ТЕКСЕРІСТЕР САНЫ ҚЫСҚАРМАҚ

Үкіметтің отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов кәсіпкерлік қызметті реттеуге арналған өзгерістерді таныстырды. Министрдің сөзіне қарағанда, арнайы заң жобасы аясында 13 кодекс пен 103 заңға бір мыңнан астам өзгеріс пен толықтыру енгізіледі.

– Біріншіден, бақылау шаралары түбегейлі өзгереді. Заң аясында “профилактикалық бақылау” деген түсінік енгізілмек. Бұл реформа тексерушілердің саясаты мен психологиясын өзгертуі тиіс. Енді жазалау қағидатынан бұрын тәртіп бұзушылықтың алдын алуына басымдық жасалады. Бұл дегеніміз, бірден айыппұл салынбайды, алдымен кемшілікті жоюға уақыт беріледі, – деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар қазіргі 114 бақылау саласының 27-сі қысқартылады. Сосын мемлекеттік органдардың бір-бірін қайталайтын 137 қадағалау функциясын мүлдем алып тастайды. Министрдің айтуынша, аталған шаралардың аясында 1137 штаттық бірлік басқа жұмысқа ауыстырылатын болады. “Сондай-ақ, заң аясында бизнесті тексеруге жататын 17,5 мың талапты алып тастау жоспарланып отыр. Қазіргі кезде ондай талаптардың саны отыз мыңды құрайды. Демек, тексеріске қатысты талаптардың жартысынан көбі жойылады. Мәселен, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке қатысты талаптардың 85 пайызын, ал өрт қауіпсіздігі бойынша талаптардың 72 пайызын алып тастаймыз”, – деп атап көрсетті Тимур Мұратұлы.

Айта кеткен жөн, кәсіпкерлік қызметті реттеуге арналған жаңа заң келесі жылдан бастап күшіне енеді. Соның нәтижесінде тексерістердің саны бірден 30 пайызға қысқарады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандардың инженерлік желілерге қосылуын барынша жеңілдету көзделген. Ол үшін монополистер тарапынан рұқсат қағаздарды берудің нақты мерзімі белгіленеді. Аталған қызметтерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы немесе “электронды үкімет” порталы арқылы іске асыру жоспарланған. Осылайша, кәсіпкерлердің шығындарын барынша азайту қарастырылып отыр.

– Шыны керек, бизнесті бақылау саласына алғаш рет мұндай күрделі өзгеріс жасалып отыр. Мәселен, өрт пен санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында тексерістер өте көп. Себебі, шағын бизнестің басым бөлігі сауда, қоғамдық тамақтандыру және тағы басқа қызмет көрсету бойынша жұмыс істеп келеді. Оларға оңай емес. Енді осы саладағы тексерістер күрт төмендесе, жұмыс жеңілденеді. Монополистердің рұқсаттарын реттеу жағы да жақсы атқарылды. Жалпы, жаңа заң аясындағы өзгерістер отандық бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді. Негізі осындай өзгерістерді жыл сайын жасап отыру қажет, – дейді “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Арман АСҚАРОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.