Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ӨНЕР – ШЕКСІЗ ӘЛЕМ

ӨНЕР – ШЕКСІЗ ӘЛЕМ

Нұрлан Тайыров – қасиетті топырақтың киесі бойына дарыған өнер иесі. Туған жерден жырақта жүрсе де, жүрегі елім деп соққан суретшінің Отанға деген махаббаты шексіз. Жақында Петропавлда “Туған өңір – тұнған сыр” атты жоба аясында жеке шығармашылық көрмесі өтті. Бұл көрме Қазақстан мен Ресейдің ХV ынтымақтастық форумына орай ұйымдастырылған болатын. Оңтайлы сәтті пайдаланып, қылқалам шеберімен сырласудың сәті түсті.

– Қызылжарлықтар сіздің шығармашылығыңызбен етене таныс емес, өзіңіз жайлы да көп біле бермейді. Сондықтан әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасаңыз.

– Мен 1978 жылы Петропавл қаласында дүниеге келдім. Аяулы анамның құрсағында жатқанда-ақ өнер менің пешенеме жазылған болуы керек, бала күнімнен шығармашылық-қа жақын болып өстім. Әсіресе, ой-қиялға ерік беріп, сурет салуға құштар едім. Қабілетімді байқаған ата-анам мені қалалық көркемсурет мектебіне оқуға берді. Есейе келе өнер менің өмірім екенін түсіндім. Суретші боламын де-ген арман алға жетеледі. Сөйтіп, мен өнер колледжінің кескіндеме мамандығында білім алдым. Шығармашылықтың адамы білімін жетілдіруі қажет, көп оқып, көп үйренуі керек. Егер өзіңе көңілің толып, жоғары баға беретін болсаң, шығармашылықта тоқырауға ұшырайсың. Адам ешқашан болдым, тойдым, толдым демеуі қажет. Өнерпаз әрқашан ізденісте жүруі тиіс. Өнерімді әрі қарай шыңдау үшін жоғары білім алуым қажет болды. Сондықтан 1998 жылы Новосібір мемлекеттік сәулет және көркемөнер академиясына оқуға түстім. Аталмыш білім ордасын да үздік тамамдадым. Бүгінгі таңда сурет салумен айналысамын. Жеке тапсырыстар қабылдаймын. Ресейде тұрып жатырмын. Сүйікті жарым мен үш ұлым бар. Құдай қосқан қосағым екеуіміздің илеген пұшпағымыз бір.

– Бейнелеу өнері бірнеше түрге бөлінеді ғой. Ал сіздің шығармашылық бағытыңыз қандай? Петропавлда өткен көрмеңізге қойылған жұмыстарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Менің шығармашылығым екі бағыттан тұрады. Бірі – кескіндеме, яғни графика болса, екіншісі – сәулет өнері. Сәулет өнерінде әр-түрлі техникалар қолданылады. Жекеменшік және қоғамдық ғимараттардың қасбетін өрнектеп, безендіремін. Туған жерімде тұңғыш жеке көрмемнің ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Көрмеге кенеп және майлы бояумен салынған бірнеше картинам, акриль, акварельді қолданған жұмыстарым қойылды. “Музыка”, “Орфейдің қазасы”, “Періште”, “Түн” сияқты өзге де туындыларымды өнерсүйер жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Өзім кескіндеме жанрына басымдық беремін. Өкінішке қарай, көптеген шығармаларды көрермен назарына ұсыну мүмкін болмады.

– Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев “Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем”, – деп жырлағандай, әрбір адам үшін Отан – қасиетті де қастерлі ұғым. Кіндік кесіп, балдәурен балалығыңыз өткен студенттік шағыңыздың куәсі болған Қызылжарға жиі келіп тұрасыз ба? Туған жерді сағынған сәттеріңізде қандай күйде боласыз?

– Туған жерді сағынбайтын адам жоқ шығар. Қызылжарға менің перзенттік көңілім ерекше. Сондықтан елге әрқашан елеңдеймін. Туған-туысқандарым осы жақта. Жиын-тойларда қуаныштарына ортақтасып, жандарынан табылуға тырысамын. Туған жерге жылына екі рет келіп тұрамын. Қызылжардың тұмса табиғаты ғана емес, адамдары да сондай сабырлы, қонақжай, кеңпейіл. Қызылжардың биші қайыңдарға бай орман-тоғайын көргенде жүректі қуаныш кернейді. Осындай тұмса табиғаттан нәр алмау мүмкін емес. Өнерімнің бастауы болған өлкені ерекше қадірлеймін. Туған жерге келгенде табиғат аясында демаламын.

– Қызылжардағы әріптестеріңізбен шығармашылық байланыста шығарсыз. Олардың туындылары, ізденістері туралы не айтар едіңіз?

– Әрине, Петропавлдағы өнерпаздардың шығармашылығы мені қызықтырады. Мұнда келген сайын мұражайларға барып, шығармашылық ахуалмен танысамын. Қай жағынан алып қарасақ та, менің байланысым үзілген жоқ. Білім нәрін сеуіп, өнер дейтін айдынға қанатымызды қомдаған ұстаздарымыздың еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Студент кезімізде біз мұражайларда көп уақыт өткізуші едік. Сол күндерді қалайша ұмытуға болады? Мұражай қорындағы тамаша туындыларды көзімізбен көріп, өнерден шабыттанатынбыз.

– Өнер адамының жаны нәзік, жүрегі таза, сезімтал болады. Сондықтан шығармашылықтағы тоқырау табиғи құбылыс. Ал сіз тоқырауға жиі ұшырайсыз ба?

– Өнер – адамның жан дүниесінің айнасы. Қылқаламның құдіретіне бой алдырған адам өмірді ғана емес, өзін де таниды. Кескінде ме – ойлау қабілетін арттыратын өнер. Барлық ойыңды туындыңа аударсаң, жақсы дүние шығарасың. Сол себепті, суретші өзіне сенуі керек. Бастысы туындыны жүрекпен салғанға не жетсін?! Шығармашылық шабыт көңілім тоқ, жаным тыныш сәттерде келеді. Таңертең ұйқыдан жақсы көңіл күймен оянсам, шеберханаға барып тынымсыз еңбек етемін. Белгілі орыс суретшісі Валентин Серов кескіндеме – үздіксіз еңбекті қажет ететін өнер, қандай да бір жетістікке қол жеткізу үшін, құлшыныс керек екенін айтқан болатын. Сондықтан өмірге, өнерге құлшынған адам кез келген қиындықты жеңеді. Шығармашылықпен айналысу үшін адамның жан дүниесі сергек болуы тиіс деп ойлаймын. Жақсы көңіл күйде болу үшін көп оқу, іздену, музыка тыңдау керек. Әдебиет пен поэзия адамның шабытын оятады емес пе?

Осы орайда мені өнерге, суретшілікке баулыған ұстазым Валерий Савельев туралы айта кетуді жөн көріп отырмын. Оның арқасында бүгінде менің картиналарым облыстық бейнелеу өнері мен Новосібір көркемсурет мұражайларында тұр. Өнердің қырсырын үйретті, әр шәкіртке бағыт-бағдар беріп, талабын ұштады.

– Қыран құсты аспанға самғатқан екі қанаты болса, адамның қырандай самғaуына себепкер – арманы мен мақсаты. Сіздің қандай арманыңыз бар? Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Әлемде тыныштық пен бейбітшілік болса, әр адамға берекелі іс тындыруға мүмкіндік бар. Отанымыздың тыныштығынан артық адамға қандай бақыт керек? Өмірді мәнді де сәнді өткізу үшін шыдам мен еңбек қажет. Мен үшін өмірді сүюдің өзі шынайы бақыт. Сондықтан картиналарым арқылы шынайы өмірдің бейнесін көрсетуге тырысамын.

Ал адамда арман таусылған емес. Кәсіби суретші ретінде бұдан да биік белестерді бағындырғым келеді. Менің туындыларым көрерменге қуаныш сыйласа ғанибет емес пе? Бүгінде өнер колледжінен түлеген шәкірт аз емес. Олардың әрқайсысы Қазақстанның түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шетелдерде еңбек етуде. Әсіресе, кескіндеме мамандығы бойынша білім алған студенттердің басын қосып, көрме өткізу жоспарда бар.

Қазіргі таңда мен өрнек салумен айналысудамын. Ресейдің Кемерово облысында діни ғимараттың қабырғасын безендіріп, өрнектеудемін. Оған қоса жеке шығармашылықпен айналысуды да ұмыт қалдырған жоқпын. Қазақстанның жүрегі – Астана қаласында туындыларымды көрмеге қойғым келеді. Елордадағы көрме орталықтарымен шығармашылық байланыс орнатуды жоспарлап отырмын. Отанымның мәдени өмірінде айшықты орын алсам, менен асқан бақытты жан болмас еді.

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі өнерпаздар көп. Елдің атын асқақтатып, мерейін үстем еткен дарын иелеріне қызыға да қызғана қараймын. Өнер ұлтқа бөлінбейді, ол – шексіз әлем. Туған жерге оралып, жеткен жетістігімді халыққа паш еткім келеді.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика