АЗАМАТ АЖАРЫ

“Ауыл – ат байлар алтын қазық” деген қанатты сөз бар. Расында ауыл – біздің қастерлі атақонысымыз, алтын тамырымыз. Ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай болып қала береді де. Тәуелсіздікпен бірге ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдары қолға алынып, шынайы қамқорлықты сезінген ауыл еңбеккерлері жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Александровка ауылының азаматтары да егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, берекелі өнім жинай білген, төрт түлігін түлетіп, дастарқаны ақтан арылмаған жергілікті тұрғындардың атакәсібімізді өркендетуге қосып жатқан үлесі мол. Ал олардың басын қосып, бірлігін нығайтып отырған азамат – “Александровское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Вячеслав Чернышов.

Еңбек жолын 1985 жылы “Александровский” кеңшарында экономист болып бастаған ол 1996 жылы осы шаруашылықтың негізінде серіктестік құрды. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, өзінің мол тәжірибесін қолдана білген Вячеслав Павлович бүгінде жерді тиімді пайдаланып, мол өнім алу, мал басын көбейтіп, өрісін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Оның бұл мақсаты да нақты міндеттерден туындаған. Бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығын әртараптандыру саясаты жүргізіліп жатқаны белгілі. Саладағы оң нәтижелер өңір халқы тұтынатын азық-түліктің мол қорын дайындауға, халықты жұмыспен қамтуға септеседі.

Аграрлы өңір үшін жерге сіңірген әр дәннен сапалы және сұранысқа ие өнім алу маңызды. Егін шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін Вячеслав Чернышов серіктестік алқабына бидайдың жаңа сұрыбын егіп жүр. Ал үстіміздегі жылы күнбағыс, рапс және соя өсіруді қолға алды.

Соңғы жылдары туған жерін түлетуді көздеген азаматтар жаппай атакәсіпті дамытуға ден қойды. Бұған мемлекет те барынша қолдау танытып отыр. Вячеслав Чернышов “Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы аясында мал шаруашылығын қолға алды. Қазір шаруашылықтың өрісінде 590 ірі қара бар. Соның үш жүзі – сауын сиыр.

– Малдың өнімділігін арттыру үшін асылтұқымды бұқа сатып алып жүрміз. Жуырда қазақтың ақ бас тұқымының бұқасын әкелдік, – дейді Вячеслав Павлович.

Ол Александровское елді мекенінің әлеуметтік мәселелерін шешуге араласып, шағын және орта бизнесті дамытуға, кадрларды оқытуға, қайта даярлауға атсалысып келеді. Өз ұжымын және ауыл тұрғындарын қамқорлығына алған кәсіпкердің игі істері көпке үлгі боларлықтай. Әсіресе, тұрғындардың тұрмысын жақсартуда, ауылдың әлеуетін көтеруде қалыс қалған жері жоқ. Мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру, спортты дамыту, ардагерлерді қолдау, мерекелік іс-шараларды өткізу, жолдарды жөндеу және оны күтіп ұстауды мойнына алған. Мәселен, серіктестік үш километрден астам жолды жөндеп, Александровское ауылы жолдарының жартысына асфальт төседі. Ауылды көркейтуге белсене араласып, су тарату мұнарасын жөндеп, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етті. Сонымен қатар фельдшерлік-амбулаторлық пунктің материалдық жарақтандырылуын да назардан тыс қалдырмады. Мәселен, Александровское ауылындағы медициналық пунктке 708 мың теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш. Себебі, басы ауырып, балтыры сыздаса алғашқы медициналық көмек алар жері сол. Биыл Александровское, Қарағанды және Таман орта мектептерін жөндеуге демеушілік көмек көрсету үшін 25 млн. теңге жұмсады. Осы қаржының арқасында Александровское орта мектебінің спорт залына жаңа оқу жылында 600 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жақсы адамның игі істерін айтудан тартынбау қажет. Аудан тұрғындарына парасат-пайымы мол азамат ретінде танылған Вячеслав Чернышов “Мектепке жол” акциясы, Қарттар күні, Жеңіс күнін атап өту кезіндегі қайырымдылық істерге белсене қатысады, әрі оның облыстық балалар үйінің демеушісі екенін көпшілік біле бермейді. Оң қолың бергенді сол қолың білмесін деген қағидаға берік ол істеген істерін жариялауды ұнатпайды.

Жергілікті жердегі кәсіпкерлік саласының кең қанат жаюына зор үлес қосып, өзге де игі іс-шаралардың басы-қасында жүрген ізгі жан елдің қалауымен аудандық мәслихатқа екі мәрте депутат болып сайланды. Бүгінде осы міндетті абыроймен атқарып жүрген Вячеслав Павлович – мәслихат жанындағы экономика, экология, бюджет, салық және қаржы салалары мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындауға тырысқан халық қалаулысы ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына бағытталған жаңа бағдарламалар мен ұсыныстар әзірлеп, оны жүзеге асыруда көш басында жүреді.

Іскерлігімен, жауапкершілігімен, ең бастысы, азаматтық қасиеттерімен жерлестерінің құрметіне бөленген оның қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Вячеслав Павлович әр жылдары түрлі мерейтойлық медальдармен марапатталды. Адам өз еңбегінен ләззат алғанда ғана бақытты. Ал бақытты адам өзгелерге де жақсылық жасауға құштар. Алақандай ауылдың ажарын келтірген азаматқа қарата айтылған бұл сөздердің артық-кемі жоқ. “Мың естігеннен бір көрген артық” демекші, жолыңыз түссе, бұл ауылға ат басын бұрыңыз.

Төлеген ӘБІЛМӘЖІНОВ,

Мағжан Жұмабаев аудандық

мәслихатының хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.