Сіз мындасыз: Home РУХАНИЯТ БАЙТАЙЛАҚ БАТЫР ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

БАЙТАЙЛАҚ БАТЫР ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Қазақ шежіресінде Байтайлақ батыр бірнешеу. Солардың бірінің бейіті Қызылжар өңірінде жатыр. Ол туралы бізге Астанадан арнайы хабарласқан Білімтай Біләл деген азамат хабардар етті.

– Кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ата-баба мекенін сыртқы жаудан қызғыштай қорғаған есіл ерлердің бірі – Бәйімбетұлы Байтайлақ батыр. Ол XVII ғасырдың соңына таман Сібір түбегіндегі Ор қаласы маңында “Керей жұрты” деген жерде дүниеге келген. Жауға қарсы алғашқы жорығын осы өңірден бастаған ол талай шайқастарға қатысып, ерекше ерлік көрсеткен. Қарқаралы өңіріндегі таулардың бірі оның есімімен аталуы халық құрметіне бөленгенін аңғартса керек. “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” секілді қазақ жұрты басына төнген ауыр нәубат кезінде жауға қарсы азаттық жорықтарға белсене қатысқан. Ол өмірінде 83 рет жекпе-жекке шығып, дұшпанынан айласын асырған деген дерек бар. Осыған қарап-ақ оның қандай алып күш иесі болғанын болжай беруге болады. Ол Қарасай, Ағынтай, Тұрсынбай, Жабай, Байғозы, Жобалай, Шақшақ Жәнібек, Қабанбай, тағы басқа үзеңгілес баһадүрлермен тізе қосып, жауды шекарадан әрі ығыстырған.

Белгілі ғалым Манаш Қозыбаевтың тұжырымы бойынша 1745-1747 жылдар шамасында соғыс алаңында ауыр жарақаттан қаза тапқан көрінеді. Денесі Ақжар ауданы маңындағы “Батыр төбе” деген жерге жерленген. Оның ерен ерліктері ел ішінде әлі күнге дейін айтылып жүр. Олай болса, есімін жұртшылық болып неге ұлықтамасқа?

– “Рухани жаңғыру” бағдарламасы шеңберінде жергілікті билік басындағылар тағылымды шаралар атқарса, құба-құп болар еді. Бейіті күтімге алынып, жаудың құтын қашырған ерлік істері жас ұрпаққа үлгі етілсе, ата-баба алдындағы парызымыз өтелер еді, – деген Білімтай Біләл жаужүрек батырдың бейітін қоршау, белгітас қою жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Тек мемлекеттің міндетіне итере салмай, сыртта жүрсе де, туған жеріне, өскен ауылына жаны ашитын осындай ұлтжанды азаматтар көп болса екен деп тілейсің. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласындағы “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады” деген пайымды ойларды өзгелер де темірқазық, бағдар етсе екен дейміз.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.