ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында “Біз өз болашағымызды таңдаймыз” атты форум өтті. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған шараға өңіріміздің белсенді қыз-келіншектері, атқарушы билік органдары және аудандық мәслихаттың депутаттары мен жас кәсіпкерлер қатысты.

Форумды облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева ашты. Өз ісін дөңгелетіп отырған әйелдердің бүгінгі таңда қол жеткізген жетістіктерін тілге тиек еткен Бақытжан Мағжанқызы Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыру үшін ортақ мақсатқа қол жеткізу әркімнің және баршаның міндеті екенін айтты.

Шараға қатысушыларды аудан әкімі Владимир Дудов құттықтап, өңіріміздің жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген іскер әйелдердің жұмысына табыс тілеп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған әйелдердің еңбегіне ерекше тоқталып өткен аудан әкімі Владимир Сергеевич үш көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыс етті. Бұл – жүрегіне жылылық пен мейірімділікті ұялата білген аналарға көрсетіліп отырған құрмет.

Өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен іскер әйелдердің басын қосқан форумда еңбек етуге ниеті бар әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулар жайлы да айтылды.

Қызылжар ауданынан келген өңірімізге танымал кәсіпкер Елена Левина бизнестің дамуына тек жақсы ой және іскерлік қана емес, сонымен қатар өз ісіңді жоспарлап, оны жүзеге асыру үшін табандылық керектігін айтты. Кәсіпкерлік саласында он бес жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан аққайыңдық Елена Сергиенко, жас болса да, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, біраз жетістікке жеткен ақжарлық Әйгерім Қазымбетова, Тайынша ауданынан келген Альбина Қайырбекова сияқты білікті мамандар да өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Қызылжар қаласынан келген жас кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының жанынан құрылған жастар қанатының жетекшісі Әсемгүл Сәлімжанова атқарып отырған жұмыстарына тоқталып өтті. Айта кету керек, “Жас қанаттар” – 18-35 жас аралығындағы қыз-келіншектерге арналған орталық. Бұл жердегі көзделген басты мақсат – өз ісін жаңа ашқан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, білімді кәсіпкер мамандардың көмегіне жүгініп, істің сәтті жүруіне барынша ықпал ету.

Форум соңында Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық әкімдік пен облыстық іскер әйелдер қауымдастығы алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу үшін меморандумға қол қойды. Қандай мамандықты болсын игеріп, ел экономикасын дамыту үшін аянбай еңбек етіп жүрген әйелдердің форумы ауданның мәдени орындарын тамашалаумен аяқталды.

Сағыныш ОРАЗБЕКОВА,

журналист.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.