Сіз мындасыз: Home RÝHANIAT НҰРИКАМАЛ

НҰРИКАМАЛ

Аспандағы Ай ма дедім,

Жастық шағым қайда менің?

Жүрегімді елжіреткен,

Жаным, қандай жайдары едің?!

Қайырмасы:

Нұрикамал, Камалым-ай,

Күндей ашық жанарың-ай,

Қолым жетпей, сөзім де өтпей,

Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай!

Ойың озық, сөзің тәтті.

Қандай Ана сені тапты?

Көңілімнің шарасына,

Сыймай тасып сезім жатты.

Қайырмасы:

Күлімдесе ай қабағың,

Қалай ғана жай табамын?

Көктем гүлі ұшқым келіп,

Жердемін деп ойламадым.

Қайырмасы:

“Арсыздыққа санамды билетпеген,

Пысықайлық жолдарын үйретпеген.

Ащы өлеңнің көзінен жас парлатып,

Жетектеген жетімдей сүйреп келем”, – деген бір шумақ өлеңімен қазақ поэзиясында өзінің аймаңдай орнын айшықтаған халқымыздың аяулы ақын қыздарының бірі, “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызының шығармашылығымен оқушы кезімнен таныспын. “Әлдилеймін өлеңді” деп осынау бекзада өнерге адалдығын танытқан қаламгердің бірталай сөзіне ән жазылғанын тыңдарман қауым жақсы біледі. Солардың ішінде “Нұрикамал” әнінің бәсі биік. Өлеңсүйер қауымның жүрегін жаулап алған, ғашықтық сезімі әуені мен сөзінен бірдей есілген әннің шығу тарихы енді қайталанары неғайбыл.

Жиырма бес жылға жуық уақыт бойы ұлттық нақышта, эстрада жанрында айтылып келе жатқан “Нұрикамал” әнінің қайырмасын қосыла шырқамайтын қазақ жоқтың қасы. Бірақ бұл әннің қандай аруға арналғанын, оның өлең авторымен қандай байланысы бар екенін былайғы жұрттың біле бермейтіні анық. Ақын тілшілерге берген сұхбатында, тіпті, кейбір естеліктерінде әннің сөзі өзінің жары Тұрдықылыш Ізтаев ғашық болып қалған бір қызға арналғаны туралы айтады. Сұлулыққа іңкәр, әдемілікке құштар, оның үстіне композиторлық өнері, серілік қасиеті бар жұбайының бір отырыста сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі келіншекке томағасын сыпырған тұйғын құстай жиі көз қырын салып отырғанын байқап ақын жүректің қан жылағаны рас. Алайда, қызғаныштың отына күйіп бара жатса да, ақын өкпе - ренішке бой алдырмай, өзін сабырға шақыра білді. Осы оқиғадан кейін бала-шағасына көңіл бөлуді қойған жолдасының пианинода бірнеше күн қатарынан әлденені айтқысы келетіндей, ыңылдап қана отыратынын байқайды. Бірде түні бойы көз шырымын алмаған күйеуін көріп, таңғы бестер шамасында жанына келеді де: “Осыны айтқың келді ме?” деп, алдына өлең шумақтары жазылған бір жапырақ қағаз қояды. Жыр жолдары жолдасының сезімін, ішкі ойын дөп басып отыр. “Іздегенге сұраған” дегендей, жүректің айтқысы келгенін дәл сол күйінде жазып берген ақын жарының түсінігіне, ақылдылығына, сабырлылығына іштей риза болып, “иә, осыны айтқым келді” дегендей басын изейді. Осылайша, тыңдарман жүрегінен ойып тұрып орын алған “Нұрикамал” әні дүниеге келеді. “Біреуіміздің бақытты болуымыз керек қой, сен-ақ бақытты бол!” дедім. Ұрыс-керістен де ауыр сөз бар екенін сол сәтте түсіндім. Көзіндегі жасын көрсетпей, теріс айналып кеткенінен соны ұқтым”, – депті ақын апамыз бір сұхбатында.

Бұл ән жарыққа шыққан күннен бастап қазақ эстрадасының маңдайалды әншілері орындап келеді. Мәселен, есімі елімізге белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлының жеке шығармашылық концерттері “Нұрикамал” әнінсіз өтпейтіні әмбеге аян. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, ғалым Зарқын Тайшыбай әннің шығу тарихы туралы былайша сөз сабақтайды: “Оңтүстік обкомына қызметке Арқадан Нұрикамал деген әдемі, сұлу қыз барады ғой. Ханбибі Есенқарақызының күйеуі Нұрикамалға ғашық болып қалады. Ақын деген сезімтал келеді емес пе? Мұны байқап жүрген Ханбибі күйеуінің алдына төрт шумақ өлең жолын тастай салады. Оған да керегі сол, бірден ән шығарып жібереді. Ән солай дүниеге келген. Қос жүректі жаралап, мыңдаған тыңдарманның жүрегіне жол тапқан әннің кейіпкері Нұрикамал қазір Астанада тұрады. Біз онымен, әннің авторымен де жақын араласып тұрамыз”.

Біздің өңірімізде бұл әнді облыстық филармонияның әншісі Марат Гайнуллин орындап жүр. Қазақ ән өнерінде олжа саналатын туындының жазылу тарихын жақсы білетін ол: “Көзі қарақты көрермен де ғашығына қолы жетпей, әні жеткен сазгердің ішкі толқынысын бірден аңғарады”, – дейді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика