САҒЫ СЫНБАҒАН САРБАЗ

Жамбыл ауданында Бәри деген молда өмір сүрген. Ол кісімен етене араласқандар, оның ішінде өз әкем де: “Жастайынан екі көзінен айырылса да, еңбекқор, адал, есте сақтау қабілеті өте зор, күш-қуаты мол, жаңалыққа құштар, көп білуге ұмтылу қасиеттері жоғары адам болды”, – дейтұғын. Әлі де ол кісі жайлы жақсы сөздерді жиі естимін. Демек, Бәри молда көзі көрмесе де, көкірегі ояу жандардың бірі болған. Студент шағымда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде еңбек етіп жүрген профессор, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Александр Никифоров дәріс оқығанда білімділігіне таңданушы едім. Кейін ол кісінің жас кезінде қос жанарынан айырылғанын естігенде: “Баспалдағы көп оқу корпустарының ішінде қалай жүріп-тұрады?” – деген ой мазалағаны бар. Бірақ зағиптығына қарамастан, ғылымның шыңына жеткен жан үшін баспалдақ деген не тәйірі?! Ол мен танитын көкірек көзі ояу екінші адам еді.

Ал Владислав Демьяновпен жұмыс барысында таныстым. “Қамқор” мүгедектер қоғамының төрағасымен өңіріміздегі мүгедектердің жағдайы жайлы әңгімелесу үшін телефон шалып, ұйымның мекенжайын сұрағанымда, редакцияға өзі келетінін айтты. Белгіленген уақытта қарсы алу үшін есік алдына шықтым. Алаңдаушылық басым. Сұхбаттасу бөлмесіне жеткенге дейінгі бір мініп, бір түсетін тік баспалдақтардан кейде өзіміздің сүрінетініміз есіме түсіп: “Қалай болады екен?”, – деп тыпыршып жүрмін. Бұл қорқынышымның барлығы ол кісіні көрген сәтте-ақ сейілді. Баласы жетектеп келе жатқан азаматтың аяқ алысы зағип жанның жүрісіне ұқсамайды. Аяғын нық басады, қозғалысы ширақ. Өзіне деген сенімділігі сезілді.

– Зайыбым Анжеликамен 1986 жылы би кешінде таныстым. Ол мектепті тамамдағаннан кейін отбасын құрдық. Техникумды аяқтағаннан кейін “Куйбышев зауытында” жұмыс істеп жүргенімде, әскер қатарына шақырды. Ол кезде тұңғышымыз Константин небәрі тоғыз айлық нәресте. Менің Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанған сәт өмірімізді күрт өзгертіп, тағдыр бізді сын тезіне салатынын сезген де жоқпыз, – дейді Владислав Демьянов.

1989 жылдың 21 қыркүйегі. Владислав Геннадьевич үшін қорқынышты түс сияқты. Ресейдің Юрга қаласында мерзімдік қызметтің екінші жылында әскери өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болған жас жігіт Сібір әскери округінің полигон қоймаларынан шыққан жалынды ауыздықтауға атсалысқан. 20 жастағы сарбаз өрт сөндіру көлігін суға толтырып, кері оралғанда қоймадағы снарядтар бірінен соң бірі жарыла бастайды. Көлік отқа оранып, Владислав Геннадьевич алған жарақатынан есінен танып құлайды.

Бұл күн батқан шақ па, әлде қара түтін аспанды торлады ма, қараңғылықтың құшағында қалған Юрга қаласында абыр-сабыр. Атылған снарядтар бірқатар тұрғын үйлерді, балабақшаны, вокзалды ойрандап, халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатқан еді. Осындай аласапыран шақта өрттің ошағы – қойманың жанында ес-түссіз жатқан сарбаз ешкімнің де есіне кіріп-шықпаған. Қанша жатқаны белгісіз, бір кезде есін жинаған Владислав Геннадьевич көз алдын тұмшалаған қара түнектен шығу үшін адам дауысы естілген жаққа қарай еңбектейді. Бұл кезде ол көзін байлаған қара түнектің мәңгі сейілмейтінін сезген де жоқ.

– Мен екінші күні таң ата есімді жиған екенмін. Түгі қалмай күйіп кеткен қойма жақтан еңбектеп келе жатқанымды көргендер бірден медициналық-санитарлық бөлімге жеткізді. Хирург-травматолог алғашқы көмек көрсеткеннен кейін ұзақ мерзімді емдеуге Мәскеуге жіберді. Үш айдан астам госпитальда жаттым. Көзіме бірнеше ота жасағанымен, көру қабілетін қалпына келтіре алмады, – деген Владислав Демьяновтың әлі күнге дейін дәрігердің арқасынан қағып: “Сарбаз, сағың сынбасын”, – деген сөзі құлағында жаңғырып тұрады екен.

Үнемі жанында болған зайыбы Анжелика жарының жан қиналысын көрген кезде: “Шын жүрегіңмен сүйсең, барлық қиыншылыққа да шыдайды екенсің. Әрі Владислав – рухы мықты жан. Бір-бірімізден күш алдық”, – дейді. Бұл кезде олардың жасы небәрі 19-20-да ғана еді. Қазір осы жастағы жас жұбайлардың дені өмірдің соқпағы түгілі, шыныаяқтың алғашқы сылдырына да шыдай алмайтынын ойласаң, тәрбиенің мықтылығы, сезімнің беріктігі және отбасылық құндылықтың құлдырап кеткенін түсінесің.

“Жазмыштан озмыш жоқ” демекші, басқа түскен ауыртпалықты сабырмен қабылдағанымен, ол қайтадан жүруді, адамдармен қарым-қатынас жасауды, жазуды үйренуге тиіс еді. Бұл кезде Юрга қаласы тұрғындарының қалауымен басын қатерге тіккен қазақстандық сарбазға “Юрга қаласының құрметті азаматы” атағы берілді, батырлығы мен батылдығы үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен және бірқатар медальдармен марапатталды.

Бұл марапаттаулар көңілге медеу болғанымен, күнделікті күйбің тіршіліктегі мәселелерді шешпесі белгілі. Әрі еліміз тәуелсіздігін алып, экономикалық дағдарыстан дені сау, аяқ-қолы балғадай азаматтардың өзі қара басын асырай алмай жүргенде, зағип жанның отбасына да оңайға соқпағаны анық. Осының барлығын ой елегінен өткізген кезде өмірден өз орнын таба білген жанға отбасының алынбас қамалдай қорғанысы мен қолдаушысы бола білгеніне қуанасың.

– Зағип жандардың далада жүріп-тұруы үшін жетектеп жүретін иттер аса қажет. Тәуелсіздік алған жылдары еліміз мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін осы бір жеңілдікті алып тастады. Әрине, экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатқан уақытта зағип жандарға ит әперу қиынға соққан шығар. Сол кезде маған осы итті өзім білім алған механикалық-техникалық училищенің директоры Александр Мерк Ресейден алдыртты. Сол үшін ол кісіге алғысым шексіз. Он жылдан астам жетектеуші ит менің көзім болып, сенімді серігіме айналды, – деген кейіпкеріміз аумалы-төкпелі уақытта бұрынғы кәсібі көлік жөндеуші және жүргізуші бола алмасын түсініп, отбасының қамы үшін жаңа мамандық игеруге бел буады. Көздегеніне жетіп, 1992 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне математика-информатика саласы бойынша оқуға түседі. Алайда, бұл уақыт зағип жандардың білім алуына жағдай жасалмаған әрі қажетті ақпараттарды алу үшін компьютерлік технологияның да дамымаған кезі ғой.

Осындай қиыншылықтардың салдарынан оқуын тастауға мәжбүр болған ол көппен бірге кәсіпкерлікке бет бұрды. Аз уақыт осы салада қабілетін бағамдағанымен, көңілінде жүрген жоғары білім алсам деген тілегі тағы да жетеледі. Бұл жолы бизнес және басқару жоғары колледжіне экономист мамандығы бойынша оқуға түседі. Дені сау қатарластарынан қалмас үшін дәрістердің барлығын диктафонға жазып алып, үйге келген кезде оны жаттап, берілген тапсырманы орындау үшін баспа машинасында қағаз басуды үйренеді. Күнделікті осындай ауыртпашылықты еңсеріп, жігерін қайраған азамат тобындағылардан оқ бойы алға озып, оқу орнын ерекше үлгідегі дипломмен аяқтап, содан бері колледждер мен жоғары оқу орындарында экономикалық пәндердің оқытушысы болып қызмет атқарып келеді. Оның арманына қол жеткізуіне зайыбы Анжелика Демьянованың да қосқан үлесі зор. Тұрмыстық қам-қарекетті өз мойнына алған ол бір рет болсын жұбайына налып көрмепті. Нәзік тұлғасымен жарына сүйеу болып, ерінің тауы шағылмауы үшін барын салды.

Қазір Владислав Демьянов – экономика ғылымдарының кандидаты. Диссертациясының тақырыбы – “Зағип жандардың еңбек нарығындағы бәсекелестігі”. Бұл мәселені бес жыл зерттеген ғалым мұндай жандардың бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың қоршаған ортаға бейімделуімен қатар, жұмыс істеуіне жағдай жасалынуы қажет деген байламға келеді. Яғни, ынталандыру тетіктері керек. Сол себепті, кейіпкеріміз бір жылдары облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі болды, ал осыдан үш жыл бұрын облыстық “Қамқор” мүгедектер бірлестігін құрып, бүгін тағдырлас жандарға қолдан келген көмегін көрсетіп жүр.

– Көмек сұрай келген жандарға айтар алғашқы ақылым – күйзеліске түспей, жігеріңді жанып, ұдайы өзіңді жетілдіріп, ерінбей еңбек ет. Адам өзін-өзі аяп, ештеңе істемесе, шыңыраудың түбінен бір-ақ шығады. Нақты мақсаттар қойып, оған қарай қадам жасау аса маңызды. Әрине, айту оңай, бірақ қол батыр екенін ескерсек, бұл қиыншылықты да жеңуге болады, – дейді ол.

Оның бойындағы қайсарлық спортпен шұғылданғандықтан да қалыптасқан болар деген ой түйдім. Себебі, спорт адамды шынықтырады, денсаулығын нығайтады, мінез-құлқын қалыптастырып, шыңдайды, өмірлік ұстанымын тұрақтандыратыны белгілі. Білікті дәрігерлер сонау XVIII-XIX ғасырларда-ақ “мүгедектікті оңалтудың ең тиімді тәсілі – үздіксіз қозғалыс” деген тоқтамға келген болатын. Жүзу, жүгіру, қашықтыққа секіру сынды спорт түрлері бойынша айтарлықтай жетістіктерге жеткен ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, спорт шебері атанды. Тағдырдың басқа салғанын жеңген азамат бүгін кәсіби спорттан қол үзсе де, сананың сергектігін, денінің саулығын сақтау үшін бұқаралық спортпен белсене айналысуын тоқтатпапты. Өмірге деген құштарлық осындай болар.

– Биыл Анжелика екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге 30 жыл толады. Тұңғышым Константин өз отбасын құрса, Дмитрий мектепте оқиды. Өзім әке атансам да, мені туған ата-анамның аялы алақанын әлі күнге дейін сезінемін. Шынында да, ата-анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды екен, – дейді қырықтың қырқасынан асып кеткен ел ағасы. Өзіне сенімді, өзгелерге сыйлы азаматтың жүзіне қарап отырып, тілімнің ұшына “Алдағы уақытта да сағыңыз сынбасын, сарбаз!” деген сөз орала берді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.