Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT НАҒЫЗ ЕРЛІК

НАҒЫЗ ЕРЛІК

Жазушы Әбдірахман Айсарин 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық “Кеңес ауылы” газетінде басшылық қызмет атқарады. Зайыбы, менің шешем Мәдина Қостангелдіқызының айтуынша, редактор яки оның орынбасары болған.

Осы жылдан, яғни 1932 жылдан бастап 1937 жылдар аралығында аздаған үзілістермен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесіне басшылық еткен. Шешемнің айтуынша, 1932 жылы Әбдірахман бір әдемі жас жігітті ертіп келіп, оны облыстық баспаханаға яки редакцияға жұмысқа орналастырған (шешем оны анық айта алмады. З.Ә.). Сол жігіт Мәлік Ғабдуллин екен.

Тегі, Әбдірахман Мәлікті Сәбит Мұқановтың өтінішімен жұмысқа алдырып, біршама уақыт (жарты жылдай шамасы) өзінің үйінде тұрғызыпты. Бұл уақытта Әбдірахманның жалғыз ұлы, 1930 жылы туған Аян ағам екі жаста болған. Әрине, Мәлік жас баланы көзімен көрген.

Кейін 1937 жылы Әбдірахман Айсарин “халық жауы” деген жаламен ұсталып, атылып кеткен. Шешем “Отанын сатқан сатқынның әйелі” деген жаламен 1938 жылы ұсталып, бес жыл “АЛЖИР”-де қамауда болған. Ағам “халық жауының” баласы болғандықтан, шешем паналап барған Балуан ауылындағы (бүгінгі Шал ақын ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы) мектепке алынбай әр үйде күнелтіп, ауыл кезіп кетеді.

Сөйтіп жүріп, он бір-он екі жасқа келеді. Әкесі атылған, шешесі түрмеде. Осы уақытта баланың қаңғырып қалғанын естіген жазушы, Әбдірахманның досы Ғалым Малдыбаев Аянды ауданның Тереңсай ауылындағы мектепке беріп, мемлекет қамқорлығына алдырады, он екі жасында бірінші сыныпқа оқуға барғызады.

Осының қырсығынан Аян мектепті әдеттегідей он жеті емес, жиырма жасқа толарында тамамдайды. Жоғары білім алу үшін Алматыға барып, 1950 жылы малдәрігерлік институтқа оқуға түседі. Бірақ елден “халық жауының” баласы оқып жүр” деген хабар жетіп, оны институттан шығарып жібереді.

Ағам қаңғырып, далада қалады. Шешесі бұл уақытта айдаудан босанып, менің әкем Рамазан Әкімжанұлына тұрмысқа шыққан. Әкем 1891 жылы туған, ұжымшар басшысы болған беделді адам. Ол – Әбдірахманның туған бөлесі. Мәдина Қостангелдіқызына үйленбей тұрып, бірінші зайыбы Қалимадан Күләш, Айтжан есімді екі қыз көрген. Қалима қайтыс болып, әкем өзінің анасының (оның да есімі – Мәдина) ақылымен Әбдірахманның балаларын аман сақтау үшін Мәдина Қостангелдіқызына үйленеді.

Ал осы уақытта ағам, оның өзінің айтуынша, 1951 яки 1952 жылы Алматыда аяқастынан Мәлік Ғабдуллиннің көзіне түсіпті. Мәкең ол кезде Абай атындағы Қазақ педагогика институтының ректоры екен. Институт алдында бір топ жас батырға сәлем береді. Оның ішінде Аян ағам да болыпты. Мәкең жас жігіттен көз алмай тұрып:

– Шырағым, сен менімен бірге жүрші, – деп кабинетіне ертіп келеді де, – сен Әбдірахман Айсариннің баласы емессің бе? Түрің аумай тұр, – депті.

Ағам ақырын ғана, секеммен айтып:

– Иә, сол кісінің баласымын. Әкем атылып кеткен. Мені оқудан шығарып тастады, – дейді. Әбдірахманның жағдайын Мәкең, әрине, біледі ғой.

– Шешеңнің есімін айтшы, – дейді Мәкең.

– Мәдина!

Бір кезде Мәкең жас жігітті құшақтап тұрып:

– Қайран, Әбе! Өзің атылып, балаң қорлық көріп... – деп бір уақыт қыстығып тұрып қалады.

Осы кездесуден кейін Мәлік Ғабдуллин өзі басқарып отырған институтқа “халық жауының” баласы Аян Әбдірахмановты филология факультетіне оқуға алдырып, жатақханадан орын бергізеді. Неміс-фашистерін талқандап келген нағыз батыр ешкімнен де, ештеңеден де сескенбестен, әлі ақталмаған адамның баласына қамқорлық қылып, осындай бір ерлік жасағанын 2003 жылы өмірден озған ағам Аян Әбдірахманұлы айтып отырушы еді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика