ҚЫЗҒАНЫШ

Пешенеге жазылған тағдыр біреуді қатты соққыға алса, енді біріне жомарт. Тағдырға мойынсыну да ерлікпен пара-пар. Өйткені, бүгінгі біздің қоғамда өмірдің қатал сынына ұшырап, морт сынған жандар қаншама?! Ал қиындыққа тап болса да, тағдырына лағнет айтпаған Әсел Құлмырзаева (аты-жөні өзгертілген) есімді оқырманның жан сыры маған қатты әсер етті. Ауыр да азапты тағдырға көндіккен әйелден қазақ қызына тән қайсар мінезді, шыдамдылықты, қарапайымдылықты анық аңғарасыз. Көзіне жас ала отырып, өз өмірін шерменде күйде баяндаған оқырманның айтары бар.

Әсел ҚҰЛМЫРЗАЕВА,

38 жаста:

– Күндегі күйбің тіршілік. Теңіздің толқынындай тулаған өмір болса өтіп жатыр. Арпалыспен, күдік, күмәнмен өткен жиырма жыл талай нәрсені ұғындырып, сүрінсем де құламауға, құласам қайта тұруға үйретті. Бастысы, өмірден сабақ алдым.

Мен сияқты өмірден опық жеп, аяғын шалыс басқан қыздар қаншама? Жүдеу көңілді жұбатқым келеді. Еліктің лағындай ерке де аңғал бойжеткендер мен сіңлілерім болашақта опынып қалмасыншы. Менікі біреуге ақыл айтып, өмірді қалай сүру керегін үйрету емес. Өзімді де, өмірімді де үлгі етуден аулақпын.

Жоғарыда айтып өткенімдей, жиырма жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Мен келін болып түскен шаңырақта талай оқиғаларды басымнан өткердім. Қазіргі күні еске түссе, езуге күлкі үйірілетін де жағдайлар баршылық. Менің айтпағым ол емес. Өмірдің маған дайындаған кәдесыйы тым басқа. Жүріп өткен қатпарлы жолдар жон арқамды пышақпен тілгілегендей мазасыз күй кешуіме себепкер. Бәріміз де жас болдық демекші, жастықтың албырт кезеңінде кімдер қателікке бой алдырмады десеңші?! Сол бейбақтың бірі – өзім. Махаббат дейтін сезімнің құшағында тербеліп, аққудайын сылаң қаққан кезімде өзімнен басқа ешкімді көзім көрмеген болуы керек. Өмірдің өкпек желіне бетімді тосқан сайын бар кінәні өзімнен іздеуге тырысамын. Әркім өз өміріне жауапты. Ата-анам, бауырларым мен туыс-туғандардың өмір сүру дағдысы, тіпті, араласатын орталарына дейін басқа. Олай дейтін себебім, мен жұрт сияқты еркіндікте өмір сүріп жатқан жоқпын. Қолыма кісен салынғалы бірталай жыл. Кісен дейтіндей кәдімгі кісен емес. Келін, жар, ана болғалы ішкен бір кесе шайым бойға дұрыс сіңбегесін айтып-айтпай не керек. Әйтеуір, сыртым бүтін, ішім түтін. Қыздың қырық жаны бар. Бәріне де шыдап, көнуге тура келді.

Мен ол кезде уыздай жас едім. Жасым жиырмада болатын. Жүзіктің көзінен өткендей тым көріктімін дей алмаймын. Бірақ тартымдылықтан құр алақан емеспін. Бастысы, қазақ қызына тән инабатты, ибалы, әдепті, кішіпейіл қасиеттерді әлі күнге дейін жадымнан шығарған емеспін. Көзі күлімдеген, ақ дидарлы қызға көрші ауылдағы жігіттің бірі сырттай ғашық болса керек, жаздың мамыражай күнінде мен бір әулеттің босағасын аттап, келін атандым. Шыны керек, өзім де ол жігіттен кетәрі болған емеспін. Менің махаббат дейтін ұлы сезімнің жетегінде кеткенім рас. Жасы үлкен жігітке тұрмысқа шыққанымда көңілімде қорқу мен қобалжу, үрей мен күдік болған жоқ. Тағдырым әу баста осылай болатыны тасқа қашалып жазылып қойғандай.

Отбасын құрған алғашқы жылдары күйеуімнің қызғаншақ мінезіне көп мән бермейтінмін. Мені біреуден қызғанса, соншалықты қатты жақсы көргені ғой деп ойлайтынмын. Әрі оған мәз болатынмын. Қызғаншақтық – ауру екенін кім біліпті. Бірақ ешқандай себеп жоғын білсем де, оған “қой, мұның ұят, сабырға кел деп” айтқан емеспін. Бұл – сол кезде жіберген қателіктерімнің бірі. Мүмкін, қой деп айтпаған соң, адалдығыма сенбеген шығар. Қош, не ойласа да еркі өзінде. Өмірге тұңғышымды әкелген соң, бәрі орнына келіп, мінезі түзелер деген оймен жүрдім. Арамызда бала болса, өткен істер ұмытылып, бір-бірімізге кешіріммен қарайтын кез ертең-ақ келеді десем, үмітпен өткізген күндерім көз алдымда. Қазір сол кездегі жағдайымды қағазға түсіру оңай емес, өйткені, өмірім азапқа тең еді. Мазасыз күндер, ұйқысыз түндерде көзім жасқа толып бір Алладан жәрдем сұрадым.

Тұңғышымыздан кейін қызымыз дүниеге келді. Қызым туғанда менің балам емес деп нақақтан-нақақ жала жапты. Қазір сол қызымның бетіне қалай қарайды екен? Сондағы айтқан сөздері есінде ме? Алла мен адамның алдында менің адалдығыма еш күмән жоғын айтып түсіндірсем де, қызғаншақ деген ауруға бұл тосқауыл бола алмады. Оған да амалсыз көнуге тура келді. Үйден екі қадам аттап тысқа шығу жоқ. Біз ол кезде ауылда тұратын едік. Дүкенге шықсам, қасыма ұлымды не болмаса қызымды ертіп жіберетін. Өзі жол жүріп кетсе, үйге келген соң әңгіртаяқ ойнататын. Қол көтерген кездер де болды. Бастапқы кезде әке-шешеме барып, біраз мұңымды шағатын едім. Бір-екі апта үйде болған соң, келіп жалынып, енді мұндай іске бармайтынын айтып, кешірім сұрайтын. Ата-анам қанша ашуға булығып, онымен бірталай сөзге келсе де, райларынан қайтып, сабырға шақыратын. Менің бақытсыздығым олардың арқасына аяздай батқанын жақсы білемін. Амалсыздан отбасыма оралуға мәжбүр едім. Өйткені, арада бала бар. Отбасымды сақтап, артыма қарайлаумен болдым. Ертеңгі күніме, екі баламның тағдырына алаңдадым. Әкенің жоқтығынан жасқаншақ, жасық болып өссе қайтемін. Көңілде сол уақытта қорқыныш басым еді. Ажырасып кетсек те, маған күн көрсетпейтінін білдім. Алдымен өзімді емес, екі құлыншағымды ойладым. Шындығын айтсам, оларға дұрыс тәрбие бере алмай қаламын ба деп қорықтым. Бүгінгідей алмағайып заманда оларды өсіріп, өндіру де оңайға соқпасы анық қой. Барынша адал жар, ибалы келін болуға тырыстым. Үйді де, балашағамның үстін де мұнтаздай ұстап, ауылдағы “пысық келіннің” бірі атандым. Таңның атысы, күннің батысы шаруадан еш қол босамады. Тіпті, көрші ауылда тұратын ата-анама да айлап, кейде жылдап бара алмадым.

Ұрыс-керіс болған үйден береке де кетеді. Берекесі кеткен отбасында мәнді тіршілік болмайтыны айдан анық. Қашанғы ата-анама барып назымды айтамын. Қайта-қайта үйге барсам, қадірім қашпай ма? Осылай жүргенде уақыттың да бірталайы өткенін байқамай қалдым. Кейін дүниеге үшінші перзентімді әкелдім. Бүгінде бақытсыз жар болсам да, екі ұл мен бір қыздың сүйікті анасымын. Оған да тәубе. Біреулер перзент сүюге зар. Сондықтан үш баламды бар байлыққа теңеймін. Ана үшін бұдан артық бақыт жоқ. Ендігі арманым – балаларымның ержетіп, өмірде өз орындарын табуы. Бүгінде ұлдың үлкені он бірінші сыныпта оқиды. Құдай көптік етпесе, тым құрығанда ұлымның үйлену тойын көрсем деймін. Өйткені, соңғы кездері денсаулығым сыр беруде. Жылдар бойы көрген ұрыс-керістің салдарынан жүрек ұстамасы пайда болды. Ендігісі бір Алланың қолында. “Арпа ішінде бір бидай” демекші, екі ұлдың ортасындағы жалғыз қызымның тағдыры да мені қатты алаңдатады. Қарлығаш ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілмей ме. Әкесінің ерсі қылықтарын көріп өскен балаларым да ертеңгі күні өз отбасыларын құрады. Сонда біздің тарапымыздан жіберген қателіктерге бой алдырмаса етті. Әрбір ата-ана баласын аялап, әлпештеп өсіреді. Қазақтың әрбір ұл-қызы бақытты болуға лайық. Өйткені, адам өмірге жылап келсе де, бақытты болу үшін өмір сүреді. Сондықтан қыздарымыз барған жерлерінде жыламай жүрулері тиіс.

Соңғы бірер жылда жұбайлық өмір мені, тіпті, күйзеліске түсірді. Ауылдан қалаға көшкенімізде жұмыс таппай біраз қиналдым. Мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болса да, екі қолға бір күрек табу мен үшін мұңға айналды. Жұмыс сұрай барған жерлерім еңбек өтілімнің жоғына сенбейді. Тұрмыс құрғалы мен сыртта жұмыс істеп көрген емеспін. Оның бір себебі – әлгі дерт. Тіпті, той-томалақ, өлім-жітім болса да, ол мені жұрт көзінен қызғанатын. Әсіресе, ер-азаматтар халімді сұрап, жағдайымды білсе, тіпті, маған қараса да, сол күні қасірет оты қайта лаулап жанғанмен бірдей. Сүйектен өтетін сөздерімен жаншып, боғауызды жаудырып, жұдырықтың астына алатынын несіне жасырайын. Мұндай қорлық көру үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ. Бәріне шыдадым. Түн артында күн барына сендім. Сенім маған күш беріп, алға жетеледі.

Қалаға көшіп келгенімізді жоғарыда айттым. Оған да көп уақыт бола қойған жоқ. Қалада тұрған соң қалтаңда көк тиының болмаса, өмір сүру қиын. Амалдың жоқтығынан бастапқыда балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Балалармен жұмыс істеу жеңіл болмады. Жұмысты іліп әкеттім. Оны көрген балабақша меңгерушісі мені тәрбиеші қызметіне ауыстырды. Сөйтіп, бұл жұмысты да жан-тәніммен беріле істедім. Бастысы, маған артылған сенімді ақтауға тырыстым. Жұмыстан кешігу жоқ. Үйге бес минутқа кешіксем, тағы да сол баяғы ұрыс-керіс. Адамның ақылына келмейтін уәжді айтып, ар-намысқа тиетін сөздермен түйреуді ол тоқтатқан жоқ. Тіпті, кейде үйдің маңында зуылдап тынбай жүретін машиналарға соғылып, өлгім келген кездер де болды. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан психологиялық жапа шектім. Күлкіге сараң, мұңға жомарт қысталаң шақтарда ішкі жан дүниеммен бір өзім арпалыстым.

Кімге барып мұңымды шағамын? Қарап отырсам менімен сырласатын жақын құрбы да жоқ екен. Бауырларымның өздері балалы-шағалы. Барлығының қым-қуыт шаруасы бар. Қазір біреуге-біреу қарайтын заман емес. Менің мәселемді жақсы білгенмен, оларда да еш дәрмен жоқ. Біреудің отбасының ішкі мәселесіне араласқылары келмейді.

Қалаға қоныс аударған соң, ол күзетші болып жұмысқа тұрды. Екеуіміздің алатынымыз өте аз. Балалардың киімі мен пәтерақысы, жүріп-тұруды есептесеңіз жалақымыз жан бағуға да жетпейтін болған соң, шағын асхана ашуыма тура келді. Құдайға шүкір, бүгінде біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Ақша бірде бар, бірде жоқ дегендей, әйтеуір, тиыннан теңге құрап, табыс кілтін таптым. Қасымда бір-екі көмекшіммен асханада түрлі дәмділер дайындап, келушілердің көңілінен шығуға тырысудамыз. Сұранысқа сай жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Берекелі іс тындырып, өзімнің жолымды таптым десем, артық айтқаным емес.

Күйеуім сол баяғы жұмысында. Ауру қалса да, әдет қалмайды екен. Оған анық көз жеткіздім. Ол бұрынғы дағдысынан жаңылған жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Дегенмен, соңғы кездері мен де үндемей қалмайтынды шығардым. Мылқауға да тіл бітті. Жылдар бойы жиналған ашу енді шығып жатқандай.

Құдай қосқан қосағыма ешқандай кек сақтамаймын. Бұл – менің тағдырым. Сондықтан осы жазбамды оқып отырған қыз-келіншектер болса, бақытқа ертелі-кеш қол жеткізуге болатынын айтқым келеді. Толыққанды бақыттымын дей алмаймын. Бірақ бұрынғы күніме қарағанда бүгінгіме шүкіршілік. Жан сезімнің кішкентай күміс қоңырауы қайта қағылып, жақұттай жарқыраған сәуле өшкен үмітті қайта жаққандай. Бәлкім, менің орнымда басқа біреу болса, қолын сілтеп, кетіп қалар ма еді. Ол да дұрыс шығар. Жиырма жылға жуық уақытты азаппен өткізгенше, басқаша өмір сүрген де жөн болар. Отбасым аман, балаларым жанымда. Маған одан артық не керек? Қазақтың: “Бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп үйлен”, – деуінде де үлкен даналық жатыр. Сондықтан өзімнен кейінгі сіңлілеріме, бойжеткендерге айтарым, асығыс шешім шығарудың қажеті жоқ. Түбінде бір жақсылықтың болары анық. Егер болмашы қиындықтарға мойынсынбай, үйден кетіп қалсақ, ертеңгі ұрпақты кім тәрбиелейді. Әке-шешесіз өскен баланың болашағы бұлыңғыр болмай ма? Өзімізді ғана емес, бауыр етіміз балаларымызды ойлап, олардың бойында ұлтжанды, қазақы тәрбие қалыптастыру – біздің міндет. Ал бақыттың кілті өз қолымызда.

Дайындаған

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Сара 2017-11-15 05:59
"Қызғаныш" атты мақаланы оқып, жүрегім ауырды. Қандай қыз болсын бақытты болуға лайық. Қызғаншақтық емделмейтін ауру. Сондықтан "мүмкін бәрі жақсы болар"деген ойдың түбіне бірден балта шабу керек сияқты. Олай болмаған күнде "аурудың" асқынып кетуі әбден мүмкін. Отбасылық өмірінің жиырма жылға жақын уақытын азаппен өткізген автордың шыдамдылығына қайран қалдым. Әрине, әркімнің тағдыры өз қолында. Бірақ осының бәрін күйеуі түсініп, оны әйел, балаларының анасы ретінде бағаламаса осындай тәуекелге барудың қажеті қанша?!.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.