Игілікті істердің ұйытқысы

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалында 2007 жылдың бірінші қазанында бастауыш ардагерлер ұйымы құрылған болатын. Оның 10 жылдық мерекесіне орай кәсіпорында ардагерлер ұйымының жөндеуден өткен үш бөлмелі мұражайы ашылып, жұртшылыққа таныстырылды.

Ұйымның мерейтойына байланысты облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен салтанатты жиынға кәсіпорын ардагерлері мен басшылары, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Кәсіпорынның ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрлан Рамазанов осыдан он жыл бұрын мүдделі топтың бастамасымен іргесі қаланған бастауыш ұйым бүгінгі күні “Есіл су” филиалы, басшылығының қолдауына сүйене отырып, ауқымды істер атқарып отырғанын тілге тиек етті. Еңбек майданында ысылып, шыңдалған ардагерлер ұжымдағы жас толқынға ғибраты мол өнеге көрсетіп, әлі де қатардан қалмай келеді. Оларды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусин құттықтады.

Ардагерлердің қуанышына ортақтасып, оларға игі тілегін жеткізген республикалық мемлекеттік “Қазсушар” кәсіпорны бас директорының орынбасары Алтай Елжасов аға буын өкілдерінің ақыл-кеңестері мен мол тәжірибесіне жас мамандар әрқашан арқа сүйеп отыратынын атап өтті. “Есіл су” филиалының директоры Қанат Асқаров бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысының 214 және Қостанай облысындағы Сарыкөл, Қарасу аудандарының 18 елді мекенін таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорынның өткен жылдарда атқарған істері мен алдағы міндеттеріне тоқталды. 2011-2016 жылдар аралығындағы жөндеу-жаңарту жұмыстарына кәсіпорын ұжымы 6,8 миллиард теңге бөлген. Бұл көрсеткішті 2017-2021 жылдары 48,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.

Осы кәсіпорында көп жылдардан бері еңбек еткен соғыс ардагерлері Петр Гладков пен Николай Демин мінбеге көтерілгенде, жиналғандар ду қол соғып, ризашылық білдірді. Егде жасына қарамастан Петропавл әскери институтында тәлім алып жатқан болашақ офицерлердің, облыс орталығындағы мектеп оқушыларының арасында жиі болып, жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлікке баулитын қарт майдангерлердің құлшыныстары сүйсіндіреді.

Бүгінгі таңда онжылдығын тойлап отырған бастауыш ардагерлер ұйымының алғашқы төрайымы Зинаида Распопова қызығы да, қиыншылығы да мол күндерді тебіреніспен еске алды. Сол кездегі Қаттай Кеншінбаев сынды білікті басшының ардагерлерге қамқорлығы, дарқан жүректі азаматтығы ұмытылмайды.

Сол игі дәстүр жалғасын тауып, бүгін де бастауыш ардагерлер ұйымы “Есіл су” басшылары тарапынан жылы ықыласқа бөленіп келеді. Ардагерлер облыс орталығындағы №21 орта мектеп оқушыларын көп жылдардан бері қамқорлығына алып, тәрбие сағаттарын өткізіп, ұстаздармен кеңесе отырып, мектептегі тимур командасының, үйірмелердің жұмыстарына бағыт-бағдар беруде.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әдия Ахметова өз сөзінде республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің осы жылғы қарттарды және мүгедек азаматтарды қолдау айлығына байланысты жарияланған үндеуі “Есіл су” филиалы басшылары тарапынан іс жүзінде қолдау тауып отырғанына ризашылық сезімін білдірді. Ол жиналғандарды бастауыш ардагерлер ұйымының онжылдық мерейтойымен құттықтап, ұйымның белсенді мүшелеріне облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын тапсырды.

Бастауыш ұйым белсенділерін Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Любовь Соболева, “Есіл су” филиалының директоры Қанат Асқаров құттықтап, марапаттады. Салтанатты жиынға қатысушыларға облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашты.

Марат ЕРМҰҚАНОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.