Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚҰДІРЕТІН СЕЗІНДІРІП ҚАЛАМНЫҢ, ЖЫРЛАП ӨТКЕН СЫРЫН, ҮНІН ЗАМАННЫҢ!

ҚҰДІРЕТІН СЕЗІНДІРІП ҚАЛАМНЫҢ, ЖЫРЛАП ӨТКЕН СЫРЫН, ҮНІН ЗАМАННЫҢ!

НҰРЛЫ ЖҮРЕК

Елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі, құстың қанатын талдырған, тұлпардың тұяғын тоздырған кең-байтақ Қызылжар топырағы – алуан-алуан жүйріктердің қадамына қуат, қиялына қанат байлаған қасиетті өңір. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, батырлар, ақын-жыраулар шыққан. Десек те біздің өңірден түлеп ұшып, қанаты қатайған шағында бүкіл елге танылып, туған топырағының даңқын асқақтатқандардың қарасы онша қалың емес. Шоқ жұлдыздай жарқыраған осы шоғырда ақын Жарасбай Нұрқан да бар.

Ол көзі тірісінде оқырмандарға “Қара көздер”, “Нұрлы терезе”, “Алтын десте”, “Арманым менің”, “Терең барлау”, “Буынсыз бала” және тағы басқа да жыр жинақтарын сыйлады. Ақын ағамыздың артына қалдырған мұрасы да соншалықты мол екен. Бертінде ақынның жары Қазина жеңгеміздің құрастыруымен жарық көрген “Қызылжар”, “Көкжиек” жинақтары осыны айғақтайды.

Шалғайдағы шағын ауылда өмір есігін ашып, қызмет баспалдақтарымен астана төріне көтерілген, қаламгерлік қарымымен бүкіл елге танылған Жарасбай Әнәсұлының жүріп өткен жолы тағылымды. Оның орта мектепті “Алтын медальмен” тамамдап, “Мұхтар Әуезов лекция оқиды екен” дегенді естіп, құжаттарын Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне тапсыруының өзі болайын деп тұрған баланың ісі емес пе?!

Өзінің айтуына қарағанда, Жарасбай ағамызға ақындық анасының ақ сүтімен дарыған. Тағдырдың жазуымен анасынан 4-5 жасында жетім қалған ол атасы мен әжесінің бауырында өсіп, жасынан зерек болып, тырнақ-алды өлеңдерін мектеп қабырғасында жүргенде жаза бастайды. Ал студент кезінде “Лениншіл жас”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінде өлеңдері үзбей жарияланып тұрғанын білеміз.

Менің Жәкеңнің шығармашылығымен таныстығым сол жылдары басталған еді. Мектепте оқып жүрсем де, газет-журналға құмар болдым. “Лениншіл жас”, “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”), “Қазақстан пионері” газеттері қолыма тигенше тағат таппайтынмын. Басында оның жырларына назар аударуыма екеуміздің аттас болғанымыз да әсер еткен шығар-ау. Кейін Мұқағали ақын шекпен жауып қайтарған қазақтың қара өлеңіндей қарапайым да ырғақты, көркем бояулары қою жырлары теңеулерінің әсемдігімен, ұйқастарының шеберлігімен ерекше баурады.

Иә, өмір жолы оны адастырған жоқ. Өзі журналистерге берген бір сұхбатында айтқандай, Мұхтар Әуезов сияқты ғұламамен араласу бақытына ие болды. “Ақындық талабың мен талантың бар екен. Көп оқы, өмірді таны, сонда ғана жақсы ақын боласың” деген ұлы жазушының ұлағатын өмір бойы жадынан шығарған емес. Университетті үздік бітірді. Жанашыр ұстаздары “Алматыда қал, ғылыммен айналыс” деп ақыл қосқанмен, туған ауылына оралып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастады.

Алайда, қалам үшін туған жан шығармашылықпен айналысуды ұмытқан жоқ. Осылай “Әдебиет – ардың ісі”, – деп ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқан ұлағатты ұғым жаны нәзік, жүрегі таза Жарасбай Әнәсұлының өнегелі өмірінің өзегіне айналды. Ол қандай қызметте жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеді, жүрек таңдауын өзге салаға айырбастай алмады. “Мен өлеңді көп жаза бермеймін, бірақ дөп жазуға тырысамын”. Бұл – Жәкеңнің өз сөзі. Осы ойды белгілі қаламгер, облыстық “Коммунизм нұры” газетінде істеген жылдары Жәкеңмен бір кабинетте отырған Амантай Кәкен де дәттейді. Ол өзінің естеліктерінде: “Жарасбай материалдарды бұрқыратып көп жаза бермейтін. Аз жазатын, сапалы жазатын”, – дейді.

Жырлары оны жаңа биіктерге жетеледі. Сөйтіп, ол 1965 жылы Тың өлкесі құрылғаннан кейін белгілі қаламгер Сафаржан Хайдаровтың шақыруымен “Тың өлкесі” газетіне жұмысқа орналасып, журналистер қатарына қосылды. Оның әр алуан тақырыпта жазған мақалалары жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, салмақты сөздің саралануына, әділдіктің үстем құруына салған даңғыл жолдай еді. Көп жылдар облыстық басылымда, республикалық “Егемен Қазақстан” газетінде журналистік қызмет атқарды. Атқара жүріп қаламынан адам таңдай қағатын тың дүниелер, мәйекті мақалалар тудыра білді. 1981 жылдан бастап баспагерлікке ауысып, “Өнер” және “Жазушы” баспаларында аға редактор болды.

Оның публицистикалық шығармалары, очерктері мен суреттемелері, арнау, дастандары мен толғаулары, әзіл-сықақ шымшымалары және де балаларға арнап жазған туындылары да талғамы биік оқырманның көңілінен шыққанын айту ләзім.

Біз Жәкеңмен бертін кездестік. Мен ол кезде Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі едім. Елге келген бір сапарында туған ауылы Көктерекке жолсерік болып бірге барудың сәті түсті. Көп әңгімелестік. Сыртта жүрсе де, туған өңіріндегі жағдайға қанық екен. Содан кейін біз жиі болмаса да хабарласып тұрдық. Ол кісі хат жазатын. Әлі есімде, қазақ тіліндегі тұңғыш қалалық басылым – “Қызылжар нұры” газетінің алғашқы саны жарық көргенде қуанып, бұл да тіліміздің бағының жанғаны деп жырдан шашу шашқан еді. Тіл демекші, Жәкең туған тіліміздің нағыз жанашыры бола білді. Сол тілдің жайын айтамын деп билікке ұнамай қалған кезі де болған. Амантай ағамыз өзінің естелігінде облыстық газетте жарияланған “Тіл ұстарту” деген өлеңінің біраз дүрбелең туғызғанын жазады. Сонда билікке ұнамаған мына жолдар екен:

– Балам еркін білмейді бабам тілін,

Нансаң, соған жүрегім тілім-тілім.

“Әке” деуге аузы қиналғанда

Ұнатпай да қаламын ұлым түрін”.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында ақын Жарасбай Нұрқанның “Нұрлы терезе” деген жинағы жарық көрді. Алақандай ғана кітап, бірақ іші жылы жырға, нұрлы сырға толы. Сол кітапқа талдау жасаймын деп біраз қиналғаным да есімде.

2012 жылдың 25 қаңтары күні Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының “АЛЖИР” мемориалдық мұражай- кешенінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай “Азаттықтың азапты жолы” атты көрменің және “37 жыл. Ерте солған гүлдер” бейнебаянының, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі “ALASH – ALZHIR” екі томдық кітабының тұсаукесерлері өтті. Осы шараға алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп сияқты ашаршылық пен қуғын-cүргін тақырыбын қаузап жүрген басқа да белгілі ғалым-жазушылармен бірге мен де шақырылдым.

Осы шараның ең әсерлі сәті Жарасбай Нұрқанның сөзіне композитор Ерсайын Нарымбаев жазған “37 жыл. Ерте солған гүлдер” әнінің тұсаукесері болды десем, артық айтқаным емес. Ән әуені жиналғандарды бірден өзіне еліктіріп, қатты толқытты, тебірентті. “Ерте солған гүлдер” – 37-ші жылдың қасіретке толы дүрбелеңінде құрбан болған алаш азаматтарының рухына арналған құнды дүние. Ақын Жарасбай Нұрқан сол тарихи кезеңді тұла бойынан өткізіп, жүрегімен сезінген, жан ұшырған сәбилер мен қан жылаған аналардың көз жасын шынайы бейнелей білген. Сол кездегі әр адамның көңіліндегі айықпайтын мұң мен шерге толы күйін дөп басқан.

Осы кездесуде Жәкеңді мен жаңа бір қырынан танығандай болдым. Бұл шығарма ақынның бүкіл болмыс-бітімінің, өмірлік ұстанымының айнасы іспетті. Жүректен шымырлап шыққан сөз жүрекке жетті.

Бізде ақын көп. Бірақ солардың бәрінің жырлары халық айтып жүретін әндерге айналмайды. Ал Жәкеңнің “Туған аймақ” өлеңіне белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов ән жазған. Бұл ән халыққа Роза Рымбаеваның орындауында жетті. Кейін Жарасбай Нұрқанның өлеңдеріне Еркеғали Рахмадиев, Кенжебек Күмісбеков, Әшірхан Телғозиев, Алмабек Мейірбеков, Қадыр Адамбалинов, Жоламан Тұрсынбаев, Қасен Қожа-Ахмет, Гүлмайдан Сүндетова, Ақынай Шомытов, Болат Құсайынов, Қалқаман Жүнісбеков ән жазды.

Жаңа ғасырдың он бірінші жылында мәңгілік сапарға аттанған оның артында өлмейтін сөзі, өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпірі, гауһардай жарқыраған өлең-жырлары, асыл сөздері қалды. Халқының ыстық ықыласына бөленген ақын Жарасбай Нұрқанның жырлары оқырманымен бірге жасай беретініне сенімім мол.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры.

 

СЕН ДЕГЕНДЕ МЕНІҢ ӘНІМ Ү3ІЛМЕЙДІ, ҚЫЗЫЛЖАР!

Көкорайлы Көктерегім

О, менің көкорайлы Көктерегім,

”Жаһанда өзіңдей жер жоқ” дер едім.

Арада айлар өтіп оралғанда,

Сағыныштан өлердей боп келемін.

 

Ораған батысың мен түстігіңді

Орманың – қорғаның ғой қысты күнгі.

Жалғыз ағаш бауыры бау-бақшадай,

Жайнатқан түрлі жеміс, түсті гүлді.

 

Ал Алқаң – анық әсем, айна көлді,

Көлдерді мыңғырған мал айнала өрді.

Шалқалап жатам жасыл шалғыныңа,

Туристер мұндай жерді қайда көрді?

 

Мұхит қой маған сенің ”Қарасуың”,

(Қайың-тал жағасында жарасуын).

Телміріп соған сонша қарап тұрған

Өзіңнің оқып келген Жарас ұлың.

 

Туған жер, көкорайлы Көктерегім,

Есейіп ер жігітің боп келемін.

Әзірге қолдағы бар көмек осы –

Өзекті өртеп шыққан отты өлеңім.

 

Кәрі шеше

Отырсың аңсап күтіп әлі, шеше,

Өтсе де арада жыл әлденеше.

Тұлғасы тұңғышыңның көз алдыңда,

Ұзатып салғандайсың күні кеше.

 

Жат хабар: сол балаңның енді жоғы,

Қыршындай қиып кеткен жаудың оғы;

Келгелі қара қағаз қанша болды,

Алғашқы жылда жұтты соғыс оны.

Сонда да үзбедің сен үмітіңді,

Демедің: “оның демі, үні тынды”.

Әр таңға арман артып, сенім жүктеп,

Жөнелттің шашыңнан көп күні-түнді.

 

Ай түгіл жылдар өтсін әлі неше,

Болғандай саған оның бәрі кеше.

Ұлыңды бір көруден күдер үзбей,

Үзіліп кетесің-ау, кәрі шеше!..

 

Есіме алсам ауылымды

Туған жер, суың кәусар, лағыл тасың,

Жүректі шым еткізіп сағынтасың.

Елжіреп сені ойлаған кездерімде,

Сөзімнен, шынымды айтсам, жаңылтасың.

 

Алдымнан жібек самал, еседі жел,

Шақырған өзіңбісің, о, туған жер?!

Мен саған құстай ұшып жетпек едім,

Кешігіп жүрген болсам, кешіре гөр!

 

Көңілде сағыныштан самсайды өлең,

Еске алып ауылымды, тамсай берем.

Даланың ой мен қыры бірдей маған,

Әйтсе де, туған жерді аңсай берем!!!

 

Атың сенің елге мәлім

Атың сенің елге мәлім,

Естіген жұрт қызығар.

Сен дегенде менің әнім,

Үзілмейді, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

 

Еркін өмір арнасында

Ержеткен ұл, қызың бар.

Сұлу Есіл жағасында

Суың кәусар, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

 

Туған жердің ажарына

Шіркін көңіл ынтызар.

Аңсарым да, назарым да

Саған ауған, Қызылжар.

О, Қызылжар, Қызылжар!

Тартқан сымдай көшелерің,

Өн бойыңда қызу бар.

Өскен сайын өсе бергін,

Көркем қала – Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

 

Самал ескен әсем жазың,

Әр перзентің сағынар.

Ақ бораның, сары аязың

Ыстық бізге, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

 

Аңсап жүрген кеудемізде

Ақ жалын бар, Қызылжар.

Алты алаштың зердесінде

Мағжаны бар, Қызылжар!

О, Қызылжар, Қызылжар!

 

Мен қалай толқымайын

Жүрегім атша тулап қуаныштан,

Көңілім әуелейді қуаныштан,

Мен қалай тебіреніп, толқымайын,

Елім бар – шын Тәуелсіз Қазақстан!

 

Әбзелім жарқыл қағып, күміс шашқан,

Бәйгеміз шын жүйріктің бағын ашқан.

Мен қалай ерге мығым отырмайын,

Елім бар – шын тәуелсіз Қазақстан!

 

Сұлудай сүйгенімен жолығысқан,

Ағайын елге оралып келді алыстан.

Мен қалай қорғасындай балқымайын,

Елім бар – шын тәуелсіз Қазақстан!

Айығып қалың тұман еңсе басқан,

Қазақтың ниетіндей мөлдір аспан.

 

Бабам тілі

Балам еркін білмейді бабам тілін,

Соған менің жүрегім тілім-тілім...

“Әке” деуге ауызы қиналғанда

Ұнатпай да қаламын ұлым түрін.

 

“Бақша барар, бауда ойнар, жас бала ғой,

Басқа тілді білмесе, жасқанар бой.

Әлі үйреніп кетеді” деп жүргенде,

Ана тілін ұмытса, масқара ғой!..

 

“Болмайды екен мұнымыз, ей, шұнағым,

Сөндіртпеймін жұртымның ой шырағын.

Ең болмаса тел еміп өскейсің” деп,

Тіл ұстартып күнбе-күн, тыншымадым.

 

Бала болып баламен ойнадым да,

Қоса бердім қос тілде ойлануға.

Көзге түскен дүние атын атап,

Айтпай кетсе, айтқызбай қоймадым да.

 

Бір сөз айтса, жалма-жан тәржімалап,

Ұнатты ма, ұқты ма, көзін қадап,

Өрім талдай солқылдақ бұла тілін

Бұрдым бері, не керек, бір жұмада-ақ.

 

Қутың қаққан құлыным сезімді екен,

Айтар қазір қазақша сөзін бекем.

Ана тілін біледі, бабам тілін,

Балада емес, бар бәле өзімде екен.

Туған аймақ

Шалғынның тербеп басын жел,

Жан біткендей жасыл бел.

Қуаныштан толқыған

Анашымдай асыл жер, асыл жер.

Дидарындай әкемнің

Аспаны шайдай ашық ел!

 

Жұлдызы жайнап көгінде,

Ай шомылған көлінде.

Ақ балтырлы қайыңдар,

Сыбдыр қағып дөңінде, дөңінде.

Туған аймақ тұрады

Әрдайым көңіл төрінде!

 

Ғажап адам

Үстінде қылау тұрмас қылап кісі,

Қашанда қалыбында бипаз ғана,

Ұнатып, келсе өзінің ұнатқысы,

Көзіне іле бермес жиһазды ана.

 

Сырдай ғып сирек айтар кәміл ойын,

Оған жат өсек, ғайбат, сырттан егес:

Түсірмей ғұмырда өз абыройын,

Басқаның бетін бекер жыртқан емес.

 

”Ру” деп ұрындырып, жұлқыстырмай,

Сипатын сынай сүйген ұлтымыздың.

Астарлы сөз орамы күміс қындай,

Ұстайды лыпылдатып күлкі жүзін.

 

Паң тартып, небір дөйге мойын бұрмай,

Дүмбілез, даңғойларға қабақ бермес.

Сезді екен селт еткізер ойын қылдай, –

Жассынып, жатсынбайды талапкерді еш.

 

Сақтанып салақтықтан, халтурадан,

Қояды әлсін-әлі пікір толғап.

Ашынып айтқанда сын ал турадан –

Сезесің темір қысқыш, кірпі қолғап.

 

Өнердің шыңын алған үлкен шынар.

Ұната бермес әлі мақтағанды.

Той былай, толғанып ол жүрген шығар,

Рәсім, тәртібіне мәттағам-ды.

 

Ту етіп туған жұрттың ар-намысын,

Әр сөзді жанын қинап жазар әман.

Даланың дара біткен ардағы шын,

Біздің бұл Ғабең деген – ғажап адам!

 

Жарасбай НҰРҚАН.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика