Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ҚҰНДЫЛЫҚ ҚАЙНАРЫ

ҚҰНДЫЛЫҚ ҚАЙНАРЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасында “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу” екені айтылған. Иә, ұлт руханиятының дамуына халқымыздың ұлттық болмысы, дәстүрі, тілі, мәдениеті, әдебиеті ықпал етеді.

Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Ол – барлық адамға азық. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы мен өлкелік “Талантқа толы туған өңір” жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, облыстық халық шығармашылығы және мәдени – бос уақыт қызметі орталығы жаңа жобаларды қолға алғанын айтып өткен жөн. Рухани құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа таныстыру тынымсыз еңбекті қажет етеді. Осы орайда мәдени-демалыс мекемелерінің кәсіби шеберліктерін бағамдап, әрі қарай шыңдайтын “Мамандығым – рухани қазынам” атты облыстық байқау өтті. “Текті сөздің төресі – терме” мен “Рухани қазына” облыстық фестивалі де ұйымдастырылды.

Биыл елімізде Елбасының Жарлығымен алғаш рет “Ұлттық домбыра” күнi атап өтілді. Жағымды жаңалық жанымызды жадыратып, көңілге шуақ құйды. Осындай айтулы оқиғаның ұлттық руханиятымызға қосар үлесі салмақты. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Күні кеше әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні жоғалып бара жатқандай көрінген. Енді, міне, “Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші, жарым, келші балам...” деп Мұқағали ақынша толғағандай болдық.

“Ұлттық домбыра” күні өңірімізде әртүрлi шаралар өтті. Облыс орталығындағы Тәуелсiздiк стеласы маңында өңірдің үздiк 130 домбырашысы бiр уақытта Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерiн орындады.

Елбасы: “Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар”, – деген еді. Тарихқа көз жүгіртсек, әр заманның беткеұстар тұлғасы болған. Ел мен жер үшін табандылық танытқан тұлғалардың іргелі ісіне тарих куә. Ал оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Үстіміздегі жылы біздің өңірде Қожаберген жыраудың, Сегіз серінің, Мағжан Жұмабаевтың мерейтойлары ел көлемінде аталып өтті.

Бабаларымыз аңсаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүру бізге бұйырды. Сегіз серінің ән аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – асыл парыз. Осы орайда Сегіз Сері Баһрамұлы Шақшақовтың 200 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми конференция мен “Сал-серілердің серкесі” атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс аламанына еліміздің түкпір-түкпірінен от ауызды, орақ тілді он алты ақын қатысты.

Төл өнеріміздің жанашыры болып, сөз құдіретін түсінген, ұлттық өнер, əдебиет пен мəдениетке, дін мен дəстүрге қолдау көрсетіп жүрген жергілікті кәсіпкерлердің осы айтулы шараға демеушілік жасағанын қалайша мақтан етпеске?!

Алты алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы халықаралық деңгейде тойланды. Қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен сыршыл ақынның мерейтойы туған жері – Сарытомарда дүркіреп өтті. Шынында да, Мағжанға түркі жұртының құрметі ерекше. Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының бастамасымен биыл “Мағжан жылы” деп жарияланып, ақын мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі дара тұлғаның әлемдік рухани кеңістіктегі алар орны ерекше екенін көрсетеді.

“Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін”, – деп қазақ әдебиетінің алыбы Мұхтар Әуезов тегін айтпаған ғой. Арда ақынның торқалы тойына концерттік бағдарламамен қатысып, қазақтың рухын асқақтатқан шараның шашбауын көтердік.

Жуырда жерлесіміз, Шал ақын ауданы Көктерек ауылының тумасы, Қазақстан және КСРО Жазушылар одағының мүшесі, ақын, публицист, аудармашы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Нұрқанға арналған “Елім деп соққан жүрегі” атты еске алу кеші өтті. КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде-ақ ақындығы мен азаматтық көзқарасынан айнымаған Жарасбай Нұрқанов “Бабам тілі” атты өлеңі үшін қудаланғанын біреу білсе, біреу білмес. Қысым көрді. Өлеңдері біраз уақытқа дейін жарияланбады. Цензураға ұшырады. Орталық комитеттің шолақ белсенділері тіл туралы жазуды тоқтатуға нұсқау берді. Бір партиялық билет үшін тілді сатпауға кесім айтқан ақын бетінен қайтпады. Кеңестік идеологияның дәурені жүріп тұрған 1972 жылы мұндай батыл әрекетке ешкім бара алмас еді. Аға буын Жарасбай Нұрқановтың осындай азаматтық болмысы мен адамгершілігін ұмыта қойған жоқ.

Жалпы қазақтың ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибесінің бір ғана сыры бар. Ол – халықтың басын біріктіретін, ұлттық рухты көтеретін, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтін ортақ ұлттық сананың болуы. Осының нәтижесінде тарих сынынан халқымыз сүрінбей өткен. Билердің, батырлардың, жыраулардың, ақындардың тағылымы, олардың рухани дүниелерінің мәдени феноменге айналуы – осының куәсі. Бүгінгі ұрпақ осыны ескеруі қажет.

Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы”, – деп ел келешегіне үміт артты. Ендеше, бағдарламалық мақалада сөз болған мәселелерді ел болып жүзеге асыру – міндет.

Жанболат МҰҚАНОВ,

облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының директоры.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика