Сіз мындасыз: Home РУХАНИЯТ СУРЕТШІНІҢ ТАРТУЫ

СУРЕТШІНІҢ ТАРТУЫ

Облыстық бейнелеу өнерi мұражайында Петропавлда туып, Ресейде қанаттанған суретшi, кескiндемешi Евгений Печерскийдің “Символикалық тұңғиық” атты көрмесi өттi. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған көрмеге келушілердің қатары қалың болды. Әсіресе, жергілікті сурет өнерінің майталмандары жерлес қылқалам шеберіне жан-жақты қолдау танытты.

Бүгінгі таңда көрші елдің Калининград қаласында тұратын жерлесіміз 1990 жылдан бері Ресей Суретшiлер одағының мүшесi, ал осыдан бес жыл бұрын сурет өнерiндегi жетiстiктерi үшiн “Признание” марапатына ие болды. Өнердің тылсым түрінде талантын шыңдаған суретші кескіндемеші атану үшін табиғаттан үйреніп, дүниені қызықты ететіннің бәрін бейнелеудің таңдай қақтыратын жаңа әдістерін ойлап тауыпты.

Өзіне жоғары талап қоя білген оның туындылары бүгінде Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, сонымен қатар Ресей, Украина, Еуропа елдеріндегі қорларда сақтаулы. Ал көрмелері сурет жауһарларының Отаны Германия, Франция елдерінде ұйымдастырылып, бағалаушыларын тапқан.

Евгений Печерскийдiң шығармашылығынан түстердің нәзiктігі сезіліп тұрады, әрі абстрактылық пен геометриялық фигуралар басым. Көрмеге суретшi кескiндеме техникасында орындалған 23 туындысын қойды. Оның денін үстіміздегі жылы жарияланған “Музейге сый” акциясын қолдау мақсатында мұражайға тарту етпекші. Қызылжарлықтар үшін көрме бір ай бойы жұмыс істейді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.