АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫНДАЙ

Бүгінгінің қариясын бұрынғымен салыстыруға әсте болмайды. Олар бір-бірімен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрмайды. Заман солай ма, бәрі асығыс, амандық-саулықтан әріге бармайды. Өзім тұратын Петерфельд ауылында да қарттар бар. Солардың ішінде Әнуарбек Жақыпов есімді ағамызды көргенде бұрынғы абыздарымыздың жұрнағын көргендей боламын. Берген сәлеміңді дұрыс қабылдап, бұрынғыша мал-жанның амандығынан бастап, денсаулығыңды, отбасы жағдайын сұрағанда келмеске кеткен асылымды қайта жолықтырғандай күй кешемін.

“Қариясы бар үйдің қазынасы бар” деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Әр кездескен сайын Әнуарбек ағамызды басқа бір қырынан көргендей әсер аламын. Сондай кездесулердің бірі Құрбан айтта болды. Намаздан шыққан соң үйіне көлікпен жеткізіп салуды ұсындым. Алайда, ағайым рахметін айтып, жаяу кетті. Бұдан кейін де тоқсанға жақындап қалған ағамыздың ауылдың бір шетінен екінші шетіне жаяу жүретінін бірнеше мәрте байқадым. Бірде шыдай алмай, тағы да: “Осынша жасқа келгенде жаяу жүргеніңіз не, жеткізіп салайын”, – дедім.

“Қозғалыс – денсаулық кепілі”, – деп жауап қатқан ағамыз осы жасқа келгенде өзін әлі тың сезінетінінің сырын ашты. Соғыс кезінде бұғанасы қатпай жатып ауылдағы үлкендерден қалыспай еңбекке араласқан. Одан кейін де әр шаңыраққа соғыс салған ауыртпалықты елмен бірдей көтеріп, еңбектен қол үзбеген. Қиыр Шығыста әскери-теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтегенінің де оның құрыштай шынығуына ықпалы мол болған. “Қазіргі ер-азаматтардың әскерге барудан қашып, қыздар құсап әке-шешесінің қолтығының астынан шықпайтынын қайтерсің?! Әскерге кеткені сол, бір жылдың ішінде қайтып келіп жатады”, – деп ақсақал жастардың ұсақталып бара жатқанына көңілі толмайтынын жеткізді.

Әнуарбек Тұрсынбекұлы әскерде жүріп-ақ, екіжылдық жоғары партия мектебін бітірген. Соның арқасында “Булаев” кеңшарында гараж меңгерушісінен бастап, директордың орынбасары, партия комитетінің ұйымдастырушысы қызметтерін атқарған. Қайда болсын, абыройлы еңбек етіп, әділдікті жанына серік қылған.

Бертінге дейін көк шығысымен қол шалғымен шөп шауып, малдарының қысқы азығын өзі тасып алатын. Бүгін де қол қусырып отырмай, немерелерін мектепке апарып, алып келу міндетін өз мойнына алған. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” дегендей, газет-журнал жаздырып алып оқымаса көңілі көншімейтіні және бар. Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласын, қазақ қарпін латын әліпбиіне көшіру мәселелерінің барлығын оқып, біліп отыр. “Ел-жұртымның, балаларым мен немере-жиендерімнің саулығын тілеп, өз білгенімді үйретіп, көргенімді ақыл етіп айтып отырамын”, – деген ақсақал өскелең ұрпақтың ұлтжанды азамат болып ержеткенін қалайды.

Мен болсам, ұрпаққа сыйлы, қадірі қашпаған Әнуарбек Тұрсынбекұлындай ақсақалдардың қатары сиремесе екен деп тіледім.

Сағат ҚУАНДЫҚОВ.

Қызылжар ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.