Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТҰЛҒАСЫНА ЕЛ СҮЙСІНГЕН

ТҰЛҒАСЫНА ЕЛ СҮЙСІНГЕН

Жалған дүние-ай! Нар тұлғалы азамат Сәлім Әлмағанбетұлы Құрманғожин да бақилық болды. Содан бері он күн өтті. Жоғарыдағы тиісті ұжымдар, лауазымды қызметкерлер елге қаралы хабарды жеткізетін, қоштасу сөзін айтатын шығар деп күттік. Бәрі бекер болып шықты.

Өткенде бүкіл ғұмырын ел игілігін еселеуге арнаған даңғайыр диқан, Еңбек Ері Мағауия Алазовтың қайтыс болғанын білмей қалған, білсе де, елге естіртуді қажет деп санамаған билік, ардагерлер ұйымдары бұл жолы да үн-түнсіз.

Сәлім Әлмағанбетұлы елемейтін тұлға ма еді?! Кеше ғана ол кісінің есімі аталғанда, жерлесіміз деп жер мен көкке сыймай мақтанушы едік қой. Сәлім Құрманғожин, шынында да, еліне адал қызмет еткен, артына өшпес із қалдырған айтулы азамат. Заманында Шал ақын, Молдахмет Тырбиев сынды саңлақтар ән мен жырға бөлеген қасиетті мекен – Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында өмір есігін ашқан (1934) оның балалық шағы соғыстың ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Бірақ ол өмір жолында адасқан жоқ, өзінің азаматтық парызын адал атқара жүріп, абырой-құрметке бөленді.

Асыл ағамыздың, әсіресе, дипломатиялық қызметтегі қолтаңбасы айшықты. КСРО кезінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, Түркия, Эфиопия елдеріндегі елшіліктерде, КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында қызмет атқарған кәсіби маманның тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінің негізін қалағандардың бірі болғанын айту да – біз үшін зор сүйініш. Ол 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, 1993-1996 жылдары еліміздің Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі, 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, 1997-1998 жылдары бақылау басқармасының басшысы, 1998-1999 жылдары Дипломатия академиясының төтенше және өкілетті өкілдерінің біліктілігін арттыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.

Сәлім Әлмағанбетұлының елге сіңірген еңбегі, азаматтығы, білімдарлығы, кәсібилігі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды, “Құрмет” орденімен марапатталды. Венгрия республикасында қызмет еткен жылдары қазақ елінің азаматтары арасынан бірінші болып сол мемлекеттің Жоғары мәртебелі “Жұлдызшалы орташа крест” орденін кеудесіне қадады.

Олай болса, кіндік қаны тамған өңірден шалғайда – Алматыда қайтыс болған атақты жерлесімізге топырақ сала алмасақ та, отбасына, ағайын-туғанға жұбаныш сөзін айту жөн емес пе? “Мынау жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған!” (Шалкиіз), өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Жарқын өмірдің әрбір сәті үшін біз өткенімізге, аға ұрпаққа қарыздар екенімізді, бұрынғылардан: “Сен өткенді тапаншамен атсаң, болашақ сені зеңбірекпен атады” деген сөз қалғанын ұмытпасақ екен.

Ағамыздың жатқан жері жайлы, қабірі нұрлы болсын!

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика