Сіз мындасыз: Home РУХАНИЯТ “Рождество алдындағы түн” көрермен сұрауымен

“Рождество алдындағы түн” көрермен сұрауымен

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры өзінің 131 маусымын “Рождество алдындағы түн” қойылымымен ашты. Маусымның ашылуы үлкен мерекеге ұласып, музыканттар түрлі сазгерлердің туындыларын ойнап, көрермендерін классикалық әуезді әндермен қуантты. Бұдан бөлек, театрға келушілер славян халқының салт-дәстүрімен танысып, асханасынан дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Бұл қойылым көрермендер назарына өткен маусымда да ұсынылған еді. Десе де, оны тамашалауға келгендердің қатары аз болмағанын айтып өткен жөн.

Оқиға желісі шағын ауылда өрбиді. Өмірде махаббат пен достық, қуаныш пен қайғы қатар жүретіндіктен, қарапайым елді мекен тұрғындары да осындай күйді бастан кешеді. Ғашық жұп барлық сындарға төтеп беріп, соңында бірге болады.

Әр оқиға соңында жақсылық жамандықты жеңеді ғой. Бұл туындыда да солай болды. Жалпы бұл қойылым – өте көңілді, көрерменге зор әсер сыйлайтын пьесалардың бірі.

– Көрермендер жаз бойы осы спектакльді сұрап, хабарласып тұрды. Сондықтан маусымды осы туындымен ашуды жөн санадық. Одан үлкен сабақ алуға болады. Ол тарихи оқиғаларды, махаббатты баяндайды, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Елена Покрас.

Алдағы уақытта өнер ордасы өз көрерменін тағы бірталай туындылармен қуантпақ. Осы жылдың аяғына дейін балаларға арналған қойылымдар сахналады. Сондай-ақ, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларды қуанту мақсатында театрда Аяз атаның резиденциясын құру жоспарлануда. Жаңа маусымда театр әртістері Ақмола театрының 40 жылдығына арналған “Театральная осень” атты өңіраралық фестивальге қатысып, бақтарын сынамақ. Биылғы жылы театр ұжымы Беларусь Республикасында өткен “Белая Вежа” атты халықаралық фестивальге қатысып, көрермендер мен сыншылардың жоғары бағасына ие болып қайтты.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.