“НҰРЛЫ ЖЕР” БАҒДАРЛАМАСЫ — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Елбасымыз үстіміздегі жылғы “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында “Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруды Үкіметтің таяу келешектегі басымдықты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсеткен болатын. Президенттің айтуынша, урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

Президент атап көрсеткендей, бұрын осы бағыттағы бағдарламаларда бірқатар олқылықтар орын алған болатын. Атап айтқанда, кезекке тұрғандардың көпшілігі жер теліміне немесе тұрғын үйлерге ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмай келген. Сондай-ақ, тұрғындардың төлем қабілеті төмен болды. Жер телімдеріне инженерлік коммуникация тартылмады және тұрғын үйлердің бағасы қымбат болды. “Нұрлы жер” бағдарламасында осы мәселелерді шешудің жаңа тәсілдері ұсынылған.

Атап айтқанда, тұрғындардың ипотекалық несиеге қолжетімділігі артады. Осы мақсатта ипотекалық қарыз бойынша мемлекеттің демеуқаржы беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиелері арзандатылмақ. Ипотека алушы үшін несие сыйақысының жылдық өсімі 10 пайыздан аспауы тиіс. Несиенің мерзімі 15 жылды құраса, демеуқаржы 10 жылға беріледі. Ипотека алушы қарызгердің есепшотында кем дегенде алатын қарыз ақшаның 30 пайызын жинақтауы қажет. Сондай-ақ, мемлекет құрылыс компанияларына банктен алатын несиесін демеуқаржылау арқылы көмектеседі. Банктер оларға несиені жылдық 7 пайыз сыйақымен береді. Алайда, қарызға алынған қаржы тіркеліп, тек қана құрылыс жұмыстарына жұмсалуы керек.

“Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы – “Нұрлы жер” бағдарламасында қарастырылған кешенді шараларды жүзеге асыра алатын әлеуетті компаниялардың бірі. Президенттің бастамасымен құрылған қаржы орталығының басты мақсаты – қазақстандықтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету. Біздің банкке салымшы болған адамдар өздерінің баспанаға қатысты мәселелерін әртүрлі жолмен шеше алады. Жинақ банкінің басқа қаржы институттарына қарағанда, бірнеше артықшылығы бар. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жаһандық дағдарыстан сақтандырылып, ең төменгі сыйақы төлемін белгілеген. Салымшыларымыз өздеріне тиімді бағдарламаны таңдайды. Несие ұлттық валютамен рәсімделіп, салымшыларға жыл сайын мемлекеттік сыйақы беріледі.

“Нұрлы жер” бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бағдарламаны жүзеге асыруға “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамы ерекше қолғабыс жасауда. Біздің өңірде де баспана мәселесі әлі өзектілігін жойған жоқ. Петропавл қаласы әкімдігінің өзінде он үш мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Сондықтан үлкен мүмкіндіктер беретін жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жұмысында серпіліс таныту қажет екені айтпаса да түсінікті.

2010-2015 жылдар аралығында облыста барлық санаттағы тұрғындарға арналған баспана аясында сегіз нысан, ал “Жас отбасы” бағдарламасы шеңберінде тоғыз баспана пайдалануға берілді. Сөйтіп, 978 отбасы қоныстойын тойлады.

Облысымызда барлық қаржыландыру көздері есебінен биыл жалпы аумағы 200 мың шаршы метр 1559 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 4,4 млрд. теңге бөлінген. Жаңа кейіпке енген Петропавлдағы “Береке” шағынауданында сатып алу құқығы бар үш ірі панельді тұрғын үйдің құрылысы қолға алынса, Урал көшесінің бойында 80 және 100 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлері өз иелерін тапты. Жәлел Қизатов-Семашко көшелерінің қиылысында 72 және 126 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 19-шы шағынауданда “Қазақстан ипотекалық компаниясы” ИҰ” АҚ-ның желісі бойынша 212 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған тұрғын үйдің өңірлік қоры құрылады. Облыс орталығындағы Жуков көшесінде сатып алу құқығынсыз төрт 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл пәтерлер, негізінен, жетім балалар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектерге бөлінеді.

“Нұрлы жер” бағдарламасы аясында жеке құрылыс жұмыстарын жүргізуге елеулі мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Осы мақсатта мемлекет кезекте тұрғандардың әрқайсысына 10 сотық көлемінде жер беріп, оған инженерлік коммуникация тартады. Сондай-ақ, болашақ үйдің иесіне бірыңғай сәулеткерлік үлгідегі үйлердің жобасын және “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы арқылы ипотекалық несиелеу аясында қарызды субсидиялау арқылы алуды ұсынады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Петропавл қаласының “Солнечный” кентінде екі мың шаршы метр жер телімі бөлініп, онда биыл 200 жеке үй салынады. Бүгіндері құрылыстарды жүргізетін төрт мердігер компания анықталып, жұмыс қызған. Бұл аумаққа инфрақұрылымдарды тарту жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік қордан 1 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Банкімізде жинақтау салымдарын ашудың артықшылықтары мен шарттары туралы ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізу нәтижесінде салымшыларымыздың саны 26 мыңнан асты. Тұрғындардың банкке 11 млрд. теңгеден астам жеке қаражатын сеніп тапсыруын бізге деген нық сенімнің белгісі деп білеміз. Бұл біз үшін – үлкен жауапкершілік. Жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтарға 2,3 млрд. теңгеден астам ипотекалық займ берілді.

Үстіміздегі жылы банктің кеңейтілген несиелеу аймағына Айыртау, Мамлют, Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар қосылды. Бұл дегеніміз, осы аудандарда мемлекеттік бағдарламалар аясында жеке демеушілердің қаржысына тұрғын үйлер салу мүмкіндігі туады. Бұл мақсатта Мамлютка, Новоишим, Тайынша және Саумалкөл елді мекендерінде консультациялық орталықтар ашылды.

Райхан ӘБДІРАХМАНОВА,

“Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы

облыстық филиалының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.