,9 пайызы, Нововаршав және Павлоград аудандарының 16,6 пайызы қазақтар екені мәлім. Көшпенді қазақтың ұрпағы тарыдай шашылып, Омбы облысының 200 елді мекенінде тұрып жатыр.

Нововаршав ауданында Каразюк деген шағын ауыл бар. Қазақшаласақ – Қараөзек. Құрылғанына 325 жыл толған бұл елді мекенді атам заманнан бері қазақтар мекен етеді. Бүгіндегі жүз шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған ауылда тың игеру жылдары қоныстанған жалғыз орыс отбасы бар, қалғандары түгел қаракөздер. Алайда, 50 бала білім нәрімен сусындап жүрген мектептің оқыту тілі – орысша. Мектеп директоры Шолпан Сексенбаеваның айтуынша, қазақ тілі 1985 жылдан бастап тек үйірме ретінде қосымша оқытылып келеді. Соңғы жылдары білім бағдарламасына екінші шет тілі пәні енгізілген. Оқушылардың ата-аналарымен ақылдаса келе, қазақ тілін сол екінші шет тілі ретінде оқыту ұйғарылыпты.

– Оқушылар қазақ тілін аптасына екі рет қана оқиды. Бұл өте аз. Жас отбасылар үйлерінде де қазақша сөйлемейді. Сол себепті балалардың көбі ана тілдерін мүлдем білмейді десе де болады. Пән мұғалімі Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы университетке барып, біліктілігін арттырып келді. Барын салып, оқытып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Қазақ тілінен Қарағандыда өткен халықаралық олимпиадада оқушымыз арнайы жүлдеге ие болды, – деген Шолпан Ілиясқызы, өкінішке қарай, өзі де қазақшаға шорқақ екенін жасырмады.

2002 жылғы санақта ресейлік қазақтардың 72 пайызы қазақ тілін білетіндерін айтқан. Ал 2010 жылғы санақта мұндай сұрақ қойылмағанға ұқсайды, өйткені, ол туралы ақпарат еш жерде жарияланбады. Содан бері тіл білетіндер саны азаймаса, көбейе қойған жоқ. Аз ұлттарды жойып жібере жаздаған кешегі Кеңес одағы тұсында қазақ тілін оқыту қазіргіден тәуірірек болған сыңайлы. Омбыдағы қазақ тілі мен мәдениетін сақтау және дамытумен айналысатын “Мирас” қорының төрағасы Асқар Раисовтың айтуынша, кезінде облыстағы қазағы көп 12 мектептің бастауыш сыныптарында аптасына 6 сағат қазақ тілі, 4 сағат қазақ әдебиеті оқытылыпты. Орта және жоғары буында сабақ саны сәл қысқарғанымен, оныншы сыныптың өзінде тіл мен әдебиетке екі сағаттан берілген.

– Қазақ тілін оқыту – біздің басты қиындығымыз. Тіл аз да болсын оқытылады ғой, ал әдебиетті мүлдем ұмыт қалдырдық. Әдебиетті білмей, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқымай тіл дамымайды. Сабақ санын арттыру туралы билік басындағыларға талай айттық, мұңымызды тыңдар емес. Жастарымыз ана тілдерін ұмытып бара жатқаны қабырғамызға батады, – дейді Асқар Оматұлы.

Шетте қазақ тілін оқытудағы тағы бір түйткілді мәселе – оқулықтың тапшылығы. Кеңестік заманнан қалған, ескі әдістемемен жазылған кітаптар әлі айналымда жүр. Қазақстаннан жаңаларын алдыртайын десе, жергілікті жердің білім беру қызметі рұқсат етпейді. Яғни, кітапты алдымен солардың сараптамасынан өткеннен кейін ғана қолдануға болады екен. Өкінішке қарай, бұған дейін сараптамаға өткізілген кітаптарға рұқсат берілмеген. Бұл тығырықтан шығар жолды Алтай қазақтары тапқанға ұқсайды. Олар қазақ ғалымдарының тіл үйретудегі әдістерін пайдалана отырып, өздерінің оқулықтарын жазып шығарған. Енді осы тәжірибені омбылықтар да пайдалануға ниет етіп отыр.

Аға буын өкілдерінің айтуынша, жастардың арасында қазақ тілін үйренуге деген ынта жақсы. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің арасында да қалаулары бойынша қазақ тілі пәніне қатысып, тіл үйреніп жүргендер бар екен. Омбыдағы №130 орта мектеп директорының орынбасары Сергей Субботинның айтуынша, былтыр мектептегі 120 қазақ баласының 28-і екінші шет тілі ретінде қазақ тілін таңдаған. Биыл олардың саны 67-ге жетіпті. Арасында болашақта кәсіпкер болып, Қазақстанда қызмет еткісі келетін 6 орыстың баласы да бар.

Омбы облыстық қазақ ұлттық-мәдени орталығының басшысы Жанат Бекмағамбетовтың ұйымдастыруымен өткен шекаралас аймақтар қоғамдық бірлестіктерінің форумында Ресейдегі қазақ тілінің мәселесімен бірге Қазақстанда орыс тілін оқыту жайы да сөз болды. Баяндама жасағандардың бәрі дерлік орыс тілін оқытуда Қазақ елінде ешқандай қиындық жоқ екенін жарыса айтты. Омбымен іргелес жатқан бір Солтүстік Қазақстан облысында 485 мектептің 255-інде оқыту орыс тілінде жүргізіледі екен, 112 білім ошағы аралас мектеп саналады. Ал бір миллионға жуық қазағы бар көрші Ресей елінде қазақ тілінде білім беретін бірде-бір оқу орнының жоқтығы әділдік пе?

Жер бетіндегі тіршілік иелерінің бәрінде өзін-өзі қорғау инстинкті деген болады, қатарының сиреп бара жатқанын іштей сезген олар мүлдем жойылып кетпеудің қамын жасайды. Әлеуметтанушылар бұл терминді адамзатқа қатысты да пайдаланып жүр. Тілі мен дінін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап қалу үшін аз халықтардың қорғанысқа көшуі – заңдылық. Тіл мәселесін арнайы форумда көтеріп, бұл жиынға билік өкілдерін қатыстырып, атамекеннен қонақтар шақырып, кең ауқымда талқылаудың астарында осы инстинктің белгісі жатқандай.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Омбы – Петропавл.

CУРЕТТЕ: форумға қатысушылар Омбыдағы Ш.Уәлихановтың ескерткішінің алдында.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика