Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT КӨРЕРМЕНІҢ КӨП ПЕ, ТЕАТР?

КӨРЕРМЕНІҢ КӨП ПЕ, ТЕАТР?

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнасында қойылған орта Азиядағы ең танымал режиссерлердің бірі, тәжікстандық Барзу Абдураззаковтың “Мама” спектаклінен шыққан өнерсүйер қауымның көңіл-күйі көрермен ретінде мені де алаңдатпай қоймады. Ата-аналарына үздіксіз хабарласып, хал-жағдайларын сұрап жатқан үлкенді-кішілі жандарды көріп, көңіліме қуаныш ұялады. Олардың кейбіреуінің жанарына туған үйден жырақ, жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген ұлдың ішкі толқынысы, психологиялық жай-күйі, жүрек түкпіріндегі сезімдер арпалысы жас алғызса, енді бірін жалғыздықтан жалыққан, сағыныштан қамыққан ананың мүшкіл жағдайы алаңдатты. Спектакльді қойған режиссердің де, өздеріне берілген рөлдерді сәтті сомдап шыққан актерлердің де күткені осы болса керек.

Иә, театр – адамды өз жан дүниесін тануға ұмтылдыратын таңғажайып әлем. Біздің дәуірімізге дейін сонау грек жерінде дүниеге келген бұл өнер түрі өзектілігін жоймай келеді. Әйтсе де, оған баруға қызығушылық танытатындардың саны көңіл көншітпей отыр. Оның сырын мамандар алғашында әлемдік кино өнерінің дамуымен түсіндірді. Қос қолдың саласындай бұл өнер түрлерінің екі бөлек екені уақыт өткен сайын сараланды, зерделенді. Театр көрерменін неше түрлі ойға жетелейді. Өмірлік сұрақтарға жауап табуға себепкер болады, кешірімділікке, мейірімді болуға шақырады, бір сөзбен айтқанда, рухани биіктікке құлшындырады.

Біздің өңірімізде үш театр тұрғындарға қызмет етіп келеді. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар, халыққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, қазығы қағылғанына 130 жылдан астам уақыт өткен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры репертуарын көркемдік мазмұны терең қойылымдармен көмкеріп, көпшілікті тың, жаңа спектакльдермен қуантуда. Облыс тұрғындарының басым көпшілігі орыстілді болғандықтан да шығар, театрға келушілер қатары әркез қалың. Оның үстіне театр ғимаратының орналасқан жері де қолайлы. Алайда, мәселе тек тілге немесе орынға ғана тіреліп тұр ма?

Қазақ өнерінің ордасынан өз еркімен келіп, билет сатып алып жатқан аздаған адамды ғана кездестіресіз. Бұл – халықтың театрға деген ықыласының төмендігінің көрінісі. Оны сүйіп, қойылым тамашалауға құлшыныс танытушылардың көбі – егде жастағы адамдар. Кассадағы билеттер қала мекемелеріне әлі күнге дейін міндеттеліп сатылып жатқандығы жасырын емес.

Киелі өнерді тамашалауға келген әр адам алдымен сахнада ойнайтын актерлерге құрмет ретінде үшінші қоңырауға дейін залға кіріп, өз орындарына отырып үлгеруі тиіс. Театрға кешігіп келген көрермен тәртіп бойынша залға кіргізілмейді. Бұл жерге киноға келгендей өздерімен бірге сусын, азық-түлік әкелуге тиым салынған. Өйткені, театр – қасиетті орын. Шынайы өнерді бағалау тек шапалақ ұрумен ғана шектелмек емес. “Өнердің құдіретіне бас ию – киім ілгіштен-ақ басталады” деген театр реформаторы Константин Станиславскийдің сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Спектакльға келген әр көрермен кеш көйлегін, болмаса салтанатты киім киіп келуі қағида болып саналады. Яғни, спорттық, күнделікті қарабайыр киіммен келу театрдың қалыптасқан заңдылығына кереғар. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Жылдың басында “Күз бен Қыз” атты жыр жинағымның таныстырылымын өткізу мақсатында театрға бас сұқтым. Актерлердің қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырып беруді өз міндетіне алған театр басшылығы көрермен жинау, залды толтыру мәселесінің оңайға соқпайтынын айтып қалды. Мамыр айында есімі елімізге белгілі композитор, көптеген әндердің авторы Қадырғали Көбентай қазақ өнерінің қарашаңырағында ән кешін өткізді. Сазгердің шығармашылығын тамашалауға келген адамның санына қарап, не жыларымызды, не күлерімізді білмей әбден ұялдық.

Бір күні редакцияға келген жастардан “Театрға жиі барасыздар ма? Қандай пьесаларды тамашалаған ұнайды?”, – деп сұрадым. Берген жауаптары бір қалыптан шыққандай былайша өрілді: “Театрға бару үшін көп уақыт керек. Онда көрсетілетін спектакльді кітаптан да оқи аламыз. Актерлердің өнерін біз сияқты кез келген адам түсіне алмайды. Мүмкін, жасымыз біразға келгенде, ұрпақтарымызға тәрбие беру үшін бас сұғармыз”.

Әлбетте, өнерді түсіну оңай дүние емес. Екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін қиялдың жүйріктігі, дүниетанымның кеңдігі, пайым-парасаттың ауқымдылығы керек. Бірақ жастардың соған деген, тым болмаса, ұмтылысының болмауы ойландырмай қоймайды. Ойлана білуден айырылу – адами құлдыраудың ең соңғы сатысы емес пе?

“Театр мен кітап оқу – егіз ұғым. Бір қойылым – бір кітап. Ол жерден сіз өмірде кездесіп жүрген сұрақтарыңызға жауап таба аласыз. Халық өнерді өмірдің айнасына бекер теңемейді. Өмірде кездесетін қиындықтармен қалай күресу керектігін, жақсы мен жаманның аражігін ажыратып беретін де – осы театр. Сондықтан кейінгі ұрпақты театрға балабақшадан, мектеп жасынан баулуды қолға алу керек. Театрға баруға ыждағаттылық танытатындардың басым көпшілігі кімдер? Өз елінің тарихын жақсы білетін және көретін азаматтар. Жастайынан халық ауыз әдебиетін жастанып оқып, жыр-дастандармен сусындап өскен жандар. Театрды сүю, әуелі Отанға деген патриоттық сезімнен туындайды, туған ел мен жерге деген ыстық ықыластың белгісі болып табылады. Ал осы сезімдерді кейінгі ұрпақтың санасына дарыту әуелі, үйдегі ата-ананың, балабақшадағы тәрбиешінің, мектептегі мұғалімнің басты міндеті емес пе?” – дейді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бұрынғы актрисасы Дәрия Әбілмәжінова.

Бала демекші, былтыр бір танысым екінші сыныпта оқитын сәбиін қазақ театры сахнасында “Сиқырлы дүрбі” ертегісінің желісімен қойылған туындыны тамашалату үшін ертіп барыпты. Әлгі бүлдіршінге сахна өмірінің ұнағаны соншалық, күні бүгінге дейін одан алған әсерін таңданыспен айтатын көрінеді. Осыған қарағанда адамның Абай атамыз айтқан “толық адам” болып қалыптасуына көп үлес қосатын театрға жас ұрпақтың жиі баруына немқұрайдылық танытып жүрген өзіміз.

“Бүгінгі күннің үдесінен шықпаған театр – өлі театр” деген екен осы саланың дарабозы атанған Маман Байсеркеұлы. Өнер ордасын баяғы заманның шекпенін әлі жамылып жүрген театрлардың қатарына жатқыза алмаймыз. Бүгінгі өмірдің ащы шындығын шынайы көрсетіп жүрген актерлер де, туындылар да аз емес. Көрермендер үшін тың дүниелер ұсынуды мақсат еткен шығармашылық құрам жаңа спектакльдермен репертуарларын молайта түсуді көздеп отыр. Сахнагерлер “Арайлы Астана” мюзиклі, Бауыржан Жақыптың “Жан дауысы” саунд драмасы, Александр Островскийдің “Пайдалы орын” комедиясы сияқты жаңа туындыларды көрермендердің назарына ұсынбақ.

Әңгімеміз театр тақырыбы болғандықтан, кішкентай бүлдіршіндер үшін қызмет ететін облыстық қуыршақ театрының атқарар рөлін айтпай кетуге болмас. Сонау 1990 жылы бой көтерген театрдың репертуарында қазіргі таңда қызықты ертегілер көп-ақ. Айталық: А. Милннің “Винни Пух и все, все, все...”, Н. Гернеттің “Гусенок”, В.Лившиц пен И. Кичанованың “Таинственный гиппопотам”, “За лесами, за горами” В.Коннинскийдің “Енот-антисоветчик”, “Машенька и медведь” атты орыс халық ертегілері, тағысын тағылар. Осылай жалғаса береді. Арасында қазақ тілінде қойылатын екі-ақ (“Қаңбақ шал”, “Күміс тұяқша”) ертегі бар. Егемен елдің ұрпағы ана тілінде сусындайтын қойылым көре алмағаны қалай? Өңірде онсыз да ойсырап тұрған мемлекеттік тілдің ахуалы “жығылғанға жұдырық болғандай” күй кешуде. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі келешегіміз дейміз. Тал бесігімізді түзеу – барлығымыз үшін парыз. Қазақ тілінде балаларға арналған ертегілер жоқ емес, бар! Жалпы, қазақтың кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығармашылығынан бастау алатындығын ескерсек, сол “Винни Пухтардың” орнын “Тазша бала”, “Қобыланды батыр”, “Ер Төстікпен” неге көркемдемеске? Бұл жалғыз проблема болса жақсы ғой. Актерлердің басым көпшілігінің мемлекеттік тілде еркін сөйлеу мәселесі де мәз еместігін алыстан-ақ аңғару қиынға соқпайды. Мұны театрдың көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев та мойындап отыр.

Өңіріміздегі мәдениет ошақтарының ең негізгі мақсаты – бабаларымыз аманаттап кеткен қайнар бастауларды, ұлттық салт-сананы, дәстүрдің озық үлгілерін насихаттау екендігі әмбеге аян. Біз мақаламызға арқау етіп отырған үш бірдей театрда ұлттық құндылықтарды дамыту аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. “Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел” деп Абай атамыз айтқандай, енді мәдениеті жоғары, өресі биік көрерменнің қатары көбейсе, қанекей!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика