Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT ТҮРКІСТАН — ЕКІ ДҮНИЕ ЕСІГІ ҒОЙ

ТҮРКІСТАН — ЕКІ ДҮНИЕ ЕСІГІ ҒОЙ

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, игі іс жасауға үндеген “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласындағы қоғамды жаңғырту туралы ойлары мен бастамалары санаға сәуле түсіріп, бойға жігер берді. Бүгінде мақалада айтылған тапсырмалар еліміздің әр өңірінде сәтті жүзеге асырылуда.

Бір ғана “Туған жер” бағдарламасы аясында көптеген жомарт жандардың өздерінің өсіпөнген өлкесіне шара­патын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлестерін қосқаны қандай ғанибет! “Біз жаң­ғыру жолында баба­лар­дан мирас болып, қаны­мызға сің­­ген, бүгін­де тамы­ры­мыз­да бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қай­та түле­туіміз ке-рек”, – делінген мақалада. Адам бойындағы кез келген ізгі қасиет өзінің Отанына, елі мен жеріне деген іңкәр сезімнен бастау алады емес пе? Ол сезім жетіле келе айтулы жұмыстардың орындалуына жол ашады. Біз өрендерді өз елінің патриоты болуға жастайынан тәрбиелеуіміз керек. Ел ертеңіне шуақ шашатын бұл жұмыс біздің мектебімізде бір жолға қойылған. Мәселен, оқушыларымыз жыл сайын қаламыздағы, облысымызға қарасты аудандардағы киелі орындар мен тарихи нысандарға сапарлап, ондағы құнды дүниелермен танысады. Танысып қана қоймай, алған әсерлерімен, жинаған білімдерімен бөлісіп, оны мектепішілік шаралар барысында өзге өрендерге айтып береді.

“Тарихты тұлғалар жасайды” деген түсінік бар. Тарих дегеніміз – түптеп келгенде, туған жерге табанын тіреген, оған қорған болған толағай тұлғалардың тағдыры. Ондай тұлғалар еліміздің әрбір өңірінен шыққан. Бүгінгі өрендерді олардың өнегелі өмірімен таныстыру біздің міндетіміз. Жуырда қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған небір арыстар, әулиелер жатқан киелі Түркістан жеріне табан тіредік. “Туған жер” бағдарламасы аясындағы сапарға мектебіміздің бастауыш сынып, биология, орыс тілі, тарих пәндерінің мұғалімдері мен жиырма екі оқушысы аттанды.

“Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой”, – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев жырға қосқан қасиетті жердің тарихы да тереңде жатыр. Түркістан шаһарын баршамыз ұлық­таймыз. Көне Астанамыз ғана емес, рухани орталығымыз деп білеміз. Өйткені, Түркі­стан қаласы Қазақ хандығының астанасы болған. Біз бұл сапарымызда “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасына енгізілген Түркістандағы бірқатар киелі орынға табан тіреп, олардың тарихымен танысуға тырыстық.

Түркістан қаласындағы 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, тәуелсіздігіміздің баянды, болашағымыздың бұдан да жарқын болуы үшін дұға жасадық. 1978 жылы қыркүйекте ашылған Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайындағы тарихи жәдігерлер де таңдандырды. Сол дәуірлерді көзбен көргендей болдық. Түркістандағы Рабия Сұлтан-Бегім, Есім хан кесенелері де ерекше әсерге бөледі. Балалар кесенеде қазақтың қайсар ханы болған Жә­ні­бектің қызы Аманбикенің, белгілі тарихшы Қадырғали Жалайыридің, Шы­ғай ханның баласы Ұзыноқты Ондан сұлтанның жерленгені туралы ақпараттарға қанықты. Одан өзге ежелгі Яссы, Сауран қалашықтарына, Үкаш ата құдығы, Арыстан баб, Домалақ ана кесенелеріне, Ақмешіт үңгіріне жасаған сапарымыз да қызықты оқиғаларға, тың жаңалықтарға толы болды. Біз осы сияқты киелі орындардан елімізді, жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен, ерекше ақылпарасатпен қорғаған, келер ұрпаққа аманаттаған тұғырлы тұлғалардың өмірлері жайлы мол мағлұмат алдық. Шымкент қаласындағы Дендро саябағы да әдемі көрінісімен баурап алды.

Ұлы даланың қаһармандық тарихына куә болған жастар болашақта да елі, жері үшін адал қызмет ететін азамат болары сөзсіз. Осы алған әсерімізді бөліспек ниетпен мектебімізде “Қасиетті жерлерге саяхат жасау – рухани жаңғырудың бастауы” атты “дөңгелек үстел” отырысын ұйымдастырдық. Шараға мектеп ұжымымен қатар “Қызылжар” орталық мешіті жанындағы “Әжелер” клубының мүшелері де қатысып, халқымыздың киелі жерлері, тарланбоз тұлғалары жайлы әңгіме өрбітті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы оқушыларымызға еліміздің көне қалаларын, ескерткіштерін көрсетумен бітпейді ғой. Алаштың арысы Әли­хан Бө­кей­хан: “Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінез­­­ден”, деп бекер айтпаса керек. Біз, ел ертеңінің бағбандарын тәрбиелеп отырған мұғалімдер, жастардың бойына патриоттық рух пен сүйіспеншілік, елдің амандығы үшін күресе алатын ерлік қасиеттерді сіңіре алсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Айнагүл БАЙТЕНОВА,

Диана ҚАЗБЕКОВА,

қазақ мектеп-гимназиясының психологтары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика